Accessibility links

Парақорлықты Twitter-де талқылай бастады


Dilmukhammed есімді интернет-пайдаланушының twitter-дегі жазбасы. 7 қаңтар 2013 жыл. Twitter әлеуметтік желісінен алынған скриншот.
Dilmukhammed есімді интернет-пайдаланушының twitter-дегі жазбасы. 7 қаңтар 2013 жыл. Twitter әлеуметтік желісінен алынған скриншот.

Жоғарғы оқу орындарындағы парақорлық туралы студенттердің өзі сирек айтқанымен, кейбір ата-аналар мұндай мәселенің бар екеніне шүбә келтірмейді.

Dilmukhammed есімді ақтаулық қолданушы Twitter-дегі жеке парақшасында Ақтөбедегі Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіне (БҚММУ) қатысты твит жариялады. Ол БҚММУ-да қысқы сессия басталғанын және «старосталардың әр емтиханға күрделілігіне қарай 6-15 мың теңгеден жинап жатқанын» жазған.

Баласы осы университеттің 2-курсында оқитын Айман есімді ақтөбелік тұрғын (аты-жөнін өз өтініші бойынша өзгертіп беріп отырмыз) Қазақстанның батысындағы аталған жоғарғы оқу орнын жемқорлық жайлап алған деп ойлайды.

- Қысқы сессия қаңтардың 8-і күні басталды. 18-і күні аяқталуы тиіс. Ол жерде ақшасыз ештеңе де бітпейді! Оқытушылар студенттерді «сауын сиырға» айналдырып алған. Ең аяғы бала күнделікті дене шынықтыруға қатыспағанның өзінде оқытушының «н/б» деген белгі қоймауы үшін 3 мың теңгеден пара беруі керек. Қысқы, жазғы сессия кезінде 3 мың деген - күлкілі ставка. Емтиханның күрделілігі мен қойылатын бағаға қарай ставка - 10 мың және одан да жоғары. Жыл сайын төленетін оқу ақысы да қымбат. Бірінші курста 590 мың теңге төлеген болатынбыз. Биыл 630 мың төлеуіміз керек. Университет оқу ақысын жыл сайын 30 пайызға көбейтіп отырады, - деді өзінің де, ұлының да атын атамауды өтінген ақтөбелік әйел.

Студент анасы айтқан жайттарды жоққа шығармаса да, Азаттық тілшісімен сөйлесуге ыңғай танытпады.

«ПАРА ТУРАЛЫ АҚПАРАТ ЖОҚ»

- «Бізде оқытушылар сессия кезінде пара алады» деген ақпарат жоқ, - дейді БҚММУ-дың оқу ісі жөніндегі проректоры Асылбек Түсіпқалиев.

Проректордың айтуынша, оқу корпустарына арнайы шағым түсіретін жәшіктер қойылған.

- Университетіміздің жеке сайты, онда ректордың блогы бар. Қазақстан студенттерінің альянсы да үнемі жастар арасында сауалнама жүргізіп отырады. Осылардың бір де біріне студенттер тарапынан шағым түскен жоқ, - дейді проректор.
Ақтөбе облысы студенттері альянсының жетекшісі Әйгерім Шүкіралина. Жеке мұрағаттағы сурет.
Ақтөбе облысы студенттері альянсының жетекшісі Әйгерім Шүкіралина. Жеке мұрағаттағы сурет.

Ақтөбе облысы студенттері альянсының жетекшісі Әйгерім Шүкіралинаның сөзіне қарағанда, қоғамдық бірлестік биыл жастар арасында сауалнама жүргізбеген.

- Жергілікті жоғарғы оқу орындарын қысқы сессиядан соң аралап шығу жоспарымызда бар, - деді ол.

Белсенді жастың айтуынша, былтыр сауалнамаға қатысқан студенттердің 95 пайызы «ақтөбелік оқытушылар пара алмайды» десе, қалған 5 пайызы «алады» деп жауап берген.

Бірақ студенттер парақор оқытушылардың аты-жөнін атамауды жөн санаған.

Сауалнамаға Ақтөбедегі бес жоғарғы оқу орнының әрқайсысынан 100-150 студенттен қатысқан.

«СЕНІМ ТЕЛЕФОНЫ»

- Пара алатын оқытушылардың аты-жөнін студенттер университеттің сенім телефонына хабарлауына болады, - дейді БҚММУ проректоры Асылбек Түсіпқалиев.

БҚММУ сайтында (www.zkgmu.kz) сенім телефонының нөмірі 8 (7132) 56-25-62 деп көрсетілген. Осы нөмірге қоңырау шалғанымызда тұтқаны көтерген Әсемгүл есімді хатшы қыз «өзі жұмысқа бір ай бұрын кіріскенін, осы аралықта студенттердің сенім телефонына хабарласып көрмегенін» айтты. Әсемгүлдің сөзінше, бұл – университет проректоры Асылбек Түсіпқалиевтің қабылдау бөлмесіне тиесілі нөмір.

Парақорлық туралы университет өкілі көрсеткен жолдармен шағымдануға қатысты Айманның пікірі өзгеше.

- Проректордың кабинетіне қоңырау шалып, менің балам өле алмай жүр деймісіз? Ол әлі сол университетте тоғыз жыл оқуы керек. «Оқу орнының абыройына нұқсан келтірген» баланы олар биыл болмаса, келер жылы оқудан шығарып тынбай ма? Бізді қойыңызшы, мен Қазақстанның өзге қалаларынан келіп білім алып жүрген балаларды қатты аяймын. Баламның кей курстастары пәтер жалдап тұрады, оқытушыларға беретін паралары тағы бар. Ұлыма еріп келсе, қарындарын тойдырып жіберуге тырысамын. Үнемі аш жүреді, - деді болашақ дәрігердің анасы.
Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ғимараты. Фотосурет осы оқу орнының ресми сайтынан алынды.
Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ғимараты. Фотосурет осы оқу орнының ресми сайтынан алынды.

Былтыр қыркүйек айында Қазақстан студенттерінің альянсы парақорлыққа қатысты сауалнама қорытындысын жариялаған еді.

Ұйымның белсенділері сұралған студенттердің 78 пайызы «мәселесін тез шешу үшін» пара беруге өздері ықыласты деп мәлімдеген.

Ал 2010 жылғы сәуірде атыраулық бір топ студент университеттердегі парақорлық туралы президенттің атына шағым жолдаған еді.

Интернет арқылы таратылған хатта «Сыбайлас жемқорлықтың өрістегені сонша, білім алу мүмкін болмай барады. Барлығы да бізден соғым, ақша талап етеді, қала берді қол телефонының балансын толтыру үшін тиын-тебен сұрайды. Егер ақша төлеуден бас тартсақ, онда бүкіл топты емтиханнан өткізбей, «құлатып» тастайды» деп жазылған.

Осы шағымның ізін ала Қазақстан студенттерінің альянсы «Таза сессия» атты акция аясында анонимдік сауалнама өткізіп, пара алушы оқытушылардың аты-жөнін білім және ғылым министрлігіне жолдағанын хабарлаған.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстандағы жоғарғы оқу орындарында 630 мыңға жуық студент оқиды.
XS
SM
MD
LG