Accessibility links

Жаңаөзендік Досмағамбетовті мерзімінен бұрын босатуға үкім етті


Мақсат Досмағамбетовтің Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының ауруханасында жатқан кезі. Алматы, 3 шілде 2014 жыл.
Мақсат Досмағамбетовтің Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының ауруханасында жатқан кезі. Алматы, 3 шілде 2014 жыл.

Маңғыстау облысы Ақтау қалалық соты Жаңаөзен оқиғасына байланысты 2012 жылы 6 жылға сотталған Мақсат Досмағамбетовті мерзімінен бұрын бостандыққа шығаруға шешім қабылдады.

– Прокурор «денсаулық жағдайын және тәртібінің жақсы болуын ескере отырып [мерзімінен бұрын босату жайлы өтінішін] қанағаттандыруды сұраймыз» деді. Мені мерзімімнен бұрын босату жайлы шешім заңды күшіне 15 күннен соң кіреді, – деді Мақсат Досмағамбетов ақпанның 5-і күні Азаттық тілшісіне.

2014 жылы шілдеде Ақтаудағы түрмеден Алматыға жеткізіліп, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында бет сүйегіне операция жасатқан Мақсат Досмағамбетов денсаулығы әлі де жақсы емес екенін айтады. Оның бет сүйегінің жартысын, мұрын шеміршегін алып тастаған.

– Рак болған соң рецидив бар ма деп Алматыға барып тексерілгім келеді. Ауырады, жаныма батады. Бірақ одан рухымды түсірмек емеспін. Шетелге қаралу арман ғой. Мен әлі бостандықта емеспін, Қазақстан аумағынан шыға алмаймын. Жаңаөзенге барып есепке тұрып, айына екі рет белгіленіп тұруым керек, – дейді ол.

Мақсат Досмағамбетовті мерзімінен бұрын босату туралы шешім шығарған Ақтау қалалық сотының судьясы Аида Бұлақбаева «шешім күшіне енбегендіктен комментарий айта алмайтынын» мәлімдеді.

2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзен қаласында қарулы полиция осы елді мекендегі орталық алаңда еңбек мәселесіне қатысты талап қойып, бірнеше ай бойы ереуіл өткізіп тұрған мұнайшыларға оқ атты. Ресми дерек бойынша, ол оқиғадан 16 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланған.

Осы оқиғаға байланысты 37 адам «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру», «ұрлау» және «тонау» баптары бойынша айыпталған. 2012 жылы маусымда олардың 13-і үш пен жеті жыл аралығындағы түрлі мерзімдерге түрме жазасына кесілген. Қалған 21 адам шартты жаза алып, үшеуі ақталған.

Сотталған 13 адамның барлығы өздеріне тағылған айыптарды мойындамаған. Сол 13 адамның 11-і қазір бостандықта. Олар – Нұрлан Асқарұлы, Марат Әминов, Қайрат Әділов, Жарас Бесмағанбетов, Бауыржан Непес, Мұрат Қосбармақов, Талғат Сақтағанов, Таңатар Қалиев, Шабдал Өткелов, Роза Төлетаева және Мақсат Досмағамбетов

«Жаңаөзен ісі» бойынша сотталғандардың екеуі – Нарын Жарылғасынов пен Қанат Жүсіпбаевтің жаза мерзімі әлі аяқталған жоқ.

XS
SM
MD
LG