Accessibility links

Сот Қаламқас кенішіндегі ереуілді заңсыз деп тапты


Ақтаудағы жұмысшылар наразылығы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:52 0:00

ВИДЕО: Ақтаудағы жұмысшылар наразылығы. 9 ақпан 2015 жыл.

Бүгін Ақтаудың 2-қалалық сотында «Ойл транспорт корпорэйшн» жұмысшыларының ереуіліне қатысты сот отырысы өтті. Сотты жүргізген Шетпе аудандық сотының судьясы Жасұлан Салиев жұмысшылар ереуілін заңсыз деп тану туралы шешім шығарды.

Ақпанның 8-і мен 9-ы күндері Маңғыстау облысындағы Қаламқас кенішінде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес мекемесі - «Ойл транспорт корпорэйшн» (ОТК) жұмысшылары жұмысты тоқтатып, наразылық білдірген еді. Жұмысшылардың екі бөлек жиыны Ақтау қаласы мен Қаламқас кеніші басында өткен. Олар ОТК мекемесіне бас директор болып келген Бекқожа Ақбелов пен оның орынбасары Ермұрат Бүкембаевтың жұмыстан кетуін талап еткен.

Сотқа қала прокуроры Олжас Қаракөзиев, талап-арыз иесі ретінде ОТК компаниясының заңгері Самат Жігеров қатысты. 8-9 ақпан күндері жаңа басшының орынына кетуін талап етіп Қаламқас кенішіндегі автобекетке 450 адам жиналғанын айтқан Жігеров «ереуіл туралы алдын ала ескертілген жоқ, өндірісте іркіліс болып, шығын келді» деді. Бірақ ол нақты шығын көлемін айтпады.

Ал сотқа жауапкер ретінде қатысқан ОТК компаниясының «Бұзащы көлік технологиялық басқармасының» жұмысшысы Ділмұхамед Тулевов, Мейрамбек Дербісов, Амандық Қазыбаев, Шаттық Лұқпанов, Нұрбол Ибрашев және мекеме кәсіподағы ұйымының төрағасы Марат Темірқасов өздерінің талап-арызбен толық таныспағандарын, адвокат сұрайтындарын мәлімеді.

Судья Салиев талап-арызбен танысуға 15 минут уақыт бергенімен, жауапкерлердің қорғаушы туралы өтініштерін қанағаттандырмады. Судья жұмысшылар ұсынған «мекеменің жаңа басшыларын орнынан алу» туралы арызды да қабылдаған жоқ.

Жұмысшылар ереуілді «заңсыз» деп таныған сот шешіміне қарсы шағым беретін-бермейтіндерін айтпады.

XS
SM
MD
LG