Accessibility links

Арон Атабек жалғыз кісілік камерадан шықты


Алматы маңындағы Бақай ауылындағы үйлерді күреуге қарсылық акциясы кезінде аяғын жаралап алған ақын әрі диссидент Арон Атабек. Алматы, 13 мамыр 2006 жыл.
Алматы маңындағы Бақай ауылындағы үйлерді күреуге қарсылық акциясы кезінде аяғын жаралап алған ақын әрі диссидент Арон Атабек. Алматы, 13 мамыр 2006 жыл.

Павлодар қаласындағы тергеу абақтысында отырған ақын әрі диссидент Арон Атабек камера үлгісіндегі бөлмеден жалпы камераға ауыстырылды.

Павлодар облысындағы Қоғамдық бақылау комиссиясы мүшесі Елена Семенованың Азаттыққа хабарлауынша, Павлодар қаласындағы тергеу абақтысында отырған Арон Атабек (ресми аты-жөні – Арон Едігеев) камера үлгісіндегі бөлмеден төрт кісілік камераға ауыстырылған.

ТӨРТ КІСІЛІК КАМЕРАДАҒЫ ҮШЕУ

Бұл ақпаратты Азаттыққа ІІМ-ге қарасты қылмыстық-атқару жүйесі комитеті де растады. Ведомствоның баспасөз қызметі жетекшісі, полковник Ғалымжан Хасенов:

Қазір Атабек төрт кісілік камерада отыр. Оның жанында тағы екі кісі бар, үшіншісі – өзі.
Ғалымжан Хасенов.

- Иә, шынымен, кеше оны камера үлгісіндегі бөлмеден бұрын отырған учаскесіне ауыстырды. Қазір ол төрт кісілік камерада отыр. Оның жанында тағы екі кісі бар, үшіншісі – өзі, - дейді.

Арон Атабек бұрын екі кісілік камерада жалғыз отырған.

Кеше Елена Семенова мен Павлодар облысындағы Қоғамдық бақылау комиссиясының тағы екі мүшесі тұтқындар тергеу абақтысы территориясына серуенге шыққан кезде Арон Атабекке жолыққан. Оған келушілерді абақты бастығының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, майор Бауыржан Ауғанбаев ертіп жүрген.

- Аронға балдақты серуенге шыққан кезде ғана береді екен. Біз барғанда соған сүйеніп жүрді, - дейді Елена Семенова.

Оның айтуынша, Арон Атабек құқық қорғаушылармен кездескенде қатты қуанған, өйткені жарты ай бұрынғы кездесуден кейін ол құқық қорғаушыларды енді ұзақ уақыт немесе мүлде көре алмайтын шығармын деп ойлаған. Семенованың айтуынша, Арон Атабек әсіресе «бір кісілік камерадан жалпы камераға ауыстырады» деген хабарға қатты қуанған.

Семенованың айтуынша, Арон Атабекпен кездесу 15 минуттан аспаған. Ол соңғы жарты айда түрме әкімшілігінің көзқарасы жақсарып, дұрыстап емдей бастағанын айтып, ал түрме бастығының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары майор Ауғанбаевты мүлде «адамгершілігі мол жігіт» деп мақтаған.

Аронға балдақты серуенге шыққан кезде ғана береді екен. Біз барғанда соған сүйеніп жүрді.
Елена Семенова.

Елена Семенованың айтуынша, Арон Атабек түрме тамағына қатысты шағымданбаған, бірақ ол асхана тамағынан гөрі өзі кептірген нанды жақсы көреді екен.

2006 жылдың шілдесінде Алматы түбіндегі Шаңырақ оқиғасына қатысты айыппен 18 жылға сотталған ақын әрі диссидент Арон Атабек қазір жаза мерзімінің жартысын өтеді. Түрмедегі жеңілдетілген режимге ауыстыруды сұрап, өтініш беруге оның мүмкіндігі жоқ – алдыңғы сөгісті алып тастайтын мерзім жақындаған сайын оған жаңа сөгіс (жаза) беріліп келеді.

Бұдан ертеректе ҚАЖК баспасөз қызметі жетекшісі, полковник Ғалымжан Хасенов Азаттыққа берген комментариінде түрмеде Арон Атабекті алаламайтынын, оған өзге тұтқындармен бірдей талаптар қойылатынын айтқан.

Арон Атабек өлең, мақалаларында президент Нұрсұлтан Назарбаев режимін сынауды түрмеде де тоқтатпаған. Қазақстандық құқық қорғаушылар Арон Атабекті саяси тұтқын санайды. Арон Атабекке халықаралық ПЕН-клуб, Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы және «Ашық диалог» құқық қорғау ұйымы араша түскен.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG