Тәжік халқында тіл-көзден сақтану үшін жаңа туған балаға келеңсіз ат қою ырымы ежелден бар. Егде тартқан адамдардың арасында Хошок (Жем), Сангак (кішкентай тас), Истад (аман қалсын) немесе Почо (күйеу бала) тәрізді есімдер жиі кездеседі.
Тәжікстан билігі азаматтарды тіркеу заңына өзгеріс енгізіп, әлгіндей есімдерден құтылуға шақырады. Әділет министрлігі балаға «ұлттық мәдениетке қайшы аттарды, жануарлардың, өнімдердің және жансыз заттардың атауын, адамның ар-намысын қорлап-кемсітетін» есімдерді беруге тыйым салуды ұсынады.
Соңғы жылдары орыстарға тән есімдер мен заманауи аттарды қою сәннен қалып, сәбиіне парсылық негізі бар, тарихи аттарды қоятын ата-аналар көбейген. Енді тәжік шенеуніктері «шетелдік» екені анық байқалатын ислам есімдерін де қойғызуға қарсы болып жатыр. Олардың пікірінше, «есімнің соңына -мулла, -шейх, -амир, - суфи тәрізді жұрнақтар жалғау қоғамды жікке бөледі».
«БӨТЕН» ЕСІМДЕР
Билік өкілдері өткен ғасырда кездеспейтін Сумая, Айша және Әсия деген есімдердің қазіргі жаңа туған қыздар арасында өте танымал екенін айтады. Сумая – алғашқы шахид болған мұсылман әйел, Айша –Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) әйелінің аты, Әсия – Құранда есімі аталатын бекзат мұсылман әйел.
Енді тәжік билігі тұрғындарды қыздарға мұндай есімдер қоюға және ұлдарға Мұхаммед, Юсуф, Әбубәкір деген ат беруге қарсы үндеп жатыр. Соңғы жылдары әсіредіншілдердің көбейгенінен қорыққан билік ислам дінінің ықпалымен осылай күреспек. Олар бұған дейін елде хиджаб киюге тыйым салып, ер адамдарды ұзын сақалды қырып тастауға мәжбүрлеген.
«Егер заңға түзету енгізілсе, біздің мекеме араб немесе шетелдік тілден енген есімдерді тіркеуден бас тартады» дейді әділет министрлігінің тіркеу департаменті басшысының орынбасары Жалолиддин Рахимов.
«Әлгіндей есімдерді таңдаған ата-аналарға АХАЖ бөлімі тәжік есімдерін ұсынады. Балаларына лайықты есім таңдаған кезде ғана тіркеп, туу туралы куәлік береміз» дейді Рахимов.
АТ ҚОЮДАҒЫ ҮРДІСТЕР
1980 жылдардың соңында тәжік тарихи атаулары мен парсы сөзінен шыққан есімдерді қою дәстүрге енген еді. 2007 жылы ел президенті Эмомали Рахмон фамилиясындағы орыстарға тән -овты алып тастап, «Рахмон» болды. Бұдан үлгі алған мыңдаған азаматтар фамилиясының соңындағы орысша жұрнақты жойып, -зода, -зод немесе -и тәрізді тәжіктерге тән жұрнақтарды жалғады.
2011 жылы билік ата-аналардың баласына қоятын есімін қадағаласақ деген заң жобасын талқылады, бірақ ол қабылданбады. 2014 жылы «тәжік халқы сәбилеріне ат қойғанда патриоттық мағынасы бар сөздерді таңдасын» деген ұсыныс түсті.
Соңғы ұсыныс парламентке әлі жете қойған жоқ, бірақ көпшілік арасында қызу талқыланып жатыр. Кейбіреулер бұны «адамның жеке құқығын бұзу» деп айыптайды.
«Әділет министрлігі адамдардың баласына қоятын есіміне араласса немесе сөз соңындағы жұрнақтарды алып таста десе, олардың жеке өміріне қол сұғып, еркіндігін шектейді» дейді танымал адвокат Файзиниссо Вахидова. Ол «кейбір жұрнақтар адамдарды жікке бөледі» деп отырған министрліктің «өте орынсыз ұсыныс» жасап жатқанын сөгеді.
Душанбе тұрғыны Мулло Абдул-Хамид (фамилиясын айтқысы келмеді) те «министрліктің ұсынысы адамдардың құқығын шектейді» деп санайды. Атасының құрметіне аталған Мулло Абдул-Хамид есімінің діни негізі болғаны үшін еш жапа шекпегенін айтады.
Тәжікстандағы діни жетекшілер бұған дейін пікірталасқа араласпай келген. Мемлекетке тәуелді ислам орталығының жоғары лауазымды шенеунігі Жалолиддин Хомуши ислам дінінің адамдарға әдемі, мағыналы есім бергенін құптайтынына назар аударады. Оның пікірінше, «бұл жерде оның парсы немесе араб тілінен шыққаны маңызды емес, тек дөрекі, жаман мағыналы есім қоймаса болды».
Парламенттің заң жобасын қашан талқылайтыны белгісіз, бірақ Душанбенің кейбір тұрғындарының сөзінше, АХАЖ бөлімдері тыйымды іс жүзінде қолдана бастаған. Қала тұрғыны Абубакр Хайдаршоев қалалық тіркеу мекемесі жиеніне куәлік беруден бас тартқанын айтады.
Мекеме қызметкерлері «Акбар» деген есімді «тәжік мәдениетіне жат» деп тапқан. Тек ата-анасы есімін «Махмұд» деп өзгерткен соң ғана сәби тіркеуге алынып, оған туу туралы куәлігін берген.
Фарангис Наджибулла, Ганжинай Ганж және Мирзонаби Холигзодтың мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.