Accessibility links

Сарапшылар: Келімбетов «дәлізі» теңгеге тарлық етеді


Бір АҚШ долларының бағамы 198 теңгеге өскен күні валюта айырбастайтын орында тұрған адам. Шымкент, 19 тамыз 2015 жыл.
Бір АҚШ долларының бағамы 198 теңгеге өскен күні валюта айырбастайтын орында тұрған адам. Шымкент, 19 тамыз 2015 жыл.

Экономистер доллар бағамының бүгінгі қымбаттауын нарықтың қалыпты реакциясы дейді. Кейбір сарапшылар келешекте «сырғымалы девальвация» болады деген пікірде.

Бүгін түстен кейін кейбір валюта айырбастайтын орындар мен банктерде бір АҚШ долларының бағамы 198 теңгеге жетті. Теңге бір күнде құнын 4,4 пайызға жоғалтты. Мұндай құлдырау 2014 жылдың ақпанындағы теңге девальвациясынан бері болмаған. Валюта айырбастау орындарының көбі операцияларын уақытша тоқтатты. Әлеуметтік желілерде ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовтің фотосуреті мен осыдан екі ай бұрын айтқан «теңгенің тұрақтылық қоры мықты» деген сөздері және мысқылдаған комментарийлер тарады.

АРЗАН МҰНАЙ, ӘЛСІЗ РУБЛЬ

Бүгін таңертең Қазақстан қор биржасы сайты «Бір АҚШ долларының орташа бағамы – 188,38 теңге, сату көлемі – 161 500 USD» деп хабарлаған. Теңге түс кезінде құлдырады.

Ұлттық банктің бұрынғы жетекшісі әрі саясаткер Ораз Жандосов ұлттық банк «теңгені нақты бағамына тым кеш әкеле бастады» деп санайды.

– Қандай бағам қалыпты немесе қалыпты еместігін нарықтан өзге ешкім білмейді. Бірақ бұрынғысына қарағанда, мына бағам нақтырақ. Ұлттық банк қызық, теңге бағамын не үшін ұзақ ұстап келді, тіпті еркіне жібермей әлі ұстап отыр, еркін құбылмалы бағамға неге көшпейді? Мұны мүлде түсінбеймін, ал олар ешқандай дәйекті уәж келтірмейді, - деді Ораз Жандосов Азаттыққа.

Ол егер мұнай бағасы осы арзан қалпында болып, ал Ресей рублі құлдырауын тоқтатпаса, теңге бағамын еркіне жіберу керек деп санайды. Бірақ «Мұндай қадамға бара ма?» деген сұраққа Жандосов жауап бере алмады.

Қазақстан теңгесінің АҚШ доллары, еуро және Ресей рубліне шаққандағы бағамы көрсетілген электронды табло. Алматы, 19 тамыз 2015 жыл.
Қазақстан теңгесінің АҚШ доллары, еуро және Ресей рубліне шаққандағы бағамы көрсетілген электронды табло. Алматы, 19 тамыз 2015 жыл.

Ал «ешқандай себеп байқамаған» мұнай-газ нарығы сарапшысы Сергей Смирнов доллар бағамының күрт қымбаттауын күтпеген жайтқа балайды.

– Бензин бағасы 108 теңгеге дейін қымбаттаған кезде олар мұнайдың бір баррелінің бағасы 60 доллардан 65-ке дейін қымбаттауымен түсіндірді. Ол кезде теңгеге ештеңе болған жоқ. Енді мұнай бағасы 50 доллардан арзандап кеткен кезде бензин бағасы сол қалпы қалды, ал теңгені ауытқу шегіне дейін құлдыратып жіберді. Дәлізді бұдан әрі кеңейткеннен басқа олардың амалы жоқ, - дейді Сергей Смирнов.

Сарапшы биыл күзде бензин тапшылығы пайда болып, оның бір литрі 120 теңгеге дейін қымбаттайды деген болжам айтады.

Экономист әрі оппозициялық саясаткер Петр Своик теңге бағамына қатысты жағдай ұлттық банк пен үкіметтің соңғы кездегі қорғаншақ саясатына қатысты нарықтың реакциясы деп санайды.

– Айырбас пункттері тым асырып жіберді. Ұлттық банк теңгені тым шапшаң арзандата бастағаны түсінікті. Енді оны шамамен 190 теңгеге дейін немесе одан сәл түсіреді, ары қарай құбылтпайды. Теңге бағамын тұрақтандыруға резерв жетеді. Билік сырғымалы девальвацияға көшті, бірақ абыржудың реті жоқ, бәрі баяу жүреді, - деді Петр Своик Азаттыққа.

Оның пікірінше, үкіметте мына жағдайдан шығудың нақты концепциясы жоқ, қордаланған проблемаларды тіпті девальвация да шешпейді. «Мәселе теңге бағамында емес, үкіметтің ұстанған бағытында» дейді Своик.

ЮАНЬ ДЕВАЛЬВАЦИЯСЫ

Бүгін Американың Bloomberg бизнес-басылымы алдыңғы ірі девальвация осыдан 18 ай бұрын – былтыр ақпанда теңге 20 пайызға жуық құлдыраған кезде болғанын жазды. Бүгін теңге 4,4 пайызға құнсызданды. Мақала авторлары теңге бағамының құлдару себебін өткен аптадағы Қытай юаны девальвациясымен, Украинадағы дағдарыстан кейін рубльдің құлдырауымен, мұнай бағасының арзандауымен байланыстырады.

Қытай юані. (Көрнекі сурет)
Қытай юані. (Көрнекі сурет)

Лондондағы Nomura Holdings компаниясының сарапшысы Тимоти Эш Bloomberg агенттігіне Астана «пойызға қарсы тұруға қауқары жетпейтінін түсінді» дейді. Мақалада Лондондағы BCS қаржы тобының сарапшысы Льюис Саэнздің «мұнайдан түсетін кіріс азайып, рубль құлдыраған тұста бюджетке қатысты проблемалары көбейген Қазақстанда теңге девальвациясы мұнымен аяқталмайды» деген болжамын келтірген.

Ертең Астанада премьер-министр Кәрім Мәсімов пен ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовтің брифингі жоспарланған. Бұдан ертеректе билік «теңгені девальвациялауға негіз жоқ» деп мәлімдеген еді.

XS
SM
MD
LG