БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі бүгін Украинадағы жағдайға байланысты шұғыл жиын өткізеді. Литва Донбасстағы, әсіресе соңғы күндері Донецк түбіндегі Марьинка елді мекенінде жағдай шиеленіскен соң төтенше жиын өткізуге шақырған.
Маусымның 3-і күні ресейшіл сепаратистер Марьинкадағы украин әскерилерінің бекінісіне танктер мен артиллерияны қолданып, шабуылдаған. Екі жақ арасында болған ұрыстан бес украин сарбазы қаза тауып, 39-ы жараланған.
Ақпан айында Минскіде Донбасстағы қақтығысты тоқтату туралы келісім жасалғалы бері мұндай ауқымды ұрыс пен адам шығыны болмаған. Ол келісім бойынша, екі жақ қақтығыс аймағынан ауыр қару-жарақтарын әкетуге тиіс болған.
Маусымның 4-інде парламентте сөйлеген Украина президенті Петр Порошенко Донбасста "ауқымды соғыс қимылдары қайта басталу қаупі төніп тұрғанын" мәлімдеген.