- «Көсеудің екі басы бірдей ыстық» дегендей, оқу ордаларындағы парақорлыққа мұғалімдер де, ізденушілер де кінәлі. Ақшаның құдіретіне сенген көптеген студенттер сабаққа бармайды. Сауық-сайран қуып жүріп, сессия келген кезде, таныстары арқылы ақша беріп емтихан тапсырады. Кейбір мұғалімдер параның тонын аударып, өздерінің кітаптарын сатады. Ол кітаптың қажеті жоқ болса да амалсыз алуға тура келеді. Алмасаң, сессиядан өтпейсің. Жасы келген, профессорлар алмайды. Ал, жас ұстаздар ақша алу жағынан алдына жан салмайды.
Дегенмен, пара беріп көрмеген студенттер де бар.
- Болашақ физикпін. 2-ші курста оқимын. Әлі пара беріп көрген жоқпын. Ақша дәметкен мұғалімді де кездестірмедім. Оқу орындарындағы жемқорлыққа студенттердің өздері кінәлі шығар, – дейді Талғат Жиенжанов.
«Ар-ұяттан біржола безген, ұлт болашағына білім беріп отырмын деген ой қауашағына кіріп шықпайтын ағайлар мен апайлар, тіпті, ешқандай сабақ өтпестен, емтихан кезінде келеді де, бір топта қанша студент бар - әрқайсысынан 1000 теңгеден топ жетекшісіне жинатады да, сынақтарын қойып беріп кете береді» – деп сөзін бастаған студент Ақбота Байсеркенова:
- Шырмауықтай шырмаған бұл «індетке» мемлекеттік тұрғыдан күресу керек. Қазіргі билік жастардың жайын ұмытқан сияқты. Себебі, жастар өміріндегі толып жатқан проблемалар осының айғағы. Ал, жоғарғы оқу ордаларындағы парақорлық соның біреуі ғана.
Алайда, жемқорлық жетпеген, жайламаған оқу орны емес, факультет бар екен. «Бізде жемқорлық жоқ. Себебі, біз болашақ студенттерді тәрбиелеп жатырмыз. Ал, оқытушылар құрамы ұзақ уақыт БАҚ саласында қызмет істеген белгілі адамдар. Олар парақорлықпен күреске шығуға дайын» - деп әңгіме тиегін ағытқан ҚАЗҰУ нің журналистика факультеті деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мұрат Шаймаран:
- Басқа университеттерде пара алатын оқытушылар бар деп естиміз. Естіген құлақта жазық жоқ. Соның ішінде, Медицина университетінде ақшамен емтихан тапсырады, ақшамен диплом алып, ақшамен ғылыми атақ қорғайды дегенге өз басым қатты алаңмын. Оу, ертең басында сүзіп алар білімі жоқ, ақшаның күшімен дәрігер атанып шыққан адам халықты қалай емдемек?! Бүтін бір елдің денсаулығына жауапты саланың маманын даярлайтын оқу орны осындай болғанда, басқаларына не айтасың?! Бұдан құтылудың жолын бір білсе, мемлекет білетін болу керек.
Аталған мәселеге қатысты студенттердің құқын қорғайтын «АР. РУХ. ХАҚ» қоғамдық қорының заңгері Анар Қожахметова:
- Біз, кез келген жағдайда студенттердің құқын қорғаймыз. Мұның үш жолы бар: заңдық, азаматтық және саяси. Студенттер көбінесе жатақхана мәселесімен келеді. Қазіргі таңда студент жастардың құқығы бұзылып жатқаны жасырын емес. Жастардың өз құқын қорғауға заңдық сауаты аз. Сондықтан да, көп жағдайда қарсы тараптың айтқанын істеп, айдағанына жүріп кете барады. «АР. РУХ. ХАҚ» қоғамдық қоры студент жастардың заңдық сауатын арттыру мақсатында үлкен жоба дайындап, соны іске асыруға кірісейін деп жатыр. Мүмкін сол кезде, парақорлық сәл де болса, азаятын шығар деген үмітіміз бар.
Шәкірттердің оқытушыға пара беруі жайында студент қыздың пікірі