АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия (ОА) істері бойынша көмекшісінің орынбасары Ричард Хогланд Орталық Азия елдеріндегі адам құқықтарының жағдайын жақсарту жолында "санкция салу, немесе көпшілік алдында масқара ету" тәсілдерін пайдаланудан гөрі, "табанды дипломатия" жүргізудің анағұрлым тиімді екенін мәлімдеді.
Хогланд наурыздың 30-ы күні Вашингтонда сөйлеп, "Орталық Азия елдеріндегі жұмысты жақсартудың тиімді жолы - аймақ елдеріндегі өзгеше ойлайтын, өз ұстанымдарын басшылыққа жеткізе алатын билік өкілдерімен байланыс орнату" деп мәлімдеген.
"РЕФОРМАЛАР ПАЙДАСЫНА СЕНДІРУІМІЗ КЕРЕК"
Хогландтың бұл мәлімдемесі осы апта АҚШ-тың "Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасы жаңа стратегиясын" жариялауына байланысты айтылды.
Ричард Хогланд "Бұл елдердегі адам құқықтары мен діни еркіндік сияқты мәселелер алаңдаушылық туғызады. Бірақ АҚШ Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасында табанды, дәстүрлі, нақтылыққа негізделген дипломатия жүргізе береді" деген.
Ол Вашингтонның Орталық Азиядағы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан елдерімен "адам құқықтарын қорғау мәселесін реттеу күрделі процесс екенін және ұзақ мерзімді қажет ететінін түсінген кейіпте жұмыс істей беретінін" айтты. Хогланд "Бұл мәселелерде ілгерілеушілік баяу болғанымен, біз аймақтағы әр елдің билігін реформалардың өз мемлекетінің мүддесі үшін жасалатынына сендіруіміз қажет" дейді.
Ричард Хогланд Вашингтонда наурыздың 18-і күні де сөйлеп, АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы АҚШ-тың Орталық Азияға қатысты стратегиясы қабылданғалы жатқанын мәлімдеген еді. Бұл құжат наурыздың 31-і күні жарияланды.
ЖАҢА СТРАТЕГИЯНЫҢ НЕГІЗГІ ТҰСТАРЫ
Осы күні АҚШ мемлекеттік хатшысы көмекшісінің орынбасары Энтони Блинкен Орталық Азияға қатысты жаңа стратегияның негізгі тұстарын сипаттап, ақпарат таратты. Ол "Вашингтон еркін баспасөз бен ашық саяси жүйе орнату ісін барынша қолдауын жалғастыра отырып, саяси немесе діни сенімі мен көзқарасын еркін білдіргені үшін түрмеге қамалған адамдардың босатылуын талап ете береді" деп мәлімдеген.
АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеуніктері Орталық Азия елдері үкіметімен кездесуде адам құқықтары мәселелерін "баланс сақтай отырып" көтеріп жүргендерін айтып келеді.
Бірақ көптеген құқық қорғаушылар АҚШ-тың бұл стратегиясын "терроризммен күрес және басқа да қауіпсіздік мәселелері бойынша ынтымақтастықты сақтап қалу үшін жасалған екіжүзді келісім" деп сынайды.
ОА-ДАҒЫ ТҰРАҚТЫЛЫҚ ЖӘНЕ РЕСЕЙ ЫҚПАЛЫ ЖАЙЛЫ
Энтони Блинкен АҚШ-тың Орталық Азияға қатысты саясаты "АҚШ-тың жеке қауіпсіздігі Орталық Азия мемлекеттерінде олар әлемдік терроризммен және экстремизммен күреске үлес қоса алатындай тұрақтылық болғанда ғана берік болады" деген тұжырымға негізделетінін айтты.
Ол "мұндай тұрақтылық Орталық Азия елдері өз шекараларын қорғауға толық қабылетті, бір-бірімен және Азияның дамушы елдерімен байланыс орнатқан егеменді және тәуелсіз, үкіметтері азаматтары алдында есеп беретіндей жағдайда болғанда ғана орнайтынын" мәлімдеді.
Блинкен Вашингтонның "АҚШ-тың аймақпен Жаңа Ұлы Жібек жолы маршруты арқылы сауда айналымын арттыру ұмтылыстары Қытайдың Орталық Азия инфрақұрылымын дамытуға ондаған миллиард доллар инвестициялау ұсынысымен үйлеседі" деген позициясын қайталады.
Блинкен "АҚШ-тың аймақ елдерінің экономикалық және сыртқы саясатын дербес жүргізуге деген құқығын қолдайтынын" айтады. Ол "Ресейдің астыртын әрекетін, оның ішінде Украинаның егемендігі мен территориялық тұтастығына қол сұғуын" айыптап, Орталық Азия елдері "Ресейден келетін қауіпті бұрынғыдан да жете түсінуі" тиіс деген.
Блинкен "Ресейдің экономикалық әлсіздігінің әсері Орталық Азия елдеріне қатты сезіліп отырғанын" да айтты.
Әлемде мұнай бағасының арзандауы мен Батыс елдерінің Украинадағы саясатына қарсы салған санкцияларынан Ресей экономикасының әлсіреуі Орталық Азия мемлекеттері нарықтарына да әсер еткен. Рубльдің құнсыздануы Ресейде жұмыс істейтін орталықазиялық миллиондаған мигранттың елдеріне қаржы жөнелту мүмкіндігін азайтып, аймақтағы тауар өндірушілерді Ресейдің құнсызданған (арзан) өнімдерімен бәсекеге түсуге мәжбүр еткен.
"Біз бұл қауіпті түсінеміз және өзіміздің экономикалық тетіктеріміз арқылы Орталық Азия елдерінің экономикасын диверсификациялап алуына және өз нарықтарын бір-бірімен байланыструына жағдай жасауға ұмтыламыз" деді Энтони Блинкен.