Қарашаның 7-сі күні Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған соты оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне байланысты сотталған Ержан Өтембаевты (сенат аппаратының бұрынғы жетекшісі) түрмеден шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға шешім шығарды.
Судья 59 жастағы Өтембаевтың «абақты режимін бұзбағанын, керісінше жақсы жағынан көрінгенін, түрмеде 16 рет мақтау қағазын алғанын, денсаулық жағдайының нашарлауына байланысты босатылатынын» айтты.
«Сот Ержан Әбілқайырұлы Өтембаев жазасын толық өтеуге мұқтаж емес деп біледі. Сот қылмыстық-процессуальдық кодекстің 453, 455-баптарын басшылыққа ала отырып оның шартты түрде мерзімінен бұрын босату жайлы өтінішін орындауға қаулы етті. Өтембаев әлі өтелмеген 4 жыл 2 ай 29 күндік жазасын орындаудан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылсын» деді судья Ербол Рахымбеков.
Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы, бүгінгі сотқа қатысқан Рысбек Сәрсенбай "әзірше қылмыстың негізгі басты күдіктісі әлі анықталмағанын, нағыз айыптыны жазалауды талап ететінін" айтты. Ол "Ержан Өтембаев Сәрсенбайұлы мен көмекшілерін өлтіруге тапсырыс берген және оны іске асырған адамдарды біледі" деген уәжбен соттан оның босату жайлы өтінішін орындамауды сұраған.
ВИДЕО: Ержан Өтембаевтың соты. Астана, 7.11.2014
Астана маңындағы 166/10 қылмыстық жазалау мекемесінде қамауда отырған Ержан Өтембаев 2006 жылы қаза болған оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі серігінің өліміне қатысты айыпталып, сотталған.
2006 жылы ақпан айында Қазақстан оппозициясы басшыларының бірі болған Алтынбек Сәрсенбайұлы екі көмекшісі - Василий Журавлев және Бауыржан Байбосынмен бірге Алматыда жұмбақ жағдайда кісі қолынан қаза тапқан.
Сол 2006 жылы сот бұл қылмысқа парламент сенаты аппаратының жетекшісі болған Ержан Өтембаев «тапсырыс берген» деп, оны 20 жылға соттаған. Онымен бірге «кісі өлтірді» деп танылған бұрынғы полиция қызметкері Рустам Ибрагимов те сотқа тартылып, өмір бойы түрмеге қамалу жазасына кесілген.
Бірақ 2013 жылы 20 желтоқсан күні Қазақстанның бас прокуратурасы "Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге шын мәнінде Рахат Әлиев тапсырыс берген" деп мәлімдеді.
Бас прокуратураның дерегінше, Рустам Ибрагимов 2012 жылдың сәуір айында жоғарғы сотқа жүгініп, Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берген Ержан Өтембаев емес - Рахат Әлиев пен ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев деп көрсеткен.
Бас прокуратура 2013 жылы 11 желтоқсан күні "Рустам Ибрагимов келтірген мәліметтер мен жаңа деректерге" сүйеніп, жоғарғы соттан Сәрсенбайұлы мен оның екі серігінің өліміне қатысты сот үкімін қайта қарауды сұрады.
Жоғарғы сот былтыр 19 желтоқсан күні Өтембаевқа қатысты үкім күшін ішінара жойып, істі Алматы облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотына қайта қарауға жіберген. Биыл ақпанның 3-і күні Ержан Өтембаевқа қайта үкім шығып, оны "қылмысқа айдап салушы" ретінде 13 жылға соттаған. Ол өзін шартты түрде мерзімінен бұрын босату жайлы өтінішті биыл қазанда жазған.