Тамыздың 18-і күні Астана қалалық сотының кассациялық алқасы Павлодар түрмесінде отырған Арон Атабектің (ресми тегі – Едігеев) 2014 жылы қазанның 19-ында жазған жеті талабының қалған екеуін – «тұтқынның қамау орнын ауыстырғаны жөнінде туған-туыстарына дер кезінде хабар беру» және «тәркіленген қолжазбаларын қайтару» туралы өтінішін қарады.
«ШЕШІМ ШАҒЫМДЫ ҚАЙТА ЖОЛДАУҒА КЕДЕРГІ ЕТПЕЙДІ»
Судья Таисия Мирзоян төрағалық еткен, судья Жанна Ермағамбетова жүргізген сотқа шағымданушы тараптан Арон Атабектің адвокаты Жанар Балғабаева қатысты.
Адвокат Балғабаева Атабектің шағымды қылмыстық-атқару кодексінің 25-бабы («Жазаны өтеу орны туралы хабарлама») мен авторлық құқық туралы заңға негіздеп бергенін айтты. Жауапкер тарап – қылмыстық атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) өкілі бұл іске бірінші рет қатысып отырғанын айтып, қандай да бір сұраққа жауап беруден бас тартты. Ал мемлекеттік айыптаушы Раушан Әмірханова шағымды қанағаттандырмауды сұрады.
Сот Арон Атабектің шағымын жарты сағат көлемінде қарап, оны қанағаттандырмау жайлы шешім шығарды.
– Бірақ бұл шешім кемшіліктері алынған соң шағымды қайта жолдауға кедергі етпейді, – деді судья Жанна Ермағамбетова.
Бірақ бұл шешім кемшіліктері алынған соң шағымды қайта жолдауға кедергі етпейді.Судья Жанна Ермағамбетова.
Арон Атабектің 2014 жыл 19 қазанда сотқа берген шағымында жеті талап айтылған. Олардың арасында «ҚАЖК-нің Атабекке қатысты әрекеті қатыгез әрі адамның ар-намысына тию екендігі мойындалсын, ол фактілерге қатысты тәуелсіз тергеу жүргізілсін, Атабектің АП-162 мекемесінде қамауда болуы заңсыз деп танылып, оны өзі бұрын қамалған Алматы облысы территориясындағы түзеу мекемесіне жіберсін, оны жан-жақты медициналық тексеруге жіберсін, құқықтық қолдау көрсеткісі келген бөгде адамдармен кездесуге рұқсат етсін» деген сынды талаптар бар.
Арон Атабектің шағымы жайлы кассациялық сот видеосы:
Биыл наурызда өткен кассациялық сот бұл шағымның басқа талаптарын қанағаттандырмай, «тұтқынның қамау орнын ауыстырғаны жөнінде туған-туыстарына дер кезінде хабар берілсін» және «тәркіленген қолжазбаларын қайтарсын» деген екі талабын ғана қосымша қарастыруға жіберген еді.
«ҰСАҚ-ТҮЙЕК ЖЕҢІЛДІК»
Арон Атабектің ресми өкілі Бақытжан Төреғожина «билік шағымды ресми қанағаттандырмағанмен, кейбір талаптарда бейресми алға басу бар» екенін айтады.
– Мәселен, Атабек тергеу абақтысында медициналық тексерістен өтті. Аяғы сынған еді, таяғын берді. Камерасының жағдайын түзеп, унитаз орнатты. Соңғы жеңілдік – оны жалғыз кісілік камерадан төрт адамдық камераға көшірді. Билік сотта бізге жеңіс бермей, бейресми ұсақ-түйек жеңілдік жасап отыр, – дейді Бақытжан Төреғожина.
Бақытжан Төреғожина Арон Атабектің жеті талабы түгел орындалмай қалған шағымы бойынша жоғарғы сотқа, іс өнбесе БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетіне шағымданатындарын айтады.
Ақын әрі диссидент Арон Атабек 2006 жылғы Шаңырақ оқиғасына қатысты айыппен 2007 жылы 18 жылға сотталған. Ол түрмеде өткізген сегіз жылдың ішінде абақты ауруханасына бірде-бір рет жіберілмеген. Алайда осы уақыт ішінде Атабек екі мәрте «түрме ішіндегі түрме» шарасымен жазаланған, яғни хат жазысу мен кездесу құқығынсыз, ұзақ уақыт жалғыз қамалған. 2013 жылдың желтоқсанынан бері оны бір тергеу изоляторынан екіншісіне ауыстырумен келеді. Оның түрмедегі жеңілдетілген режимге ауыстыруды сұрап өтініш беруге мүмкіндігі жоқ – алдыңғы сөгісті алып тастайтын мерзім жақындаған сайын оған жаңа сөгіс (жаза) беріліп келеді.
2010 жылы диссидент ақын Арон Атабек халықаралық «Шығармашылық еркіндігі» сыйлығына лайық деп танылған. Ол – 2007 жылғы оппозициялық «Азаттық» сыйлығының лауреаты. Қазақстанның бірқатар құқық қорғау ұйымдары Арон Атабекті саяси тұтқын деп таниды.
2006 жылы шілдеде билік Алматы маңындағы Шаңырақ ауылында заңсыз салынды деп тапқан үйлерді қиратпақ болған кезде шыққан тәртіпсіздікке байланысты Арон Атабекке қоса тағы үш азамат– Құрманғазы Өтегенов, Ерғанат Тараншиев және Рүстем Тұяқов қылмыстық сипаттағы айыптармен сотталған.