Испания полициясы елдің солтүстік-шығысындағы Бадалона қаласында екі ересек адам (бірі – әйел адам) мен екі жасөспірімді тұтқындады. Олар «Сирияға барып, исламшыл содырларға қосылмақ болған» деген күдікке ілінген.
Ұсталған балалардың жасы 16-ға да толмаған. Испания ішкі істер министрінің мәліметінше, балалардың ағасы исламшыл топтың үгітіне еріп Сирияға кетіп, былтыр қаза тапқан. Министр бүгін тұтқындалған екі баланың мектептен шығып кетіп, Мароккодағы ислам орталығында оқып жүргендерін айтады. Олар 31 наурызда Мароккодан Түркияға, әрі қарай Сирияға өтіп кетпек болған.
Соңғы кездері «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымына қосылу үшін Сирияға кеткен еуропалық жасөспірімдер туралы деректер жиі айтыла бастады. Осыдан бір ай бұрын ғана Ұлыбританиялық үш оқушы қыздың – 15 жастағы Амира Абас пен Шамима Бегум және 16 жастағы Кадиза Султанның Сирияға кетіп қалғаны хабарланған.
Мұндай оқиғалардан соң Еуропа елдері радикалдар соғысып жатқан аймаққа шектес ел – Түркияға өтініш айтып, шетелдік содырлардың Сирияға аттануына тосқауыл қоюға шақырған.