Азаттық тілшісі Чарльз Рекнагель юань құнсыздануының басқа елдерге әсерін анықтау үшін сарапшыларға үш сауал қойды.
БАСҚА ВАЛЮТАЛАРҒА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТПЕК?
Тамыздың 11-і күні Пекиннің юаньді аяқастынан екі пайызға құнсыздандырғаны (соңғы 20 жылдағы ең көп арзандау) Қытай экономикасы әлсірей бастағанынан белгі бергендей болды. Демек, алдағы айларда мұнайға деген сұраныс азаюы мүмкін.
Бұдан соң, ОПЕК елдері бастаған мұнай өндірушілер көмірсутегі шикізаты бағасын арзандатып жіберді. АҚШ-тағы бағаны да ескерсек, мұнай құны барреліне 43 долларға түсті. Бұл - соңғы алты жылдағы ең төмен баға.
Соңғы жылдары мұнай бағасының күрт құлдырауы мен Украинадағы оқиғаға байланысты АҚШ пен ЕО салған санкциялардан жағдайы нашарлап кеткен Ресей үшін бұл жағымсыз жаңалық болды. Мұнай құнының кез келген бағаға арзандауы рубльді әлсіретеді, бұл елдің экономикасы көмірсутегі шикізаты экспортымен тығыз байланысты.
Ресей валютасы тамыздың 12-сі күні тағы құнсызданып, долларға шаққанда 64 рубльге құлдырады. Шикізат экспорттайтын басқа елдер де ұлттық валюталарының шатқаяқтап тұрғанын байқады және шикізатқа деген сұраныс азая ма деп қорқады.
Дегенмен Қытай әрекетінен көп жапа шегетін шикізат экспорттаушы мемлекеттер емес, әлемдік нарыққа өнеркәсіп тауарларын шығару бойынша Қытаймен бәсекелес болып келе жатқан (көбінесе Шығыс Азия елдері) елдер болса керек. Пекин валютасының құнсыздануы Қытайдың экспорт тауарларын арзандатады, сондықтан бәсекелестері де солай істеуге тиіс.
АРЗАН ЮАНЬ ӘСЕРІ ҚАНШАҒА СОЗЫЛАДЫ?
Тауар өндірушілер «Қытай экономикасы осылай әлсірей бере ме?», «Әлемдік сұраныстың азаюы сақтала ма әлде қалпына келе ме?» деген сұрақтарға жауап іздейді. Сарапшылардың көбі «Пекин осы жылдың бірінші және екінші тоқсанындағы ЖІӨ-нің (жалпы ішкі өнім) жеті пайыздық өсімін одан ары қолдау мақсатында осындай әрекетке барды» дейді. Бұл соңғы алты жылдағы ең баяу өсім көрсеткіші болып отыр.
Юаньді құнсыздандырып, экспорттық тауарларды арзандату Қытай экспортының сегіз пайызға төмендеуін (былтырғы шілдемен салыстырғандағы көрсеткіш) тоқтатуы мүмкін. Лондондағы Capital Economics-тің дамушы елдер экономикасы бойынша сарапшысы Уильям Джексон «Қытай тарапынан мұнайға сұраныстың азаюы ұзаққа бармайды» дейді.
«Қытайдың мұнайға деген сұранысы бұрынғысынан күрт төмендеп кетеді деуге ешқандай негіз жоқ. Қытай экономикасы алдағы бірнеше тоқсанды жақсы өткермек, бірақ мұнайға сұранысы өзгереді деуге келмейді» дейді Джексон.
Қытайдың өзі «девальвация әлсіреген экономиканы қолдау мақсатында жасалды» демейді, бұл әрекетін Пекин «юаньді нарыққа бейімдеу және оның мәртебесін нақтылау қадамы» деп түсіндіреді. Демек, Қытай осы жылдың соңында Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) юаньға әлемдік резервтік валюта мәртебесін бергенін қалайды.
Бұрын валюталар бағамын белгілеуге үнемі араласып отыратын Қытайдың орталық банкі «енді нарықтың реттеуі басым болады» дейді. Яғни, Пекин осылайша ХВҚ-ға «өз валютасының халықаралық саудада ашық әрі сенімді құрал бола алатынын» тұспалдап отыр.
ТАҒЫ НЕНІ ЕСКЕРУ ҚАЖЕТ?
Кейбір сарапшылар «Азиядан тысқары жатқан дамушы елдердің көбі юаньнің құлдырауы валютамызға ықпал етеді деп қорықпаса болады» дейді. Себебі, АҚШ долларының күшеюі онсыз да тікелей әсер етіп жатыр, ал юаньнің долларға шаққанда арзандауы сол әсердің бір көрінісі ғана.
Ресей сияқты көптеген елдер үшін халықаралық қарыздарын төлеу қиындады, себебі мұндай қарыздар көбіне АҚШ валютасымен қайтарылады. Сондықтан долларды сатып алу бағасы қымбаттап барады.
Лондондағы Renaissance Capital банкінің ғаламдық бас экономисі Чарльз Робертсон «шикізат құны арзандаған кезде валютасы әлсіз дамушы елдер көбірек жапа шегеді» дейді.
«Үш жағдай бірден орнаса, мәселен, дамушы елдердің валютасы долларға шаққанда арзандаса, шикізат тауарларының бағасы түссе және сыртқы қарызды төлеу қиындай түссе – осы үшеуі дамушы елдер үшін өте қауіпті, оның қасында Қытай валютасының бір-екі пайызға құнсыздануы түк те емес» дейді ол.
АҚШ доллары соңғы жылдары Америка экономикасы өнімділігі артуына байланысты қымбаттап барады, егер Федералдық резерв жүйесі биыл пайыз мөлшерлемесін арттырмаса, одан әрі де қымбаттай беретін тәрізді. Басқа валюталар әлсіз кезеңде ғаламдық инвесторлар долларға ғана сүйенеді, бұл долларды одан әрі тартымды ете түспек.
Чарльз Рекнагель мақаласы ағылшын тілінен аударылды.