Accessibility links

Атыраудағы митингке тариф бағасы мен экология арқау болды


Атыраудағы наразылық митингіне қатысушылар. 20 қыркүйек 2015 жыл.
Атыраудағы наразылық митингіне қатысушылар. 20 қыркүйек 2015 жыл.

Атырауда бүгін «Азаматтық бастама» қозғалысы белсенділерінің ұйымдастыруымен тарифтердің өсуіне және аймақтағы экологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты наразылық жиыны өтті. Бұл туралы Азаттық тілшісіне митинг ұйымдастырушыларының бірі - «Арлан» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Макс Боқаев хабарлады.

Атырау тұрғындары бүгінгі митингке «Таза Атырау үшін!», «Тарифті өсірме!», «Тариф өскенде халық күйзеледі, билік байиды, заң жұмыс істемейді», «Мен әкімдер жалақы алу үшін салық төлеймін. Әкім Бақтықожа Ізмұхамбетов, тарифті ауыздықтай алмасаң, жалақы алма!» деген жазулар ұстап шыққан.

Макс Боқаевтың айтуынша, жиынды ұйымдастырудағы басты мақсат – аймақта қордаланған әлеуметтік, экологиялық және экономикалық күрделі проблемаларға мемлекеттік органдардың назарын аудару.

– Әсіресе соңғы кезде коммуналдық қызмет түрлері бағасының қымбаттауы мен қоршаған ортаның жағдайы тұрғындарды алаңдатады, билік бұл мәселелерде халықтың пікірін ескермей отыр, - деп санайды ол.

Митингке қатысушылар биліктен мектепте балаларды тегін тамақпен қамтамасыз етуді, табиғат қорғау заңын бұзғандары үшін компаниялардан түскен айыппұлдарды аймақтың экологиясын жақсатуға қалдыруды талап еткен. Сонымен бірге кәсіпкерлер пайдаланылған газ үшін өздерінен монополист мекеменің алдын ала төлем сұрамауы туралы билікке ұсыныс білдірген.

– Біз биліктен аймаққа қатысты шешімдерді қоғамның пікірін ескеріп қабылдауды талап еттік. Митинг резолюциясы тиісті органдарға жіберіледі, - деді Макс Боқаев Азаттыққа.

Белсенді бір жарым сағатқа жалғасқан бүгінгі митингке жүзден аса адам қатысқанын хабарлады. Ол ұйымдастырушылар митингке қала орталығындағы Исатай мен Махамбет ескерткіші тұрған жерді, ол болмаса Дина Нұрпейісова немесе Құрманғазы ескерткіштерінің маңын сұрағанын, бірақ әкімдік оларға жиын өткізуге қаланың шеткері Балықшы шағын ауданындағы Абай Құнанбаев көшесінен орын бергенін айтты.

Атыраудағы наразылық жиыны туралы фотогалерея:

Атыраулық белсенділер «Азаматтық бастамасы» қозғалысына Facebook әлеуметтік желісінің көмегімен біріккен. Олар бұған дейін Жайық өзені жағасындағы президент резиденциясының қоршауы Атырау тұрғындарының жағалауда жүріп-тұруына, серуендеуіне кедергі жасайтынын айтып, биліктен оны алып тастауды талап етіп қол жинаған болатын. Қыркүйектің 18 күні жергілікті билік даулы қоршауды алып тастаған.

XS
SM
MD
LG