Кепілдегі жапон журналисі Кендзи Готоны өлтіргені туралы «Ислам мемлекеті» (ИМ) радикалды исламшылар тобы жариялаған видеожазба Жапонияның ашу-ызасын туғызды.
Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ Токио террористерден қорықпайды және ИМ тобына қарсы күресіп жатқан елдерге бұрынғыдан да кең қолдау көрсетеді деп мәлімдеді.
АҚШ президенті Барак Обама Готоны өлтіргендердің ісін айыптады. Ол жапон үкіметімен бірге екенін мәлімдеп, халықаралық қауымдастық қатарында Таяу Шығыста бейбітшілік орнату ісіне қатысып жатқаны үшін Токиоға алғыс білдірді.
Кендзи Готоның қазасы жайлы видеожазба қаңтардың 31-і күні интернетте жарияланды. Одан бірнеше күн бұрын ИМ тобы кепілде ұстап отырған тағы бір жапон азаматы – Харуна Юкаваны өлтіргенін хабарлап видео таратқан.
Бүгін ИМ тобы кепілде ұстап отырған иордандық ұшқыш Моаз әл-Касасбидің отбасы оны тұтқыннан босатып алуға Иордания үкіметінен жәрдем сұрады. Иордания билігі содырлар кепіліндегі ұшқышты Иордания түрмесінде өлім жазасының орындалуын күтіп отырған Сажида әл-Ришави есімді әйелге айырбастауға дайындалып жатқанын мәлімдеген. Бұл әйел 2005 жылы Амманда болған террорлық шабуылға қатысы бар деген айыппен ең қатаң жазаға кесілген.
Бұған дейін ИМ содырлары Кендзи Гото мен Моаз әл-Касасбиді Сажида әл-Ришавиге айырбастау туралы талап қойған еді. Бірақ кейін исламшылармен келіссөздер тығырыққа тірелген.