"Ислам мемлекеті" ультра-радикал содырлар ұйымының Ирактың солтүстігінде "осы ұйымның туын өртегені үшін" 170-ке жуық ер адамды қамауға алғаны хабарланды.
Ирак қауіпсіздік қызметі офицерінің AP агенттігіне 3 қаңтар күні хабарлауынша, ИМ бұл адамдарды Киркук провинциясындағы Әл-Шаджара және Ғариб ауылдарынан ұстап әкеткен. "Осы аймақта ИМ-нің екі туын өртепті" деген сөз тараған. 170-ке жуық адамды ИМ содырлары 30 көлікке тиеп Хауиджа қаласына апарған.
ИМ былтырғы маусымнан бері жаулап алған Ирак пен Сириядағы ауқымды аймақта өздеріне қарсы әрекеттерді тыю үшін бұған дейін де жергілікті тұрғындарды топ-тобымен жазалап келген. Қыркүйек айында ИМ-нің бекінісі мен туын бүлдірді деген айыппен Киркукта 50 адам ұсталған болатын.
Бұл ұйым Ирак пен Сирияда мыңдаған адамдарды өздерінің түсінігіндегі шариғат заңдары бойынша атып өлтірген.