Accessibility links

«Қазақ елі» сериалы 16 желтоқсанда көрсетілмек


«Қазақ елі» сериалына пайдаланылатын бұйымдар. Алматы, 6 наурыз 2015 жыл.
«Қазақ елі» сериалына пайдаланылатын бұйымдар. Алматы, 6 наурыз 2015 жыл.

«Қазақфильм» киностудиясы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Қазақ елі» тарихи телесериалын түсірмек. Қауырт басталған жоба авторлары «жеткілікті ақша бөлуді» сұрайды.

Осы аптаның аяғында Алматыда «Қазақфильм» киностудиясының бірінші вице-президенті Арман Әсенов «маңызды мемлекеттік тапсырыс аясында түсірілетін он серияға небәрі бес миллион доллар бөлінді» деп мәлімдеді.

– Бұл – тым аз. Декорация жасатып, төрт қала салуымыз, костюмдер тіктіруіміз керек. Демеушілер көмектесер деп үміттенеміз, - дейді ол.

Мұнымен салыстырғанда, 2005 жылы түсірілген «Көшпенділер» кинофильмі бюджеті – 34 миллион доллар, ал «Жаужүрек мың бала» кинокартинасы бюджеті түрлі дерекке сәйкес, 7-12 миллион доллар көлемінде болған. Бірақ бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, шетелдің осындай сериалдары, мысалы, 50 сериялы «Құбылай хан» телесериалы 220 миллион АҚШ долларына түсірілген.

«Қазақфильм» киностудиясы мамандары ұлттық кинематографияны қолдау қоры арқылы демеушілерден қосымша ақша жиналады деп үміттенеді. Қор басшысы, актер Фархад Әбдірайымов Азаттық тілшісіне қор «Қазақ елі» жобасын қолдау үшін құрылғанын хабарлады.

Қазақстандық актер Фархад Әбдірайымов (оң жақта) халықаралық «Еуразия» кинофестивалі кезінде. Алматы, 15 қыркүйек 2014 жыл.
Қазақстандық актер Фархад Әбдірайымов (оң жақта) халықаралық «Еуразия» кинофестивалі кезінде. Алматы, 15 қыркүйек 2014 жыл.

– Қор жуырда ғана құрылды, әзірше ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатыр. Сарапшылар кеңесі мен қамқоршылық кеңесін сайлауымыз керек. Қор мәдениет министрлігі бастамасымен құрылған. Кейін өзге кинематографистермен де жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Қор әлдебір сараптама, маркетинг жүргізумен айналысып, фильмді прокатқа шығаруға қатысты ұсыныстарын айтады, - дейді Фархад Әбдірайымов.

«Қазақ елі» телесериалы сценаристерінің бірі Смағұл Елубайдың пікірінше, бір серияны түсіруге үшін кемі бір миллион доллар ақша қажет.

– Бірақ бізде телесериалдарға деген көзқарас нашар. Үкімет тарихи телесериалдардың мән-маңызын жете түсінбейді. Бізде шығып жатқан сериалдар 30 мың долларға түсірілген. Мұндай көзқараспен сапалы шығуын талап ету мүмкін емес қой, - дейді Смағұл Елубай.

«ҚЫСҚА МЕРЗІМДЕ ТҮСІРЕМІЗ»

Телесериал авторларына түсірілімді қысқа мерзім ішінде аяқтау міндеті жүктелген. Түсіру жұмыстары әлі басталмаған сериалдың ұлттық премьерасы 2015 жылы желтоқсанның 16-сына белгіленген. Арман Әсеновтың айтуынша, дайындық жұмыстары мамырдың 31-іне дейін созылмақ.

– Түсіру кезеңі маусым айының басында басталады. Қыркүйектің аяғына дейін түсіру жұмыстарын аяқтап, монтаждауға кірісуді жоспарлап отырмыз, - дейді ол.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада - хан тағында) "Көшпенділер" көркем фильмінің түсірілімі кезінде. 17 ақпан 2004 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада - хан тағында) "Көшпенділер" көркем фильмінің түсірілімі кезінде. 17 ақпан 2004 жыл.

Алматы облысында, Түркістан қаласында түсірілетін сериалда «Көшпенділер», «Жаужүрек мың бала», «Моңғол» фильмдерінің материалдық базасы мен реквизиттері пайдаланылмақ. «Орда» фильмін (2010 жылы) түсіру кезінде пайдаланылған киімдерді «Мосфильм» киностудиясынан сатып алу жоспарланған.

Арман Әсеновтің айтуынша, сериалды тезірек түсіру мақсатында рөлдерді сомдауға қазақстандық актерлер ғана шақырылмақ.

– Бізде хандардың рөлін сомдай алатын әрі жас шамасы да келетін жақсы актерлер бар. 40-50 жастағы актерлер, - дейді Арман Әсенов.

Бірақ сериалға нақты қай актерлер түсетіні әзірше белгісіз.

Сериалды тездетіп түсіру үшін екі топ құрылған. Соңғы кезде көбінесе Нұрсұлтан Назарбаев туралы өмірбаяндық кинофильмдер түсірумен айналысып жүрген Рүстем Әбдірешов бірінші топты басқарады. Бұл топ түсіретін жеті серияның негізгі кейіпкерлері – Керей мен Жәнібек хандар. Қасым хан туралы қалған үш серияны Ермек Тұрсыновтың тобы түсіреді.

Телесериалға компьютерлік графика мамандары да тартылады, олар үшін жеке департамент құрылады.

НАЗАРБАЕВТЫҢ ИДЕЯСЫ

«Қазақ елі» сериалы сценарийін Тимур Жақсылықов пен Смағұл Елубай жазып жатыр. Азаттық тілшісімен әңгімелескен Смағұл Елубайдың айтуынша, қазақ хандығы туралы телесериал түсіру идеясы Ақордадан түскен. Мұны былтыр президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған.

«Қазақ елі» тарихи сериалы сценариінің авторы, жазушы Смағұл Елубай. Алматы, 6 наурыз 2015 жыл.
«Қазақ елі» тарихи сериалы сценариінің авторы, жазушы Смағұл Елубай. Алматы, 6 наурыз 2015 жыл.

– Қыркүйекте сценарийін жаза бастап, алтыншы серияға дейін жетіп қалғанбыз. Кейін мемлекет басшысы тарихты Жәнібек пен Керей ханның Моғолстандағы, яғни Жетісудағы қонысынан бастау керек деген пікір айтты. Сондықтан әлгі алты серияны алып тастадық. Шынымен де, фильмнің қазіргі желісі Моғолстан жерінде Жәнібек пен Керей сұлтандар басқарған алғашқы қазақ қоныстарының пайда болуынан басталады, - дейді Смағұл Елубай.

Сценарий Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының бірінші бөлімі негізінде жазылған.

– Әдеби нұсқасымен салыстырғанда, өте көп дүниелерді енгіздік. Трилогиядан экранға лайықты көріністерді ғана алып жатырмыз. Ал телесериал жанрына сәйкес келетін жалпы сюжетті өзіміз ойлап таптық, - дейді сценарист.

Смағұл Елубайдың айтуынша, сценарийдің орыс тіліндегі нұсқасы жазылып біткен.

– Қазір қазақ тіліндегі нұсқасының кем-кетігін жөндеп, өңдеп, кейбір көріністерін қайта жазып жатырмын. Өйткені фильм қазақ тіліндегі нұсқа бойынша түсіріледі, - дейді ол.

«Қазақ елі» тарихи телесериалының режиссері Рүстем Әбдірашев. Алматы, 6 наурыз 2015 жыл.
«Қазақ елі» тарихи телесериалының режиссері Рүстем Әбдірашев. Алматы, 6 наурыз 2015 жыл.

Шығармашылық топ мүшелерінің айтуынша, «Қазақ елі» сериалында екі желі қарастырылған. Негізгі желі - сұлтандар мен хандар. Алғашқы жеті серияның негізгі кейіпкерлері – Жәнібек пен Керей. Режиссер Рүстем Әбдірешовтің айтуынша, бұл серияларда династиялық тартыс көрсетіледі. Оның пікірінше, сериал – билікке таласты көрсетуге өте ыңғайлы формат.

Сериалдағы екінші желі – ақын-жыраулар. Оларды өмірде болған ақын, жырау, сол дәуірдің идеологы Асан қайғы бейнесі арқылы сомдамақ. Шынымен, Асан Қайғы – Жәнібек сұлтанның кеңесшісі болғаны тарихтан белгілі.

Былтыр жазда Ресей президенті Владимир Путин «қазақтарда мемлекеттілік те, мемлекеттік шекара да болған жоқ» деп мәлімдеген. Ал бұдан ертеректе Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та осындай мәлімдемелер жасаған. Бірақ Ресей Қырымды бөліп алып, Украинаға әскери қысым жасай бастаған тұста Путиннің мәлімдемесі Қазақстандағы әлеуметті тіксінтті. Ал Астана Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлауға арналған ауқымды шараларды бастап кетті.

XS
SM
MD
LG