Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ радикалды «Ислам мемлекеті» (ИМ) тобы кепілге алған екі жапон азаматының бірі өлтірілгені туралы видеожазба шынайы болуы мүмкін деп мәлімдеген.
Бұған дейін ИМ таратқан видеода радикалдар кепілде ұстап отырған жапон Кэндзи Готоның қолындағы суретте оның отандасы Харуна Юкаваның жансыз денесі деп сипатталған. Видеоға байланысты үкіметтің шұғыл мәжілісін өткізген жапон премьері өз елі террористерге мойынсұнбайды деп мәлімдеген. Жапон билігі ИМ тобынан кепілдегі Кэндзи Готоға тиіспеуді және оны дереу босатуды талап еткен.
Қаңтардың 20-сы күні ИМ жариялаған алғашқы видеода бетперде киіп, қолына пышақ ұстаған бір адам қызғылт сары түсті комбинезон кигізілген екі кісіні – Кендзи Гото Дзего және Харуна Юкава деп таныстырған еді. Әлгі адам кепілдегілерді босату үшін Жапонияға 72 сағаттың ішінде 200 миллион АҚШ долларын төлеу туралы шарт қойған. Шерт мерзімі жұма күні аяқталған.