Еске сала кетерлігі, тәуелсіз Қазақстанның қазіргі аумағында қазақ мемлекеттігі мен шекарасының 1992 жылға дейін болғанын президент Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет жоққа шығарып отырған жоқ. Биыл шілденің 27-сі күні Алматы облысында өткен малшылар слетінде президент Назарбаев былай деді: «Еш уақытта қазақ... қазақ мемлекеті болған жоқ, себебі шекарасы болған жоқ. Тұңғыш рет қазақтың шекарасын шегелеп, Біріккен Ұлттар Ұйымына жеткіздік... Ешқашан қазақ өзі таңдап өз астанасын салған жоқ...»
Нұрсұлтан Назарбаевтың малшылар слетіндегі сөзін тыңдаңыз:
Президент Назарбаевтың кезекті мәлімдемесі сын мен пікірталас тудырған соң, Азаттық радиосы Қазақстанның Бас прокуратурасынан түсінік алмақ болды. Алайда қарапайым журналистің сауалы бірнеше ай жауапсыз қалды.
ЖИРИНОВСКИЙМЕН ЖАРЫСТЫРА САЛЫСТЫРУ
Назарбаевтың өзіне дейінгі қазақ мемлекеттігін теріске шығарып отырғаны бірінші рет емес. Демек, ол өзін қазақ мемлекетінің алғашқы іргесін қалаушы деп таниды. Атап айтқанда, 2005 жылы 24 тамызда елдің мызғымас президенті Назарбаев тікелей телеэфирде мынандай мәлімдеме жасады: «Қазақстанның, қазақтардың ешқашан шекарасы болмаған. Қазіргі кезектегі шекараларда мемлекеттіліктің белгісі ешқашан болмаған».
Осы орайда оның биылғы шілдеде сөйлеген сөзінен кейін көп ұзамай Азаттық радиосы Қазақстанның бас прокуратурасына жазбаша түрде, оның үстіне екі мәрте, мемлекет басшысының осы сөздеріне құқықтық баға беруді сұрап өтініш жасады. Бас прокуратураның жауабын алмақ болып жүргенімізде, Назарбаев қыркүйектің аяғында Ақордада магистранттарға арналған президенттік стипендиялар иегерлерімен кездесуде қазақ мемлекетінің болмағаны жайлы пікірін тағы бір мәрте айтты. Бас прокуратураға хат жазуға Ресейдің мемлекеттік думасының вице-спикері және Ресейдің либералды-демократиялық партиясының лидері (РЛДП) Владимир Жириновскийге байланысты бір оқиға себеп болды.
Жанжалшыл Владимир Жириновский «Эхо Москвы» радиосына берген сұқбатында қазақ мемлекеттілігінің болғанын үзілді-кесілді түрде жоққа шығарған еді. 2005 жылы 17 қаңтарда «Эхо Москвы» сайтында жарияланған осы сұқбатында, Жириновский былай деді: «Қазақстанмен арадағы шекара - ең бір түсініксіз шекара. Себебі егер Прибалтикамен, Польшамен, Финляндиямен шекараны айтсақ... Польша, Финляндия - тарихи қалыптасқан мемлекеттер. Ал Қазақстан... адамзат тарихында ешқашан да мұндай мемлекет болмаған».
2005 жылы ақпанда Қазақстанның бас прокуратурасы Владимир Жириновскийдің осы мәлімдемесіне құқықтық баға берді. Бас прокуратураның бағалауынша, «…Сұқбат мәтінінде Ресей және Қазақстан халықтары арасындағы ұлттық өшпенділік пен араздықты өршіту, сонымен қатар ұлты қазақ адамдардың ұлттық ар-намысы мен абыройын қорлау белгілері бар».
Ол аз десек, сол кездегі Ресейдің бас прокуроры Владимир Устиновқа Қазақстанның бас прокуроры Рашид Түсіпбеков Владимир Жириновскийге қарсы қылмыстық іс қозғауды ұсынған хат жолдады. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Владимир Жириновскийді «нон грат тұлға» деп жариялады.
БАС ПРОКУРАТУРА НЕГІЗ ТАППАДЫ
Алайда бас прокуратура президент Назарбаевтың осыған ұқсас мәлімдемесіне құқықтық баға беруді сұраған Азаттық радиосының жазбаша сауалына жауапты ұзақ дайындады. Оның үстіне «БАҚ туралы» заң белгілеген жазбаша немесе ауызша сауалға жауап беруге қатысты мерзімді елеп-ескермей, заңдардың орындалуын қадағалайтын бас мемлекеттік орган жауабын кеш жіберді. Сонымен бірге тек екінші жазбаша сауалдан соң ғана жауап берді.
Бас прокуратураның жазуынша, Азаттық радиосы президент Назарбаевтың сөйлеген сөзінің жалпы контекстінен «жекелеген үзінділерді іріктеп алуға» дейін барды, «осының нәтижесінде оның кездесуге қатысқандарға қарап айтқан сөзі 2005 жылы қаңтарда Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының вице-спикері В. Жириновскийдің «Эхо Москвы» радиостанциясына берген сұқбатымен дәлме-дәл келетіндей сипатқа негізсіз ие болды».
Одан соң бас прокуратура Жириновскийдің сөзінде қазақ ұлты мен оның мемлекеттілігіне қатысты намысқа тиетін сөздердің шынымен болғанын атап өтеді.
Алайда бас прокуратура Назарбаевтың осыған ұқсас сөзіне қатысты баға бермей отыр. Бас прокуратураның департамент бастығы К.Сейідғапаров хатының соңында былай деп жазған:
«Мазмұндалған жайттарға қарап, Қазақстан Республикасы Президентінің қарастырылып отырған мәлімдемесі бойынша құқықтық баға беруге негіз таппай отырмыз».
Осы ведомствоның үлкен де кіші шенеуніктеріне көп мәрте телефон соққызған, талай айларға созылған Азаттық радиосы редакциясы мен Қазақстанның бас прокуратурасы арасындағы хат алысу хикаясы осымен тынды.