Өткен аптада Павлодар облысындағы қоғамдық бақылау комиссиясы мүшесі Елена Семенова Павлодар қаласындағы тергеу абақтысында (СИЗО) отырған 62 жастағы ақын әрі диcсидент Арон Атабекпен жолығып қайтты. Семенова - тұтқынмен жолыққан санаулы құқық қорғаушылардың бірі.
Арон Атабек (ресми аты-жөні – Арон Едігеев) 2006 жылдың шілдесінде Алматы түбіндегі Шаңырақ кентінде бір полицей қаза тапқан оқиғаларды ұйымдастырды деген айыппен 18 жылға сотталған. Ол өлең, мақалаларында президент Нұрсұлтан Назарбаев режимін сынауды түрмеде де тоқтатпаған.
Арон Атабек туыстарына жолдаған хатында жазғандай, түрме басшылығы бұл әрекетіне қарымта ретінде оны өзге тұтқындардан оқшаулап, денсаулығына зиянды шаралар қолданған.
ІІМ-нің қылмыстық-атқару жүйесі комитеті баспасөз қызметі басшысы Ғалымжан Хасенов «түрме жүйесі қызметкерлері тұтқындардың ешқайсысын алаламай, барлығына бірдей қарайды» деп мәлімдейді.
ЕКІ КІСІЛІК КАМЕРА
Бұдан ертеректе ақын әрі диссидент Арон Атабек «көбінесе карцерге қамап қояды, камера типтес бөлмеде жалғыз ұстайды» деп шағымданған еді. Жақтастары мен туыстарының есебінше, ол осы уақытқа дейін өтеген тоғыз жылының жартысына жуығын карцер, камера үлгісіндегі бөлме сияқты оқшауланған жағдайда өткізген. Оны Қостанай облысы Арқалық қаласындағы өмір бойына түрмеге кесілгендер отыратын «жабық» - «түрме ішіндегі түрмеге» қамап, екі мәрте жазалаған.
Басынан өткен жайттардың бәрінен, ұзақ мерзім бойы аядай камерада жалғыз қамалудан әбден қажып, шаршаған сияқты.
- Камера екі кісілік – онда бірінің үстіне бірі екі кереует қойылған. Бірақ екі кісілік камера болғанымен, Арон Атабек онда жалғыз отырады екен. Басынан өткен жайттардың бәрінен, ұзақ мерзім бойы аядай камерада жалғыз қамалудан әбден қажып, шаршаған сияқты. Оның қазіргі СИЗО-да отырғанына бір жыл төрт ай болыпты, - дейді Елена Семенова.
Құқық қорғаушының сипаттауынша, Арон Атабек ұзындығы шамамен екі, ені екі метр болатын аядай камерада отыр. Камерада қолжуғыш, тумба мен унитаз орнатылған. Аядай терезеден жөнді жарық түспейді. Дұрыс желдетілмеген камерада күлімсі иіс сезіледі.
Бұдан ертеректе Арон Атабек аяқтары ауыратынын, балдақсыз жүре алмайтынын айтып шағымданған. Жақтастары пошта арқылы жібірген балдақтарды түрме әкімшілігі жарты жылдай бермей қойған. Құқық қорғаушымен кездесу кезінде тұтқын балдақсыз болған.
- Камерасында балдақ жоқ. Оларды серуенге шыққан кезде ғана береді екен. Ал орнынан өздігінен тұрды, - деп түсіндіреді Елена Семенова. Құқық қорғаушы «Арон Атабектің қандай жағдайда отырғанын көргім келеді, сондықтан онымен камерасында кездесемін» деген талап қойғанын айтады.
Атабек матрасты түнге қарай ғана беретінін, төсек жаймалары жоқ екенін, түрме дүкенінен әлдебір азық-түлік сатып алу үшін ақша жатқан карточкасын пайдалануға рұқсат бермейтінін және карточкасындағы 17 мың теңге жоғалып кеткенін айтып үлгерген. Құқық қорғаушының айтуынша, Атабек түрме әкімшілігі тартып алған қолжазбаларын қайтармағанын айтып та шағымданған.
Құқық қорғаушының айтуынша, кездесуге шектеулі уақыт берілген әрі түрме әкімшілігі кездесуді аяқтауды сұрап, асықтырған.
- Кездесу уақыты он минуттан асқан жоқ. Уақытымыз тым шектеулі болып, бізді үнемі асықтырып тұрды. Ең негізгі жайттарды айтып үлгеру үшін ол бәрін тезірек айтуға тырысты. Бізді «тезірек», «уақыт болды», «түскі ас мезгілі», «уақыт бітті» деп асықтырды, - дейді Елена Семенова.
ТҰТҚЫННЫҢ СӨГІСТЕРІ
Арон Атабек жаза мерзімінің жартысын өтеп біткен. Шілденің 17-сінде түрмеде отырғанына тоғыз жыл толған. Әдетте жаза мерзімінің жартысын өтеген тұтқындарға жеңілдетілген режимге ауыстыруға өтініш беру құқығы беріледі. Бірақ алдыңғы сөгісті алып тастайтын уақыт жеткенде жаңа сөгіс жамап алып, жеңілдетілген режимге ауысу мүмкіндігінен айырылатын Арон Атабекке мұның қатысы жоқ.
- Арон Атабек бір жыл төрт ай бойы «камера типтес бөлме» деп аталатын камерадан шығуға мүмкіндік бермегенін айтты. Яғни, әлгі камерадан шығатын мерзім жақындаған кезде (ал бұл жолы шығуына аптаға толмайтын уақыт қалыпты) күн сайын таңертең және кешке кіші лейтенант келіп, күшпен шұлығы мен іш киімін шешкізіп, отырып-тұруға мәжбүрлеп, әдейі арандатады екен. Оның үстіне, мұның бәрі видеокамераға жазылатын көрінеді, - дейді Елена Семенова.
Семенованың айтуынша, құқық қорғаушы мен Арон Атабектің кездесуіне қатысқан әкімшілік өкілдері мұның себебін «отырғызып-тұрғызу, киімін шештіру және мұның бәрін видеокамераға жазу сияқты тінту шаралары тәртіпке сай осылай өтеді» деп түсіндірген.
«Жағдайын одан нашарлатып жіберетін кезекті сөгіс алатынын түсіне тұра Арон Атабек неліктен «режимді бұза береді?» деген сұраққа Елена Семенова интернетте «әрине, дардай еркек болған соң, мұның бәріне қалай шыдайсың» деген оның сөздерін жазды. 2012 жылдың желтоқсанында Азаттыққа берген сұхбатында Арон Атабек бұл сұраққа «түрме әкімшілігінің ар-намысымды қорлайтын талаптарын орындауға намысым жібермейді» деп жауап берген.
ҚАЖК баспасөз қызметі жетекшісі, полковник Ғалымжан Хасенов Азаттыққа берген комментариінде Арон Атабекті алаламайтынын, оған өзге тұтқындармен бірдей талаптар қойылатынын айтқан.
Арон Атабекке халықаралық ПЕН-клуб араша түскен. Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы оның түрмедегі жағдайына алаңдайды. «Ашық диалог» құқық қорғау ұйымы оған «Диссидент Арон Атабек Қазақстан түрмесінде қатыгездікке ұшырап отыр» деген жеке баяндама арнаған. Қазақстандық құқық қорғаушылар Арон Атабекті саяси тұтқын санайды.