Accessibility links

Тәжікстандағы пара көлеміне дағдарыс әсер етті


Тәжікстан ұлттық валютасы -сомони.
Тәжікстан ұлттық валютасы -сомони.

Еуро мен доллар бағамының өсуі Ресейдегі мигранттардың елге қайтуына және тәжік ақшасының құнсыздауына да себеп болды. Сонымен бірге Тәжікстанда пара мөлшері де төмендеген.

Рудаки ауданы тұрғыны Фирдаус сыныптасымен керісіп қалған. Оның айтуынша, әкесі жер бөлімінде инженер болып жұмыс істейтін сыныптасы бір жыл бұрын жер телімін алып бергені үшін бір мың 500 доллар сұраған. Сыныптасының әкесі бұл ақшаны «үлкен кісілерге» беруі тиіс болған. Бірақ тағы бір сыныптасының жерді 600 доллар беріп алғанын естіген Фирдаус «артық» алған бір мыңға жуық долларды қайтарып беруін талап еткен. Ол «Әлгі сыныптасым менен бір мыңдай доллар пайда көргісі келген» дейді.

Сарапшылардың пікірінше, Ресейдегі дағдарыс тәжік мигранттарының елге қайтуы мен аударылатын ақша көлемінің азаюына ғана емес, елдегі коррупция деңгейіне де әсер еткен. Соңғы айларда паспорт жасату мен жер телімін алу үшін құжат рәсімдеуге беретін пара ставкасы түсіп кеткен. Мысалы, бір жыл бұрын жер телімін ресімдеу 2-3 мың доллар тұрса, қазір бұл шаруаны 500-600 доллар беріп шешуге болады.

Ғиссар алқабы мен Хатлон облысында жер телімін бөлу құжаттарын ресімдеу ставкасы түскенін Тәжікстандағы мемлекеттік қаржылық бақылау және коррупциямен күрес агенттігінің аты-жөнін атағысы келмеген қызметкері де растайды. Бірақ ол елдің кейбір аймақтарында пара ставкасы бұрынғы қалпында қалғанын айтады. Оның айтуынша, бұл аймақтарда жер алғысы келетіндердің көбінің балалары Ресейде еңбек миграциясында жүр әрі «көп ақша табады».

Жуырда Хуросон ауданы «Оби Киик» қыстағының жер бөлімі инженері Фатхиддин Мирзоноров ұсталды. Ол жер телімін бөлуге құжат рәсімдеу үшін Гүлхумор Гуловадан 550 доллар талап еткен. Азаттықпен әңгімелескен антикоорупциялық ведомство қызметкері «бір жыл бұрын оның ставкасы бір мың доллардан кем болмаған шығар» деп болжайды.

Ұсталған инженердің үстінен Тәжікстан қылмыстық кодексінің 247 бабы 2-ші бөлімінің «в» және «г» тармақтары бойынша қылмыстық іс қозғалған.

«КӨК ПАСПОРТ» ҮШІН 500 ДОЛЛАР

Тәжікстандық экономист Собир Вазировтың айтуынша, пара ставкасының өзгеру себептерін анықтау қиын. Мұның дағдарыстан бөлек факторлары даболуы мүмкін. Ол 2007-2008 жылдардағы әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысы кезінде Тәжікстанда пара ставкасы түспегенін ескертеді. Қазір жағдай басқа әрі мемлекеттік қызмет көрсету саласы да біраз кеңейген. Мысалы, ол жылдары шетел паспортын берумен бірер ведомство ғана айналысатын, ал қазір биометрикалық шетел паспортын кез келген милиция бөлімшесінде жасатуға болады.

Оның сөзінше, қазір Тәжікстанда халық «бюрократия мен коррупция азырақ немесе мүлде жоқ мекемелердің» қызметін көбірек пайдалануға тырысады.

Паспорт мекемесіне кезекте тұрған адамдар. Душанбе, 23 тамыз 2014 жыл.
Паспорт мекемесіне кезекте тұрған адамдар. Душанбе, 23 тамыз 2014 жыл.

Республикалық «Антикоррупциялық ағарту және насихат орталығы» қоғамдық ұйымы жетекшісі Әлиакбар Абдуллоевтің айтуынша, Ресейдегі экономикалық дағдарыс, рубль бағамының құлдырауы Тәжікстан халқының тұрмыс жағдайына әсер еткен. Оның айтуынша, бұрын мигранттар жалақыны рубльмен алып, Америка долларына ауыстырып, Тәжікстанға жіберетін. «Қазір мигранттардың тапқан ақшасы өздерінің күн көрісіне әзер жетеді. Бұрын олар 500-1000 доллар салып тұратын, ал қазір мигранттардың көбі 100 доллар да сала алмайтын халге жеткен» дейді ол.

Оның пікірінше, коррупция сұраныс бар жерде пайда болады. «Біздегі халықтың дені - көп балалы отбасылар, оларға үй салатын жер керек, сондықтан жерді пара беріп алады. Немесе шетел паспортын алайық. Еңбек мигранттарына паспорт керек, бірақ қысқа мерзімде құжат жасату үшін пара беру қажет. Бірақ қазір жер телімін алғысы келетіндер саны бұрынғы деңгейде қалған, ал күн көріс қамымен Ресей және өзге елдерге кеткісі келетіндер саны қысқарып, шетел паспортына сұраныс азайған» дейді сарапшы.

Ол егер адам биометрикалық паспортты заңда белгіленген мерзім аясында жасатса пара беруден құтылады дейді. Бірақ биометрикалық (кәдімгі) паспорт емес, жұрт «көк паспорт» атап кеткен шетелдік паспортын жасату үшін400-500 доллар көлемінде пара беру керек. Өйткені «көк паспорттың» бланкілерін табу қиын.

«ПАРАҒА АҚШАҢ ЖОҚ БОЛСА, ЖЕР БЕР...»

Сарапшылар елде жер телімін заңды негізде ресімдеу қиын болғандықтан, жерге сұраныс азаймайды деп есептейді. Күштік құрылымдардың кейбір қызметкерлері мемлекеттік биліктің жергілікті органдары шенеуніктерінің заңсыз әрекеттерін жасырып қалған ақысына астана маңайынан жер телімдерін талап етеді. Мұны қауіпсіздік кеңесінің ақпанның 17-сі күні өткен кеңейтілген отырысында республика президенті Эмомали Рахмон да айтқан болатын. Оның айтуынша, прокуратура және өзге құзырлы органдардың қудалауынан қорыққан ауылдық кеңестің төрт төрағасы Тәжікстаннан Ресейге қашып кеткен.

Шенеуніктерге параны ақшамен емес, қымбат бағалы көлік немесе үйлермен төлеген жайттар да тіркелген.

Тәжікстаннан Ресейге жұмыс істеуге бара жатқан туысқанына бата беріп отырған адамдар. Видеодан көрініс.
Тәжікстаннан Ресейге жұмыс істеуге бара жатқан туысқанына бата беріп отырған адамдар. Видеодан көрініс.

Абдуллоев қазір халықта қолма қол ақша жоқ, сондықтан пара ставкасы біртіндеп түседі деп есептейді. Оның айтуынша, халықта ақша жоқ болғандықтан, қазірдің өзінде автомобиль мен пәтер бағасы арзандаған.

Валюта көлемімен бірге баспана мен жер теліміне де сұраныс азайып, шенеуніктерге беретін пара ставкасы да түскенін тәжік сарапшысы Тилав Расулзода да айтады.

Сарапшылардың айтуынша, «төменнен жоғарыға қарай беретін» пара ставкасы түсіп кетсе, шенеуніктер қарамағындағыларды «алдадың» деп айыптауы мүмкін.

Бірақ олар мигранттардың елге жаппай қайтуы еңбек нарығындағы бәсекелестікті күшейтіп, делдал арқылы жалақысы жақсы жұмысқа орналасқысы келетіндер арасында талас басталады деп санайды. Расулзоданыңайтуынша, Ресейден оралып жатқан мигранттардың көбі - халықтың кедей бөлігінен шыққандар. Олар жалақысы жақсы жұмыс іздегенімен, көбінің пара беретін шамасы жоқ.

Сарапшылар жұрт параны бұрынғысынша сомани (тәжіктің ұлттық валютасы), доллармен береді дейді. Дәрежесі төмен шенеуніктер 400-500 сомани көлеміндегі параны қанағат тұтса, дәрежесі жоғары шенеуніктер «проблеманы шешу» үшін параны шетел валютасымен, әсіресе Америка долларымен алғанды ұнатады.

Душанбе қаласында тұратын Акбар Сұлтан «пара ставкасы түскені байқалмайды» дейді. Ресейге кетуге жиналған ол өткен айда милиция бөлімшелерінің біріне кіріп,биометрикалық шетел паспортын тездетіп жасап беруді сұраған. Ол «милицияның бір қызметкері мені шетке шығарып алып, үш күннен кейін 700 доллар алып кел де, паспортыңды алып кет деп айтты» дейді.

МИНИСТР ТАҒЫ «ЛЕКСУС» САТЫП АЛАДЫ...

Егер Тәжікстанда коррупция азайса, Ресейдегі дағдарыс қоғамның бүкіл топтарына әсер етті деп айтуға болар еді. Бірақ елдегі халықтың бір бөлігіне Ресейдегі қаржы дағдарысы әсер етпеген. Қазір пәтер, автомобиль сияқты қымбат мүлік сатып алуға шенеуніктер мен халықаралық ұйым қызметкерлерінің ғана шамасы келеді.

Оталмай қалған ескі көлікті итеріп жатқан адамдар. (Көрнекі сурет)
Оталмай қалған ескі көлікті итеріп жатқан адамдар. (Көрнекі сурет)

Расулзоданың айтуынша, банкирлер мен бизнесмендер, оның ішінде ірі мейрамханалар мен қонақ үй қожайындары Ресейдегі дағдарыстан зардап шекпеген. «Нарықтың өз заңы бар, бизнесмендер сырттан әкелетінтауарларға 20 пайыздан аса үстеме қосады. Соңғы апталарда бағаның қымбаттауын олар доллар бағамының өсуімен байланыстырады. Қысқасы, олар ешқашан зиян шекпейді, дағдарыстан да қатты қиналмайды. Олар тауарға сұраныс азайса ғана зиян шегуі мүмкін» дейді ол.

Екі жыл бұрын Тәжікстан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер орталығы «елді жайлаған коррупция ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді» деп мәлімдеген болатын. Сарапшылар «Елдің антикоррупциялық агенттігі басшысы етіп баласы Рустам Эмомалиді тағайындауға Тәжікстан президентін осы мәлімдеме мәжбүрлеген шығар» деп болжайды.

(Мақала авторы - Азаттықтың Тәжік қызметінің тілшісі Сайидкосим Киёмпур)

XS
SM
MD
LG