Accessibility links

Теңге шамамен 30 пайызға құнсызданды


Теңгенің жаңа бағамы ілінген тақта жанынан өтіп бара жатқан адам. Алматы, 20 тамыз 2015 жыл.
Теңгенің жаңа бағамы ілінген тақта жанынан өтіп бара жатқан адам. Алматы, 20 тамыз 2015 жыл.

Кеше теңгенің долларға шаққандағы бағамы 198-ге жеткен еді. Қазақстан валютасы бүгін кешегі құнынан тағы шамамен 30 пайыздайға құлдырады.

Бүгін таңертең Қазақстан үкіметінің селекторлық отырысы онлайн режимде өтіп, онда тамыздың 20-сынан бастап теңге бағамының еркіне жіберілгені хабарланған еді. Түске таман теңгенің долларға шаққандағы бағамы 250-ден асып кетті.

Астанадағы үкімет үйінде өткен селекторлық отырысқа төрағалық еткен Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов: "Экономиканың барлық секторларында үкімет жүргізіп жатқан құрылымдық реформаларды қолдау қажеттігі инфляциялық бағдарлауға тезірек көшуге алғышарттар жасап отыр. Осыған орай, Ұлттық банк пен үкімет 2015 жылғы тамыздың 20-сынан бастап жаңа қаржы-несиелік саясатты іске асыруға кірісті, енді валюта дәлізі болмайды, теңге бағамы еркіне жіберілді" деп мәлімдеді.

Мәсімовтің сөзіне қарағанда, "Енді теңге бағамы нарықтағы ұсыныс пен сұраныс негізінде қалыптасады. Ұлттық банк теңгенің нарықтық бағамын қалыптастыруға бұдан ары араласпайды. Бірақ елдің қаржылық жүйесі тұрақсыздана бастаған жағдайда ішкі валюта нарығына валюталық интервенция арқылы араласу құқығын сақтайды".

Премьер-министрдің айтуынша, "Валюта айырбастау бағамының нарықтық сұраныс және ұсыныс негізінде қалыптасуына мемлекеттің араласпауы экономикалық өсімді қалпына келтіруге, инфляция мен жұмыссыздықтың көбеюін тежеуге, халықтың әл-ауқатының жақсаруына алғышарттар жасайды".

Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің теңге бағамына қатысты мәлімдемесін тыңдап отырған журналистер. Астана, 20 тамыз 2015 жыл.
Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің теңге бағамына қатысты мәлімдемесін тыңдап отырған журналистер. Астана, 20 тамыз 2015 жыл.

​Шілденің 15-іне дейін теңгенің долларға шаққандағы айырбас бағамының ауытқу шегін 170-188 теңге болып келген еді. Шілденің 15-і күні Ұлттық банк теңгенің ең жоғарғы ауытқу шегі бір доллар үшін 198 теңге деп белгіледі. Ал бүгін үкімет пен Ұлттық банк теңгенің долларға шаққандағы айырбас бағамының қандай да бір ауытқу шегін алып тастады.

Американың Bloomberg бизнес-басылымы тамыздың 19-ы күні жариялаған мақаласында теңге бағамының құлдырау себебін өткен аптадағы Қытай юаны девальвациясымен, Украинадағы дағдарыстан кейін рубльдің құлдырауымен, мұнай бағасының арзандауымен түсіндірген еді.

Кеше Қазақстандағы коммерциялық банктер мен валюта айырбастайтын орындарында бір АҚШ долларының бағамы 198 теңгеге жетті. Алайда бүгін түске таман валюта айырбастау пункттері бір доллардың теңгеге шаққандағы бағамын шамамен 30 пайызға қымбаттатып, яғни 250 теңгеден жоғары қоя бастады.

Астанада үкіметтің селекторлық отырысынан кейін өткен брифингте Ұлттық банк басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов долларды сату және сатып алудың арасындағы "екі теңгелік" айырманың сақталатынын мәлімдеді.

Келімбетов "Доллар бағамының сату және сатып алу айырмасы екі теңгеден аспайды деген ереже алынып тасталмайды. Бұл ереже қалады" деген.

Теңгенің еркін бағамы туралы Кәрім Мәсімовтің сөзі:

Кәрім Мәсімовтің теңге жайлы мәлімдемесі
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:13 0:00

XS
SM
MD
LG