2013 жылы 29 қаңтарда Алматы түбінде CRJ-200 жолаушылар ұшағының апатқа ұшырау оқиғасын сотқа дейінгі тергеу аяқталды деп хабарлады бүгін көліктегі бас прокуратура. Құзырлы органның мәлімдеуінше, ұшақ апатына «ауа-райы нашар кезде төмен қарай құлдилаған әуедегі ұшақты ұшқыштардың дұрыс басқармауы» себеп болған.
Инвестиция және даму министрлігі өкілдері, қазақстандық және шетелдік мамандардан құралған комиссия ұшақ апатына себеп болуы мүмкін барлық болжамды тексерген.
«Ұшақ бортының компьютерінде жерге жақындап келе жатқаны туралы дабыл белгісі берілген соңғы минуттарда жұмыс істеу қабілетін ішінара жоғалтқан ұшақ командирі ұшақты басқармаған. Ал екінші ұшқыш құрылғылардағы мәліметтерді бақылаудың орнына диспетчермен байланысқа шығуға әрекеттенген» делінген прокуратура таратқан ақпаратта. Тергеушілердің дерегі бойынша, апаттан екі бұрын операция жасатқан ұшақ капитаны одан кейінгі сауығу кезеңі мен зерттеуден өтпей ұшақты басқарған.
Ұшқыштар апат кезінде қаза тапқандықтан апатқа байланысты «әуе көлігін пайдалану мен қозғалыс қауіпсіздігін бұзу» бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс тоқтатылған.
Прокуратура SCAT әуе компаниясының ұшқыштар қызметінің директоры үстінен «әуе көлігін пайдалану мен ұшу қауіпсіздігі ережесін бұзу» бабы бойынша қозғалған іс Алматы қаласы Алмалы аудандық сотына жіберілгенін хабарлады.
SCAT әуе компаниясының Көкшетау – Алматы бағытындағы CRJ-200 жолаушылар ұшағы 2013 жылы Алматы маңындағы Қызылту ауылы жанына құлап, барлығы 21 адам (16 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі) қаза тапқан еді.