Accessibility links

Клинтонға Бішкектен жеткен құпия хат


Қырғызстан уақытша үкіметінің басшысы Роза Отынбаева мен үкімет мүшесі Алмазбек Атамбаев. Бішкек, 26 сәуір 2010 жыл.
Қырғызстан уақытша үкіметінің басшысы Роза Отынбаева мен үкімет мүшесі Алмазбек Атамбаев. Бішкек, 26 сәуір 2010 жыл.

АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонның 2010 жылғы маусымдағы электрондық хаттарында Қырғызстандағы жанжал сөз болған. Онда «Назарбаевтың қысымы» жайлы да айтылған.

АҚШ федералдық тергеу бюросы бұрынғы мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтонның жеке электронды поштасымен қызмет бабы бойынша хат алмасу ісін тергеу барысында қызықты хат тапты. Ол хатты оқыған соң Қырғызстандағы Бакиевті тайдырған 2010 жылғы революция мен одан кейін іле-шала басталған этносаралық қақтығыстар туралы АҚШ-қа кімнің қандай ақпаратты жіберіп отырғаны белгілі болды.

2010 жылдың сәуір айында Бішкек қаласында наразылық шараларын өткізген шерушілер жемқорлыққа батқан авторитарлы президент Құрманбек Бакиевті биліктен кетіріп, оның орнына Роза Отынбаева бастаған уақытша үкімет билікке келген. Осы оқиғадан екі ай өткен соң Ош қаласында қырғыздар мен өзбектер арасында ұлтаралық конфликт басталып, мұның соңы Қырғызстанның оңтүстігін қамтыған қантөгіске ұласқан. Қантөгіс кезінде 470-тей адам қаза тауып, 100 мыңнан астам адам үй-жайынан айырылды, бұл оқиғадан әсіресе өзбек ұлтының өкілдері көп зардап шекті.

Дәл осы уақытта АҚШ үкіметі де Қырғызстанға ерекше қырағы көзбен қарап, хабар-ошар алып ұстап отырған. Өйткені Ауғанстандағы соғысқа қажетті жабдықтарды жеткізетін Пентагонның бір әскери базасы осы елде болған.

Сарапшылар 2010 жылғы этносаралық қақтығыстың бірнеше аспектісі жөнінде әлі күнге пікір таластырып келеді. Бұл қақтығыс қаншалық жақсы жоспарланған? Оны ұйымдастыруға биліктен кетірілген Бакиевтің қаншалық қатысы болды? Хаосты ұйымдастыруға қылмыстық құрылымдар да араласқан ба? Эрик МакГлинчи және Эрика Марат сияқты ғалымдар уақытша үкіметтің қабылдаған шешімдерін де, қырғыз қауіпсіздік күштерінің әрекеттерін де кикілжіңді ушықтырушы факторлар қатарында қарастырған. Бірақ бұл сұрақтардың көпшілігіне әлі күнге нақты жауап жоқ.

«ҚАУҚАРСЫЗ ҮКІМЕТ»

2010 жылғы 17 маусымда АҚШ-тың сол тұстағы мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонның атына жазылған «Қырғызстандағы дағдарыстың есебі және ұсыныстар» деп аталған хатта АҚШ сыртқы істер мекемесінің мұндағы жағдай туралы қандай ақпарат алып отырғанын байқауға болады. Хатты Орталық Азиядағы Америка университетінің басқарма мүшесі, заңгер әрі журналист Скотт Хортонның есебі негізінде Клинтонның сенімді өкілі Сидней Блументал жеткізген. Соның алдында ғана Қырғызстан уақытша үкіметінің өкілдерімен ұзақ кездесуден оралған Хортон өз тұжырымдарымен, көрген-білгендерімен бөліседі.

Ош оқиғасынан кейін шатырды паланап отырған өзбек отбасы. Қырғызстан, 20 тамыз 2010 жыл.
Ош оқиғасынан кейін шатырды паланап отырған өзбек отбасы. Қырғызстан, 20 тамыз 2010 жыл.

Хортон Роза Отынбаеваның уақытша үкіметін «қолынан ештеңе келмейтін, Бакиев режимі ұйымдастырған арандатушы әрекеттерге қарсы тұруға қауқары жоқ үкімет» деп сипаттайды, соның негізінде АҚШ үкіметіне түрлі ұсыныстар айтады.

«[Уақытша үкімет] – біреулерге қамқорлық жасау үшін тағайындалған, үнемі ырың-жырың болып жүретін ықпал ету топтарының жиынтығы. Кәсіби мемлекеттік қызметкерлерді қорқытып, үркітіп тастаған. Үкімет ғимаратында үш күн болғанымда үкіметтегі негізгі адамдардың арасында қарабайыр саяси сауда, қорқыту әрекеттері жүріп жатқанын көрдім, кей кездері олар тіпті бар дауыстарымен айқайлап жатты»деп жазады Хортон.

Сарапшы тек уақытша президент Отынбаеваны ғана «барлығының басын біріктіріп тұрған, басқалардың барлығы сыйлайтын тұлға» деп атайды. «Ал қалғандарының бәрі қиын кезеңде елде тұрақтылық орнатудың орнына парламент сайлауы науқанына қызу дайындалып жатыр» дейді Хортон.

Ол әсіресе уақытша үкіметте премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарған қызуқанды саясаткер Әзімбек Бекназаровты «болашақ талқылаулар кезіндегі сенімсіз әрі ұрда-жық әріптес» деп сипаттайды. Сарапшының тұжырымы бойынша, Бекназаров «Пентагонның Манас транзиттік орталығын жабу керек» деген мәлімдеме жасау арқылы демагогияға салынып отыр, «оның мақсаты – әскери база мәселесін парламенттік кампаниясының басты тақырыбына айналдырып, америкалықтардан көбірек ақша алып, оларды шегініс жасауға мәжбүрлеу».

Сарапшы Қырғызстанның қазіргі президенті Алмазбек Атамбаевты да демагог саясаткерлердің қатарына қосады, «бірақ ол салыстырмалы түрде тәуірлеу» дейді. Ал Отынбаева Манас базасы бойынша «ақылмен әрекет еткен». Уақытша үкіметтің биліктегі миссиясы аяқталған соң 2011 жылы өткен сайлауда Атамбаев ел президенті болып сайланғаны белгілі. Ол билікке келген соң Қырғызстан Манас әскери базасын АҚШ-қа жалға беру шартын ұзартудан бас тартты, база былтыр жұмысын тоқтатқан.

«ҚАЗАҚСТАН ҚЫРҒЫЗСТАНҒА ҚЫСЫМ КӨРСЕТКЕН»

Хортонның айтуынша, Қырғызстанның уақытша үкіметі парламенттің рөлін күшейтетін конституция жобасын ұсынғанда бұған көршілес Қазақстан қарсылық білдірген. Сол тұста Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев күшті президенттік билік режимін сол қалпында қалдыр деп Бішкекке қысым жасаған-мыс, тіпті бұл үшін «қиын тәсілдерді» де қолданып, экономикалық тұрғыдан үлкен маңызы бар қырғыз-қазақ шекарасында қозғалысты шектеген.

Бакиев этносаралық жанжал басталғанға дейін-ақ елден кетіп қалғанымен, уақытша үкімет елдің оңтүстігіндегі жағдайды экс-президент пен оның жақтастары ушықтырды деп санаған. Себебі бұл аймақ – Бакиевтің туған жері әрі саяси тұғыры болып есептеледі. Соған қарамастан, уақытша үкіметі этносаралық жанжалдың алдын алуға дайын болмаған дейді сарапшы.

Хортонның айтуынша, жағдайды ушықтырған – бұрынғы президент Бакиевпен жақын байланысы бар полиция мен әскери күштер. Қырғызстанның тәуелсіз зерттеу комиссиясы да қауіпсіздік күштерінің дағдарыс кезінде дұрыс әрекет етпегенін түрлі айғақтармен растаған.

Қантөгістен пайда көргісі келген жалғыз адам – Құрманбек Бакиев.
Скотт Хортон.

«Қантөгістен пайда көргісі келген жалғыз адам – Бакиев. Оның мақсаты – [конституция жөніндегі] референдумды өткізбей тастау, уақытша үкіметтің әлсіздігін дәлелдеу, сол арқылы қатаң үкіметке бағынған президенттік билікті қайтару туралы үндеулердің көтерілуіне жағдай жасау және билікке қайтып оралу» деп жазады Хортон.

«Саясаткерлер ақша төлеген соң бұл кикілжіңге қылмыстық топтар мен есірткі тасымалдаушылар да қатысқан» деген болжам да жасалған. Бірақ америкалық сарапшы бұл ақпаратты қайдан алғанын таратып айтпайды. Оның айтуынша, оңтүстіктегі шиеленісті шешу үшін АҚШ-пен және Ресеймен бірлесе отырып, Қырғызстанның орталық өкіметін де, аймақтық өкіметтерді де демократияландырып, халықаралық гуманитарлық көмек көрсету керек. Соның арқасында конфликт аймағында қалғандардың сыртқа шығып кетуіне мүмкіндік беріліп, бейбітшілік операциялары жүргізілуі керек, сенімді халықаралық ұйымдардың басқаруымен толық тергеу жүргізіліп, халықаралық деңгейде бақылау жолымен сайлау өткізу қажет деп жазған америкалық зерттеуші.

КЛИНТОН БҰДАН НЕНДЕЙ ОЙ ТҮЙГЕН?

Хортонның бұл есебі АҚШ-тың Қырғызстанға қатысты саясатына қаншалық әсер еткені белгісіз. Бір белгілісі – сарапшы айтқан гуманитарлық көмек бастамалары ішінара жүзеге асырылды. Электронды поштамен келген хатқа жауабында АҚШ мемлекеттік хатшысы Клинтон көмекшісіне хаттың үш дана көшірмесін шығаруды тапсырған.

Жалпы алғанда, сарапшының хатында айтылған көзқарастар Қырғызстан уақытша үкіметінің ұстанымдарымен сәйкес келеді. Қақтығыстар басталған тұста Қырғызстаннан кетіп қалған Хортон елдің саяси элитасындағы сенімді ақпарат көздерімен үнемі байланыста болып, мағлұматтарды солардан алып отырғанға ұқсайды.

Клинтон бұдан басқа да дереккөздерге сүйенген бе? Вашингтон Қырғызстандағы этнонационализм, жершілдік, ұлттар арасындағы экономикалық негіздегі алауыздық, арандатушы өсек-аяң сияқты факторларды есепке алды ма, жоқ па – ол жағы белгісіз.

Мэтью Купфердің материалы ағылшын тілінен ықшамдалып аударылды.

XS
SM
MD
LG