Accessibility links

Ержан Өтембаевты біржолата еркіндікте қалдырды


Парламент сенаты аппаратының бұрынғы басшысы Ержан Өтембаев (оң жақтан екінші) сотқа келді. Астана, 28 мамыр 2015 жыл.
Парламент сенаты аппаратының бұрынғы басшысы Ержан Өтембаев (оң жақтан екінші) сотқа келді. Астана, 28 мамыр 2015 жыл.

Оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісін қастандықпен өлтіруді ұйымдастырушы деп танылған парламент сенаты аппаратының бұрынғы басшысы Ержан Өтембаевқа еркіндік берілді. Астана қалалық сотының кассациялық алқасы оны мерзімінен бұрын шартты жазамен босатқан сот шешіміне қатысты шағымды қабылдамай тастады.

Ержан Өтембаев бүгінгі сот отырысына бір топ белгісіз адаммен бірге келді. Ол сотқа дейін де, соттан кейін де комментарий беруден бас тартты. Өзін сергек әрі батыл ұстаған бұрынғы тұтқын сұрақ қойған Азаттық тілшісіне «Аулақ жүріңіздерші» деді.

Қастандықпен өлтірілген Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы сот отырысы басталар алдында Азаттық тілшісіне «қастандыққа кімнің тапсырыс беріп, кімнің ұйымдастырғаны әлі белгісіз болғандықтан Ержан Өтембаевты мерзімінен бұрын шартты жазамен босату заң тұрғысынан да, мораль тұрғысынан да мүлде дұрыс емес» деп мәлімдеді.

Қастандықпен өлтірілген Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы. Астана, 28 мамыр 2015 жыл.
Қастандықпен өлтірілген Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы. Астана, 28 мамыр 2015 жыл.

2014 жылдың ақпанында Ержан Өтембаевтың үкімін қайта қараған сот жаза мерзімін 20 жылдан 13 жылға қысқартып, оны «қылмысқа айдап салушы» деп таныған. Ержан Өтембаев 2006 жылы оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның жүргізушісін және күзетшісін қастандықпен өлтіруге тапсырыс беруші ретінде сотталған. Қазақстан бас прокуратурасының «Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге шын мәнінде Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев пен ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев тапсырыс берген» деген мәлімдемесінен кейін Өтембаевтың үкімі қайта қаралған.

Рысбек Сәрсенбайұлы Қазақстан құқық қорғау органдары Әлиев пен Мұсаевтың қастандыққа қатысын дәлелдей алмауы себепті Өтембаевты түрмеден шығармау керек еді деп санайды.

ВИДЕО: Ержан Өтембаевты еркіндікте қалдырды

Ержан Өтембаевты еркіндікте қалдырды
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:53 0:00

Сот алқасы отырысында жәбірленуші тарап өкілі Маржан Аспандиярова Ержан Өтембаевты мерзімінен бұрын шартты жазамен босату фактісінен кейін қоғамда «жеке тұлғаға қарсы қылмыс жасағандар жазадан құтылып кетуі немесе жазаны жеңілдетуіне болады деген ой орнығады» деп мәлімдеді.

– Өтембаевтың жазасын жеңілдету жан түршіктіретін қылмысқа ел басшылығының қатысы барын дәлелдемей ме? – дейді Маржан Аспандиярова.

Ол тоғыз жылдың ішінде, тіпті оны мерзімінен бұрын шартты жазамен босату мәселесі қаралып жатқан кезде де Ержан Өтембаевқа бір де бір сұрақ қою мүмкіндігі берілмегенін айтты.

Саясаткер Алтынбек Сәрсенбаев. Алматы, 2005 жыл.
Саясаткер Алтынбек Сәрсенбаев. Алматы, 2005 жыл.

Астанадағы кассациялық алқа судьяларының қарсылығына қарамастан, Рысбек Сәрсенбайұлы Ержан Өтембаевтан інісінің қазасына қатысты біраз сұрақтарға жауап беруін өтінді. Ол Алтынбек Сәрсенбайұлын қастандықпен өлтіруге нақты кімнің тапсырыс бергенін де сұрады.

– Қойылған сұрақтарға қатысты айтарым, бұл – өзге сот қарайтын, өзге тергеу амалдарына қатысты мәселе. Адамшылық тұрғыдан алғанда, жәбірленушілерді де түсінуге болады, олардың сұрақтарының өзіндік қисыны бар. Мен оларды белгілі бір дәрежеде түсінемін. Бірақ мына отырыста заңды басшылыққа алып, осы іске қатысы бар мәселені ғана қарауды сұраймын. Бір мәселені қарап отырып, өзге жаққа бұра тартып жатырмыз. Оны қараудың уақыт жоғалтқаннан басқа ешбір мәні жоқ, – деді Ержан Өтембаев.

Былтыр қараша айында Астанадағы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер соты мерзімінен бұрын шартты жазамен босату туралы өтінішін қарағаннан кейін Ержан Өтембаев бостандыққа шыққан. Парламент сенаты аппаратының бұрынғы басшысы түрмеде сегіз жыл отырды.

Ресми болжам бойынша, Алтынбек Сәрсенбайұлын бұрынғы полиция қызметкері, сол оқиғадан кейін сотқа тартылып, өмірлік түрме жазасына кесілген кесілген Рустам Ибрагимов өлтірген. Тергеу болжамынша, бұл іске саясаткерді ұрлап әкетуді ұйымдастырған Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті «Арыстан» арнайы бөлімшесі офицерлерінің де қатысы бар.

2006 жылы ақпан айында жұмбақ жағдайда қастандықпен өлтірілген азаматтардың – Қазақстан оппозициясы басшыларының бірі Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілері Василий Журавлев және Бауыржан Байбосын үшеуінің денесі Алматы маңынан табылған. Жәбірленуші тараптың мәлімдеуінше, содан бері тергеу амалдарында ешқандай ілгерілеу болмаған және қылмысқа тапсырыс берушінің есімі әлі күнге дейін аталмаған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG