Accessibility links

Қазақ мемлекеттілігі хақындағы Назарбаев пікірінің «эволюциясы»


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың (ортада) "Көшпенділер" фильмінің қалай түсіріліп жатқанын көруге келген кезі. Алматы облысы, 17 ақпан 2004 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың (ортада) "Көшпенділер" фильмінің қалай түсіріліп жатқанын көруге келген кезі. Алматы облысы, 17 ақпан 2004 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақта мемлекет болмағанын айтып жүрген Нұрсұлтан Назарбаев енді «қазақ мемлекеттілігіне 550 жыл толғанын» мәлімдеді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «2015 жылы қазақ мемлекеттілігіне 550 жыл толатынын» қазанның 22-сі күні мәлімдеді. Назарбаев Астана қаласының жаңа әкімі Әділбек Жақсыбековті қала активімен таныстырған кезде «Біз келесі жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтетін боламыз» деген.

Қазақстан президенті жиында «Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды, қазақ мемлекеттілігінің тарихы сол кезден бастау алады. Мүмкін, ол бүгінгі ұғымдағы мемлекет болмаған шығар, бүкіл әлемге осынша танымал әрі беделді, осы ұғымның қазіргі мағынасындағыдай мемлекет болмаған да шығар. Бірақ бұлай деп сол кезеңдегі басқа да барлық мемлекеттер туралы да айтуға болады. Ең маңыздысы, сол кезде оған негіз қаланды, біз бабаларымыздың ұлы істерінің жалғастырып отырмыз» деп мәлімдеген.

«ПУТИННІҢ СӨЗІ ӘСЕР ЕТУІ МҮМКІН»

Азаттық тілшісімен сөйлескен тарихшы Нұрлан Атығаев «2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өту жөніндегі ұсынысты биыл көктемде Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты жасағанын» айтады.

- Қазақ хандығының 1465 жылы құрылғаны - ғылымда әлдеқашан дәлелденген жайт. Бірақ қазақ хандығының атаулы жылдары бұған дейін тәуелсіз Қазақстанда атап өтілмеген, - дейді тарихшы Атығаев.

Ал саясаттанушы Айдос Сарым Қазақстан мемлекеттілігі мен шекарасының тарихына байланысты Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірлерінің «түрлі эволюциядан өткенін» айтады. Оның сөзінше, «Нұрсұлтан Назарбаев 1990 жылдардың бас кезінде қазақ мемлекетінің тарихы мен қазақтың белгілі хандары туралы жиі айтқан. Ал «қазақта шекара болмаған» деген сыңайдағы сөздерді Қазақстан президенті 2005 жылдан бері айта бастаған». Ол мұны «осы кезеңде Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басын дәріптеудің күрт күшеюімен» байланыстырады.

Айдос Сарым.
Айдос Сарым.

Айдос Сарымның айтуынша, «Назарбаев пікірінің қайта өзгеруіне Ресей мен Украина арасындағы жағдай да, Ресей президенті Путиннің биыл күзде «қазақта мемлекет болмаған, оны Назарбаев құрды» дейтін астарлы пікірі де әсер еткен болуы мүмкін».

-Украинадағы дағдарыс қарсаңында «украин деген ұлт жоқ, Украина деген мемлекет тарихта болмаған» деген пікірлер Ресей саясаткерлері тарапынан жиі айтылды. Мұндай пікірлер Қазақстанға қарата да әр кездері айтылып жүр. Бұл Ресей билігінің «орыс әлемі» туралы идеялары да біздің билікті тіксінтіп тастағанының, сөйтіп Назарбаевқа дейін қазақ мемлекеттілігі болмаған дейтін ұғымды [жұрт санасына] сыналап сіңіріп келе жатқан билік өзінің артық кеткенін түсінгенінің белгісі болуы мүмкін, - дейді ол.

Ал әлеуметтік желілерде көбінесе «осыған дейін қазақта мемлекет, шекара болмаған деп артық айтып жібергенін түсінген шығар» деген сарындағы пікірлер жазылды. Қазақ президентінің өзі басқарып отырған елдің аумағында бұрын мемлекеттілік болмағаны жөніндегі пікірінің бұлайша өзгере қалуын интернет пайдаланушылардың дені Ресей президенті Владимир Путиннің «бұрын қазақ мемлекеті болмаған» деген сөзіне «жауап» ретінде түсінгені байқалады.

Нұрсұлтан Назарбаев 2005 жылы тамыздың 24-і күні «Қазақстанның, қазақтардың ешқашан шекарасы болған емес. Бүгінгі күні белгіленген шекара аумағында ешқашан ешқандай мемлекеттік болған емес» деп мәлімдеген еді.

Ресей президенті Владимир Путин бүкілресейлік жастар форумында сөйлеп отыр. Ресей, 29 тамыз 2014 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин бүкілресейлік жастар форумында сөйлеп отыр. Ресей, 29 тамыз 2014 жыл.

Бұл пікірін 2011 жылы да қайталаған Нұрсұлтан Назарбаев «Еш уақытта қазақ... қазақ мемлекеті болған жоқ, себебі шекарасы болған жоқ. Тұңғыш рет қазақтың шекарасын шегелеп, БҰҰ-ға жеткіздік... Ешқашан қазақ өзі таңдап өз астанасын салған жоқ» деді.

«Қазақта бұрын мемлекеттілік болмағанын» биыл тамыздың 29-ы күні бүкілресейлік жастар форумында сөйлеген Ресей президенті Владимир Путин де айтқан еді. Путин «Назарбаевтың ерекше ісі - ешқашан мемлекеті болмаған қазақтарға мемлекет жасап бергені» деген болатын.

XS
SM
MD
LG