Accessibility links

"Ресейдің осал екенін түсінді". Орталық Азия елдері интеграция процесін бастай ала ма?


Солдан оңға қарай: Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Қызыл алаңда өткен Жеңіс парадында. Мәскеу, Ресей, 24 маусым 2020 жыл.
Солдан оңға қарай: Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Қызыл алаңда өткен Жеңіс парадында. Мәскеу, Ресей, 24 маусым 2020 жыл.

20-21 шілдеде Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында Орталық Азия елдері басшыларының төртінші консультативтік кездесуі өтеді. Ресей Украинаға басып кірген соң алғаш рет өтетін Орталық Азия басшылары жиынында соғыс пен оның салдары талқылана ма? Мәскеу басқыншылығынан кейін Ресейдің одақтастары одан алшақтап жатыр ма? Ресейдің аймақтағы ықпалы төмендеп келе ме? Орталық Азия елдері мұндай жағдайда ынтымақтасып, интеграция процесін бастай ала ма? Азаттық бұл туралы АҚШ-тағы Питтсбург университеті нарық және басқару орталығының жетекшісі, Орталық Еуразия зерттеулер қауымдастығының президенті Дженнифер Брик Муртазашвилимен сөйлесті.

"РЕСЕЙДІҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЫҚПАЛЫ ТӨМЕНДЕП ЖАТЫР"

Азаттық: Бес мемлекеттің басшылары кездесуде Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа қол қоймақ. Бұл құжат аймақтағы интеграцияға жол аша ма? Аймақ елдері басқа сыртқы ойыншының қатысуынсыз интеграция процесін бастай ала ма?

Дженнифер Брик Муртазашвили.
Дженнифер Брик Муртазашвили.

Дженнифер Брик Муртазашвили: Төңіректе не болып жатқанын ескерсек, бұл – Орталық Азия үшін өте маңызды кезең. Аймақ басшылары бірігіп жұмыс істесе, егемендігі мен тәуелсіздігін жақсырақ қорғай алатынын жақсы түсінеді деп ойлаймын. Меніңше, "интеграция" терминінен гөрі аймақтағы ынтымақтастық сөзін қолданған дұрыс. Себебі аймақта қандай да бір интеграция туралы айту ерте. Өйткені кей елдердің арасында қайшылық, шешімін таппаған мәселелер бар. Мысалы, Қырғызстан мен Тәжікстанның арасында шекара дауы бар. Қазір аймақта ынтымақтастыққа ұмтылған қадамдарды көріп отырмыз. Сондықтан үшінші тарапқа тәуелді болмай, ынтымақтастыққа жол ашатын аймақ деңгейіндегі орган құрылуы мүмкін.

Азаттық: Бұл − аймақ басшыларының осымен төртінші мәрте өтетін консультативтік кездесуі. Бірақ осы күнге дейін мұндай кездесулерден кейін аймақта интеграция белгілерін байқамадық. Интеграцияға не кедергі?

Дженнифер Брик Муртазашвили: Бұған нақты кедергілер бар. Бұл елдер бір-бірімен жұмыс істеуге талпынған уақытта өздерінің ішкі егемендігін айқындауға тырысып жатыр. Әлбетте, сыртқы фактор мен Ресей, АҚШ, тіпті Қытай арасында баланс сақтау да әсер етті. Меніңше, Орталық Азия елдері бірігіп жұмыс істесе, Ресей, АҚШ немесе Қытайға қарсы үлкен күшке ие екенін түсінді. Бірақ АҚШ былтыр тамызда [Ауғанстаннан] кеткелі аймақтағы маңызды ойыншы емес. Ал кездесуге келсек, одан түк шықпаған күннің өзінде бұл маңызды қадам. Бұл − конфликтілердің алдын алу, бітістіру, бес ел басшыларының бір бөлмеде отырып проблемаларды талқылауы үшін маңызды механизм. Түрікменстан мұндай құжатқа бірінші мәрте қол қойғалы жатқандықтан, бұл елдің кездесуге қатысуы айтарлықтай маңызды.

Солдан оңға қарай: Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Ресей президенті Владимир Путин, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. Санкт-Петербург, Ресей, 28 желтоқсан 2021 жыл.
Солдан оңға қарай: Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Ресей президенті Владимир Путин, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. Санкт-Петербург, Ресей, 28 желтоқсан 2021 жыл.

Азаттық: Кей сарапшылар Украинаға басып кірген соң Ресей экономикасы санкциялардың салдарынан дағдарысқа тап болды, сол себепті Мәскеудің Орталық Азиядағы ықпалы төмендеп жатыр деп санайды. Бұл пікірмен келісесіз бе?

Дженнифер Брик Муртазашвили: Иә, Ресейің аймақтағы ықпалы төмендеп жатыр деген пікірмен келісемін. Бірақ, меніңше, көптеген сарапшылар топшылаған себептен емес. Украинадағы соғыс моральдық жағынан алғанда Ресеймен серіктес болу қиын екенін көрсетті. Қазақстан Ресейдің Украинадағы әрекетін және оны қалай ақтағанын көрді. Путиннің Украинаға басып кіргенін ақтауын Қазақстанға да қолдануға болады. Сол себепті елдер өздерін осал сезінеді.

Бұдан басқа да мәселе бар. Ресейдің әскери іс-қимылы өте әлсіз, болбыр болып шықты. Көпшілік Ресей Украинада жеңіске тез жетеді деп ойлаған сияқты. Алайда олай болмай шықты. Орталық Азиядағы көптеген ел Ресейге қауіпсіздік кепілі, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы аясында қауіпсіздікті қамтамасыз ете алады деп қарады. Тәжікстанның Ауғанстанмен шекарасына Ресей мыңдаған сарбазын қойды. Бұл аймақты лаңкестердің басып кіруінен қорғайды делінді. Бірақ қазір, меніңше, көптеген ел Ресей Украинада сонша проблемаға тап болса, алыста жатқан Орталық Азияны қалай қорғай алады деп жатыр. Сол себепті көптеген ел "Ресей бізге қажет пе?", "Ресей өз уәдесін орындай ала ма?" деген прагматикалық сұрақтар қоя бастады. Өз басым Ресей айтқанын іске асыра алатынына сенімді емеспін.

Енді бұған Ресей экономикасының құлдырауы қосылды. Ресей − аймақтағы көптеген ел үшін маңызды экономикалық ойыншы. Аймақтағы көптеген ел Ресейде жұмыс істейтін еңбек мигранттары аударатын ақшаға тәуелді болды. Дегенмен Ресей экономикасының құлдырауы бұл елдерге экономикалық өсім көздерін әртараптандыруға мүмкіндік береді. Бұған дейін COVID осындай мүмкіндікке жол ашады деп топшыладық. Меніңше, Ресейдің қазіргі ахуалы, оған қарсы санкциялар ол елге сенім арту қатерлі екенін айқындады.

Азаттық: Ресейдің аймақтағы ықпалы төмендеп жатыр дедіңіз. Олай болса бұл аймақта басқа ойыншыларға мүмкіндік аша ма? Мысалы, Қытай немесе АҚШ-тың ықпалы күшейе ме?

Дженнифер Брик Муртазашвили: Иә, бұл басқа ойыншыларға жол ашады. Бұл Қытайға немесе АҚШ пен Еуропаға мүмкіндік береді. Дегенмен АҚШ аймақтан жақында кеткенін естен шығармайық. Меніңше, ең бастысы, бұл − Орталық Азияның өзі үшін сыртқы саясатты бақылауға алудың мүмкіндігі. Қазіргі шақ аймақ үшін маңызды. Аймақта сыртқы саясатта түрлі бастамалар көтеріліп жатыр. Орталық Азия елдері жаңа сауда жолдарын іздеп, Оңтүстік Азияға бет бұра бастағанын көріп отырмыз. Белгілі бір дәрежеде Үндістанға бағыт алу байқалады. Сонымен қатар Иран мен Түркияның Орталық Азиямен қарым-қатынасын жаңартуға ұмтылып жатқанын көруге болады. Орталық Азия үшін бір ірі сыртқы күшке тәуелді болмай, көптеген ойыншылармен қарым-қатынасты дамытып, оларды өз мүддесіне қарай баланстауы маңызды деп есептеймін.

"ҚАЗАҚСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАН РЕСЕЙДЕН АЛШАҚТАП ЖАТЫР"

Азаттық: Кейбір Батыс сарапшылары Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Орталық Азия елдері Мәскеуден алшақтап жатыр деп есептейді. Бұл туралы не дейсіз?

Дженнифер Брик Муртазашвили: Ресеймен экономикалық қарым-қатынас терең болғандықтан аймақ елдерінің қысқа мерзімде Мәскеуден алыстауы қиын деп ойлаймын. Алайда Орталық Азияға Ресей ірі инвестиция құйса, таңғалмаймын. Бірақ ол инвестициялардың болашағы қандай болатынын білмеймін. Мысалы, көп жыл бойы сыртқа жабық болған Өзбекстанда билік басына [Шавкат] Мирзияев келген соң елдің экономикасы сыртқа ашық бола бастады, Ресей инвестициялары келді. Сондай инвестициялардың бірі – "Росатомның" Ташкент түбінде үлкен атом электр станциясын салу жобасы. Ресей экономикасы қиын жағдайға қалғанда бұл жоба қандай күй кешіп жатқаны қызық. Еуразия экономика одағының мәртебесі қандай? Алдағы айларда немесе жақын жылдары Еуразия экономика одағы айтарлықтай әлсіресе таңғалмаймын. Орталық Азия елдерінің Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына қатысуы туралы да тура осыны айтар едім.

Азаттық: Кей сарапшылар Ресей Украинаға басып кіргелі Мәскеу мен Нұр-Сұлтанның қарым-қатынасы нашарлады деп есептейді. Ал сіз Мәскеу мен Нұр-Сұлтанның арасында шиеленісті байқадыңыз ба? Қазақстан Ресейден алшақтап жатыр ма?

Дженнифер Брик Муртазашвили: Иә, бұл расында да маңызды. Бұл ретте Қазақстан президенті [Қасым-Жомарт] Тоқаев Украинаның шығысындағы сепаратистік аймақтарды мойындамайтынын ашық айтты. Дәл осындай мәлімдемені Абдулазиз Камилов Өзбекстан сыртқы істер министрі қызметін атқарғанда айтқан еді. Осылайша екі ел Ресейден алшақтап жатқанын байқауға болады. Бірақ Қазақстан мұны Өзбекстанмен салыстырғанда әлдеқайда агрессивті түрде жасап отыр, себебі Ресеймен үлкен шекарасы бар. Меніңше, Путиннің "Қазақстан мемлекеттілігі болмаған" деген мәлімдемесін есепке алсақ, Қазақстан жетекшілігінің алшақтаудан басқа амалы жоқ. Олар жерінің тұтастығына қатер төнеді деп қауіптенеді. Сол себепті болашақта Қазақстан аймақтық интеграция бойынша бастамалар көтерсе таңғалмаймын.

Орталық Азия елдері басшыларының бірінші консультативтік кездесуі 2019 жылы Нұр-Сұлтанда, екіншісі — сол жылы Ташкентте өткен. 2020 жылы саммит Қырғызстанда өтеді деп жоспарланған, бірақ коронавирус пандемиясына байланысты кейінге қалды. 2021 жылы тамызда (суретте) аймақ басшылары Түркіменстанда (суретте) кездескен.
Орталық Азия елдері басшыларының бірінші консультативтік кездесуі 2019 жылы Нұр-Сұлтанда, екіншісі — сол жылы Ташкентте өткен. 2020 жылы саммит Қырғызстанда өтеді деп жоспарланған, бірақ коронавирус пандемиясына байланысты кейінге қалды. 2021 жылы тамызда (суретте) аймақ басшылары Түркіменстанда (суретте) кездескен.

Азаттық: Ал Ресейден алшақтаудың қандай қатері бар?

Дженнифер Брик Муртазашвили: Бұл ретте қаржы және қауіпсіздік жағынан, Ресей аймақты тұрақсыздандырып жіберуі мүмкін деген қатерлер бар. Әрине, Орталық Азия елдері көршімен жақсы қарым-қатынас ұстанғысы келеді. Аймақтан Ресейге барып жұмыс істейтін еңбек мигранттарының мәселесі тағы бар. Бірақ Орталық Азия мемлекеттері Ресейдің қаншалықты осал екенін түсінді деп есептеймін. Меніңше, бұл елдер көп жыл бойы Ресейге серіктес, совет кезеңінен келе жатқан түсінікпен бақылаушы деп қарады. Бірақ қазір мүлде басқа нәрсе көріп тұрмыз. Еңбек мигранттарына келгенде Ресей Орталық Азияға қатты тәуелді. Орталық Азия да Ресейге тәуелді екені рас. Алайда Ресейге қарсы санкциялар мен жұмыс күшінің тапшы екенін ескерсек, Мәскеу Орталық Азия елдеріне және экономикасын ұстап тұру үшін жұмыс күшіне мұқтаж.

Азаттық: Қазақстан мұнайын тасымалдайтын Каспий құбыр желісі консорциумының жұмысы жыл басынан бері үш мәрте тоқтатылды. Бұл кездейсоқ нәрсе ме әлде Ресейдің қасақана жасаған әрекеті ме? Мұның артында не тұр?

Дженнифер Брик Муртазашвили: Меніңше, бұл кездейсоқтық емес. Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасының шиеленіскенін ескерсек, Ресей мұны әдейі жасады деп есептеймін. Қазақстан билігі мұндай әрекет алдағы айларда, тіпті жылдарда жалғасатынын болжап отыр деп санаймын. Ал бұл Орталық Азия елдері өзге транзит дәліздерін, өзге құбырлар мен Ресейден алшақтайтын өзге дүниелерді белсенді түрде іздей бастайды деген сөз. Аймақтың болашағы қарым-қатынасты әртараптандыруда жатыр.

"ДЕМОКРАТИЯНЫҢ ҚҰЛДЫРАУЫ" ЖӘНЕ БЕЛСЕНДІ ҚОҒАМ

Азаттық: Бұл – Украинадағы соғыс басталғалы бері Орталық Азия басшыларының алғашқы басқосуы. Кездесуде Украинадағы соғыс пен оның аймаққа әсері талқылана ма? Ашық сөз қозғамаса да мұны сахна сыртында, оңашада талқылауы мүмкін бе?

Дженнифер Брик Муртазашвили: Әрине, бұл − аймақ басшылары баса мән беретін мәселе. Олар бас қосқанда бұл мәселені талқыламайды дегенді елестете алмаймын. Бірақ бұл мәселе жабық жағдайда ың-шыңсыз талқыланады. Меніңше, талқылауда оны жанама түрде ғана қозғап өтеді. Алайда олардың бәрі бұл аймаққа қалай әсер ететінін жақсы біледі. Сондықтан аумақ тұтастығының маңыздылығы тәрізді мәлімдемелер айтылса таңғалмаймын.

Азаттық: Бұрын Орталық Азияда Қырғызстан "демократия аралы" саналған. Қазір олай деу қиын. Өзбекстанда конституциялық реформа Мирзияевке сайлауға қайта түсуге мүмкіндік береді. Түрікменстанда билік әкеден балаға ауысты. Тәжікстан да осы сценарийді қолдануы мүмкін. Орталық Азияда "демократияның құлдырауын" көріп тұрсыз ба?

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров (сол жақтан екінші) пен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақтан екінші). Бішкек, Қырғызстан, 26 мамыр 2022 жыл.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров (сол жақтан екінші) пен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақтан екінші). Бішкек, Қырғызстан, 26 мамыр 2022 жыл.

Дженнифер Брик Муртазашвили: Меніңше, Орталық Азияда демократия еш уақытта дамыған емес, сондықтан оның құлдырауын көру қиын. Бұл ретте Қырғызстанды демократияның кей эпизодтарын бастан өткерген ел деп қабылдауға болады. Алайда кері кетуді өткерген өзге елдер тәрізді Қырғызстанда демократия еш уақытта мығым, берік болмаған. Қырғызстанның бұрынғы Конституцияларында белгілі бір проблемалар болды. Бұл тұрақсыздық тудырды. Осының кесірінен қоғам игілігіне жұмыс істейтін жүйе құрылмады. Осылайша аймақта белгілі бір өзгерістерді байқауға болады, бірақ онда бір кезде демократия берік орныққан деу қате болар еді. Сол себепті Түрікменстан мен Тәжікстаннан қандай да бір өзгеріс байқау қиын.

Азаттық: Беделді халықаралық ұйымдар демократия бүкіл Еуразия кеңістігінде құлдырап жатыр деп есептейді. Орталық Азиядағы ахуал осы үрдіске сай келе ме әлде бұл өз алдына бөлек үрдіс пе?

Дженнифер Брик Муртазашвили: Меніңше, демократияның дүниежүзінде кері кетіп, құлдырағанын көріп отырмыз. Бірақ әу бастан демократия мығым болды деген түсініктің жетегінде кетпеген жөн. Ондай жүйелерді құруға көп уақыт керек. Әрі бұл ретте ресми билікке ғана қарау дұрыс емес. Аймақта шын мәнінде азаматтық қоғам мен азаматтық ұйымдардың күшейіп жатқанын байқауға болады. Тіпті Тәжікстан мен Өзбекстан тәрізді үкіметтік емес ұйымдарды тіркеу өте қиын елдерде жұрт интернетте өте белсенді, олар бұрын құра алмаған қауымдастықтарды құрып, оның қатарына адамдарды тартып жатыр. Сондықтан қағаз жүзінде жаңа үкіметтік емес ұйымдардың құрылғанын көрмесеңіз де, көп іс бітіріп жатқан белсенді азаматтық қоғамды байқайсыз. Ал бұл үкіметке әсер етіп, төменнен қысым жасайды. Өзбекстан мен Қазақстандағы оқиғалар осыны айқын аңғартты. Осылайша өте белсенді қоғамның барын көріп отырмыз. Бірақ бұл заңнама немесе басқару жүйесіндегі айтарлықтай өзгерістерге әкелмеді. Дегенмен жұрт өте белсенді болғандықтан аймаққа оптимистік көзқараспен қараймын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG