Қырым татарларының тәуелсіз ATR телеарнасы ресейлік БАҚ ретінде тіркеле алмағандықтан, бүгін, сәуірдің 1-інен бастап қызметін тоқтатты.
"Роскомнадзор" мекемесі бұған дейін ATR телеарнасын тіркеуден бас тартқан. Бұған қоса, Meydan радиостанциясы мен Lale балалар телеарнасы да қызметін тоқтатты. Бұл БАҚ-тың барлығы Қырым татарлары, орыс және украин тілдерінде хабар тарататын.
ATR былтырғы қазан айынан бері "Роскомнадзор" мекемесіне ресейлік БАҚ ретінде тіркеу туралы төрт рет өтініш бергенімен олардың барлығы қанағаттандырылмаған. "Роскомнадзор" әр жолы ойдан шығарылған сылтауларды алға тартты" дейді телеарна бас директоры Эльзара Ислямова.
Ресей аннексиялап алған Қырым басшысы Сергей Аксенов ATR телеранасына қатысты мәселе "антиресейлік күштердің арандатуынан туындаған және оны дау-жанжал шығару үшін пайдаланып отыр" деп мәлімдеген.
Кеше Қырым татарларының межилисі ATR мен Қырым татарлары тілінде тарайтын басқа да БАҚ-тарды тіркеуден бас тарту БҰҰ-ның әлемнің байырғы халықтары туралы декларациясының 16-бабын бұзады деп мәлімдеген.
Ресей президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі кеңес телеарнаға қолдау танытты. Мәскеудегі Қырым татарлары кеңесінің мүшесі, журналист Айдер Муждабаев "ATR қызметін тоқтатса, Қырым татарлары ақпараттық қапаста қалып қояды" дейді.
Нью-Йоркте орналасқан "Журналистерді қорғау комитеті" де ATR-дің жабылуына байланысты Қырымда БАҚ-қа жағдай жасаудың нашарлай түскеніне алаңдаушылық білдірген.
Қазақстандағы Қырым татарлары да "ATR телеарнасы жабылса отанымызбен байланысымыз үзіліп қалғалы тұр" деп, телеарнаны тіркеуді сұрап үндеу жариялаған.