АЗАТ ЕУРОПА ЖӘНЕ МЕН
Wider Europe (Үлкен Еуропа) ақпарат бюллетенінің оқырмандары Азат Еуропа/Азаттық радиосына басына төнген бұлыңғыр кезеңнен хабардар болар. 15 наурыз күні АҚШ президенті Дональд Трамп Азаттық радиосының жұмысын үйлестіретін Ғаламдық медиа агенттігін (USAGM) қысқартатын жарлыққа қол қойды. Артынша агенттіктің аға кеңесшісі Кэри Лейк Азаттыққа хат жолдап, Конгресс мақұлдаған грант келісімін тоқтатамын деді.
Бірақ біз әлі жұмыс істеп жатырмыз. Радио USAGM-ді де, Кэри Лейкті де осы қадамдары үшін сотқа берді. Ал Еуроодақ радиоға қаржылай қолдау білдіру жөнінде талқы бастады.
Осы жағдайды ескеріп, қалыпты форматты бұзғалы отырмын: Азаттықтың мен үшін маңызы қандай екенін баяндамақпын. Бұрын-соңды бұл туралы жазбағам.
ТЕМІР ШЫМЫЛДЫҚТЫҢ АРҒЫ ЖАҒЫНДА
Әкем 1939 жылы, Польшаның батысындағы Познань қаласында туған. Көп ұзамай бұл қаланы нацистік Германия оккупациялаған.
Әкем Польша әскерінде болғандықтан соғыс тұтқыны ретінде ұсталған, ал әжем нацистік режимге қарсы тұрғаны үшін қамауға алынған. Әкем соғыстың едәуір бөлігін ағасының және швециялық Қызыл Крест ұйымында істейтін медбикенің қамқорлығында өткізген. Бұл байланыс өміріміздің кейінгі кезеңінде маңызды рөл атқарды.
Соғыстан кейін ата-әжем кіші ұлын, яғни менің әкемді алып, Польшаның портты қаласы Гданьскіге жұмыс іздеп барды. Бұл кезде Швецияда Еуропаның ең ірі сауда флоты болатын. Соғыстан әбден титықтаған Польшаның қасында Швеция жағасындағы кемелер жарқырап тұратын. Әкем оларға қатты тамсанған.
Темір шымылдықтың артында қалып қойған көптеген адам секілді менің әкем де Би-би-сидің, Америка дауысының, Азат Еуропаның "үнін" естіп өсті. Сірә, жұрт мұның бәрін тығылып тыңдайтын. Түнгі уақытта транзисторлы радионы құлағына тосатын. Бұл қараңғы кезең еді. Цензура мен басып-жаншуға толы уақыт. Бірақ менің әкем үшін әлгі хабар көздері қазынадай болатын. Олар ақпараттандырып қана қоймай шабыттандыра да білді. Тіпті менің әкемді Батысқа, нақтырақ Швецияға қашуға көндірді.
МҰЗДЫ ТЕҢІЗДЕН ӨТУ
Алғашқы талпынысын 17 жасында жасады. Беті мұз болып қатқан Балтық теңізі арқылы Польшадан Данияның Борнхольм аралына өтпек болды. Сөйтіп одан әрі Швецияға баруды жоспарлаған. Ол уақытта қыс қатты болатын, Балтық теңізінің едәуір бөлігі расымен де мұзға оранатын. Бірақ бұл қауіпті жоспар болатын. Мұзжарғыш кемелер теңіз үстінен жаяу өтуге жол бере қоймайтын. Әкемді ұстап алып, кері қайтарды да, ұрып-соқты. Бірақ әкемнің беті қайтпады.
Келесі жылы ол тағы бір талпыныс жасады. Бұл жолы ол досымен бірге теңізді қайықпен жүзіп өтуге бекінді. Польша кемесі жасөспірімдерді ұстап алып, ел билігіне тапсырды. Сөйтіп ол екеуі Скандинавия орнына Польша түрмесінен бір-ақ шықты. Тергеді, соққыға жықты. Сөйтіп оларды ЦРУ тыңшысы деп мойындатып, 10 жылға түрмеге жапты.
Қуанышқа орай, 1950 жылдардың аяғында Польшада либералдық реформалар жүріп, оларды бір жылдан соң босатты. Әкем Батысқа қашу жоспарын кейінге қалдырды. Білім алды, анамды жолықтырды. Неке құрған соң, екеуі Гданьск қаласында сол кездегі Ленин атындағы кеме шығаратын зауытқа жұмысқа тұрған. Мұнда да ол тосқауылдан өткен сол "үндерді", джаз, рок-н-ролл әндерін тыңдай берді.
ҮШІНШІ ТАЛПЫНЫСТА ЖОЛЫ БОЛДЫ
Ата-анамның шетелдегі жаңа өмір туралы арманы қайта оянып, 1971 жылы екеуі Югославияға барған. Бұл олар еркін сапарлай алатын санаулы елдердің бірі болатын. Қазір Хорватия құрамына кіретін Пула қаласындағы жағалауда қыдырып жүріп, олар германиялық ерлі-зайыптыны көреді. Күйеуінің шашы әкемдікіндей қара, әйелінікі анамдікіндей сары.
Әкем мен шешем жоғалтары жоқ адамдай сол ерлі-зайыптыға жақындап, Батыс Германиядан келген-келмегенін пысықтаған. Олар шынымен сол елдің азаматтары болып шығыпты. Сөйтіп ата-анам ұялмай үлкен өтініш айтады: олар ерлі-зайыптыдан төлқұжатын сұрапты. Мұндай өтініш айтуға қалай дәті барғанына таңғаламын. Бірақ бір қызығы германиялық жұп келісе салған. (Шамасы қырғиқабақ соғыс кезінде "шығыстықтарға" осылай көмектесу қалыпты жағдай болған көрінеді.)
Сөйтіп германиялық ерлі-зайыптың төлқұжатын, көлік алып Италия шекарасын кесіп өтіпті. Ал германиялық жұп жақын жердегі консулдыққа жүгініп, тоналғанын айтқан. Италияда бір жыл саяси босқын ретінде жүріп, Швецияға баруға рұқсат алған. Сол жерден кейін азаматтық сұраған.
Әкем соғыс үшін германдарды жек көріп өсті. Бірақ оған өміріндегі ең үлкен кеңдікті герман азаматы танытқан. Олар қарым-қатынасын үзбей, Рождество мерекесінде бір-біріне сәлем-хат жолдап тұрған.
ШЕҢБЕРДІ ТҰЙЫҚТАУ
Мен 1980 жылдары Швецияда бейбітшілік пен молшылықта дүниеге келдім. Ата-анам дәл осындай өмірді аңсаған. Құралыптастарым секілді мен де шетелде білім алдым, Еуропаның бірқатар тілін үйрендім, құрлық ішінде көп саяхаттап, "ортақ Еуропа жері" идеясына сендім. Сөйтіп Брюссельге табан тіредім.
2011 жылдың басында Азат Еуропа/Азаттық радиосының Брюссельдегі штаттан тыс тілшісі болуды ұсынғанда, мұның қалыпты жұмыс емес екенін түсіндім. Азаттықтың маңызы туралы әңгімелерді естіп өскен соң, отбасымдағы үлкен шеңберді тұйықтайтындай күй кештім.
2011 жылдың басында қызметіме кіріскенде ең үлкен оқиға Беларусьтегі президент сайлауы еді. Сайлау өткен жылдың желтоқсанында болған. Наразы халық көшеге шыққанда, билік оларды басып-жаншыған. Еуроодақ Александр Лукашенко режиміне санкция салып, мен Брюссельден хабар таратқанмын. Содан бері Еуроодақ пен НАТО туралы жазып келемін.
Кей нәрсе ешқашан өзгермейді екен. Бүгін (25 наурыз) Лукашенко жетінші мерзіміне инаугурацияланды. Ол әлі де Еуроодақ санкциясында. Ол құрған репрессиялық режим 1500 саяси тұтқынды түрмеде ұстап отыр. Солардың бірі – 2020 жылдан бері қамауда жатқан әріптесім, Азаттық тілшісі Игорь Лосик. Тағы бір әріптесім Андрей Кузнечик жақында Беларусь түрмесінен бостандыққа шықты.
Ресей оккупациялаған Қырым түбегінде Азаттықтың штаттан тыс тілшісі Владислав Есипенко да қамауда отыр.
Игорь, Андрей және Владислав туралы ойлағанда әкемнің еркіндікке ұмтылған өмір жолы есіме түседі.
Біз еркін медиа жоқ немесе қатты шектелген, жалған ақпарат кең етек жайған елдерге хабар таратамыз. Хабарымыз апта сайын осы елдердегі 50 млн адамға жетеді. Азаттық жұмысы коммунистік Польшада өмір сүрген әке-шешеме қаншалық маңызды болса, бұл жұмыс бүгінде де соншалық маңызды. Азаттықтың жұмыс істеп тұрғаны Андрей, Игорь және Владиславқа маңызды, біздің хабарымызға мұқтаж жұртқа маңызды.
ПІКІРЛЕР