Accessibility links

Путин мен Ердоғанның ұқсастығы


Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған. Анкара, 1 желтоқсан 2014 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған. Анкара, 1 желтоқсан 2014 жыл.

Бұл екеуі де 60-тан жаңа асқан саясаткерлер. Оның үстіне олар Еуропаның шығысындағы ірі державаларды басқарады. Ресей президенті Владимир Путин мен Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоғанның ұқсастығы бұл ғана емес.

Желтоқсанның 1-і күні ресми сапармен Анкараға барған Ресей президенті Владимир Путин Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоғанмен кездесіп, сыртқы саясат, энергетика мәселелерін және құны 100 миллиард доллар болатын сауда келісімінің жай-жапсарын талқылады.

"Путинмен бірге дзюдо үйренейік" видеодәрісінің мұқабасы.
"Путинмен бірге дзюдо үйренейік" видеодәрісінің мұқабасы.

Екі елдің сыртқы саясаттарының кейбір тұстары бір-біріне қайшы келеді. Путин Сириядағы көтерілісшілермен соғысып жатқан Башар Ассад билігін жалғыз өзі қолдап отыр, ал Украинаға қатысты Ердоғанның көзқарасы бөлек. Ол Ресей аннексиялап алған Қырымдағы татарлар тағдырына алаңдайтынын жасырмай айтқан. Мұндай алшақтықтарды есептемегенде 62 жастағы Путин мен 60-қа толған Ердоған арасында ұқсастықтар жетерлік.

ЕКЕУІ ДЕ СПОРТПЕН АЙНАЛЫСАДЫ

Екі саясаткер де кедей отбасында туған, жастайынан спортпен айналысқан. Путин соғыстан титықтаған Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербург – ред.) коммуналдық пәтерде өсті. Өзінің айтуынша, ол бала кезінде баспалдақта өріп жүретін тышқандарды аңдып ойнаған. Жасөспірім кезінен самбо мен дзюдоға қатысқан ол кейін қара белбеу алған. «Путинмен бірге дзюдо үйренейік» деген видеодәріс те шықты.

Ал Ердоған Стамбұлдың кедейлер тұратын Касимпаша ауданында туып-өскен, бала күнінен лимонад пен күнжіт нанын сатып, нәпақасын айырған. Кейбір ақпараттарға қарағанда ол әлі күнге осы аудандағы шаштаразға келіп тұрады. Ердоған 13 жыл бойы Касимпаша футбол командасының құрамында футбол ойнады. Жақында өткен президент сайлауы додасы кезінде бабында екенін дәлелдеп, үш бірдей гол соғып, хэт-трик жасады.

БИЛІКТЕ ҰЗАҚ ОТЫРҒАН САЯСАТКЕРЛЕР

Екеуі де «Біз - ұлы ұлтпыз» деген ұранмен, Батысты жазғыру жолымен саяси карьера жасады әрі конституцияға өзгерістер енгізіп, премьерліктен президенттікке ауысу арқылы саяси ғұмырларын ұзартуға машықтанды, сол арқылы биліктегі ықпалдарын сақтап келеді.

Қос президент те билікті ұзақ уақыт ұстап келеді: Путиннің ел басқарғанына - 15 жыл, Ердоған билікте 11 жыл отыр. Екеуі де саяси даралану саясатын жүргізеді. Екі саясаткер де «Батыс демократия принциптерін желеу етіп, Сирия мен Украинадағы жағдайды асқындырып отыр» деп санайды.

Ердоған басқаратын «Әділет және даму» партиясы зайырлы Түркияда исламдық басқару дәстүрін енгізуге тырысып жатыр, оның үстіне, үкімет Еуропа Одағына кіру жоспарын өзгертіп, енді Пекин мен Мәскеудің бастауындағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына қосылуға ниет білдіріп отыр.

Ал Украинада Ресейдің «мүддесін» қорғап, НАТО-ның шабуылын «тойтарған» Путин «қырғиқабақ соғысты қайта бастады» деп Батысты айыптайды. Екі басшы да өз ықпалын арттыру үшін дінді құрал ретінде пайдаланады. Ердоған исламға сүйенсе, Путин орыс православиесінен қолдау тапты.

ЗӘУЛІМ САРАЙ ИЕЛЕРІ

Екеуінің де зәулім сарайы бар. Ердоғанның Осман империясын еске түсіретін, жақында салынған Ақ сарайы ерекше сән-салтанатымен көз тартады. Анкарадағы саябақтың 150 мың шаршы метр ауданында орналасқан бұл сарайдың мыңға жуық бөлмесіндегі еденге түгелдей мәрмәр төселген. Аса күрделі қауіпсіздік жүйесі орнатылған Ақ сарайды тұрғызуға 615 миллион АҚШ доллары жұмсалды деген дерек бар. Ердоғанды қолдаушылар бұл сарай елдің дамығанын паш етеді, Түркияны жаңа заманға бастап бара жатқан тұлғаны (Ердоғанды – ред.) дәріптейді деп санайды.

615 миллион АҚШ доллары жұмсалды деген Түркия президентінің сарайы.
615 миллион АҚШ доллары жұмсалды деген Түркия президентінің сарайы.

Ердоғанның сарайы қоғамдық меншік болса, Путин Қара теңіз жағалауында жұрт көзінен жасырып, құны 1 миллиард доллар болатын, сән-салтанаты келіскен зәулім үй тұрғызды деген ақпарат бар. Санкт-Петербургтегі Қысқы сарай үлгісінде, Барокко стилімен табиғаты тамаша жерге салынған бұл ғимаратта ойынхана, жүзу бассейні және тікұшақ қонатын бірнеше алаңқай бар. Кремль «бұл сарайдың Путинге еш қатысы жоқ» деумен келеді, ал тамыз айында ғимараттың бас сәулетшісі италиялық Ланфранко Чирилло Ресей азаматтығын алды.

ЕКЕУІ ДЕ ШЕРУДІ ҚУЫП ТАРАТТЫ

Екеуі де наразылық білдірген азаматтар шеруін күшпен басып тастады. Путин үшінші мерзімге президенттікке сайланған 2011-12 жылдары Ресейде ірі наразылық шерулері өтті. Парламент және президент сайлауы әділетсіз өтті деп Болотный алаңына жиналғандарды күшпен басқан Путин президенттік билікті қайта қолына ала салысымен азаматтық қоғам мен жекеменшік БАҚ өкілдеріне қысымды күшейтті. Болотный алаңынан 400-ден астам адам тұтқындалып, соққыға жығылды. Он шақты адам сотталды, кейбірі әлі үкім күтіп, қамауда жатыр.

2013-14 жылдары Стамбулдағы Гези саябағын сүріп тастап, оның орнына тұрғын үй кешенін салу жоспарына наразылық білдірген түркиялықтардың шерулері кейіннен Ердоғанның авторитарлық басқару саясатына, зайырлылық принциптерінің бұзылуына қарсы бас көтеру жиындарына ұласты. Кей шерулерге үш миллионға дейін адам қатысты. Ердоған жас ағызатын газ, су шашатын көліктерді пайдалану арқылы жұртты күшпен таратты. Оннан астам адам қаза тапты, 5 мың 500-дей кісіге қылмыстық іс қозғалды.

Полициямен қақтығыстан кейін жағдайы нашарлаған шеруші. Түркия, Стамбул, Гези паркі, 2013 жылдың шілдесі.
Полициямен қақтығыстан кейін жағдайы нашарлаған шеруші. Түркия, Стамбул, Гези паркі, 2013 жылдың шілдесі.

Екі елде де саяси оппозицияның үні өшірілді. Путин қазір төртінші мерзімге президенттік сайлауға түсейін деп жатыр, ал Ердоған тамыз айында ел тарихындағы тұңғыш жалпыұлттық сайлауда жеңіске жетті.

ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІКТІ ЖАҚТЫРМАЙДЫ

Екеуі де гендерлік теңдік идеясын құптамайды. Өткен аптада сөйлеген бір сөзінде Ердоған «ана болу – әйел адамның исламда көрсетілген басты міндеті» деп мәлімдеп, «гендерлік теңдіктің табиғат заңдарына қайшы келетінін» ескертті. Біраз жұрттың наразылығын туғызатын мұндай консервативтік діни көзқарастарын Түркия президенті бұрын да ашық айтатын. Мұның алдындағы бір сөзінде Ердоған «түрік әйелдерінің әрқайсысында кемінде үш бала болуы керек» деген пікір айтып, аборт жасатып, бала тууды шектеуге болмайтынын мәлімдеген еді.

Ал Путин Германия канцлері Меркельмен жақында болған кездесуден соң тұрпайылау анекдот айтып, әйелдердің шамына тиді. ЕО-ның валюта жүйесіне қатысты пікір білдірген Путин «Неке түнінде қандай әрекет жасасаң да, нәтижесі біреу ғана» деген қалжың айтқан еді.

АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонның өзін Гитлерге теңеген пікіріне қарымта жауап айтқан Путин кекесінмен: «Әйелдермен салғыласпаған дұрыс» деген еді. Ол осы сөзімен «әйелдердің әлсіз болғаны дұрыс» деген емеурін білдірген. Зайыбымен ажырасқан Путин бір сөзінде: «Людмиламен [Путиннің бұрынғы зайыбы – ред.] құрығанда екі апта тұрған адамға ескерткіш қою керек» деген болатын.

(Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

XS
SM
MD
LG