Accessibility links

«Таблиғи жамағатқа» қатысты» қамалушы


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Үш айдан бері Астанадағы ҰҚК тергеу абақтысында отырған Мұрат Такаумовтың қамақ мерзімі тағы бір айға ұзартылды. Жұбайы ерінің «Таблиғи жамағатқа» қатысты сотталған азаматтарға заңгерлік кеңес бергенін айтады.

31 жастағы астаналық Мұрат Такаумов 2015 жылы қарашаның 18-і күні тұтқындалған.

Сол жылы қарашаның 20-сында Сарыарқа аудандық 2-сотының судьясы Такаумовты екі айға қамауға үкім шығарып, оны ҰҚК тергеу абақтысына жіберген. Жуықта сот оның қамау мерзімін тағы бір айға созды.

«Таблиғи жамағатқа» қатысты айып
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:57 0:00
Жүктеп алу

«БІРГЕ НАМАЗ ОҚЫҒАН СОҢ АРАЛАСЫП ЖҮРДІК»

Экстремизм бабы бойынша сотталған Халамбахи Халым. Астана, 17 ақпан 2016 жыл.
Экстремизм бабы бойынша сотталған Халамбахи Халым. Астана, 17 ақпан 2016 жыл.

Мұрат Такаумовтың жұбайы Айнұрдың сөзінше, күйеуінің қамалуына Астанада Қазақстанда экстремистік ұйым ретінде тыйым салынған «Таблиғи жамағат» тобына мүше деген айыппен ақпанның 18-і күні сотталған бес адамның ісінің қатысы бар.

Ол кезде Халымбахи Халым (32 жаста) есімді азамат қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-тармағы (әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) және 405-бабының 1-тармағы (экстремистік топтардың қызметiне тыйым салу туралы сот шешiмi бола тұра оларды ұйымдастыру) бойынша айыпты деп танылып, 2 жыл 6 айға соттталған. Өзге айыпталушылар Болатбек Қожагелдинов (39 жаста), Құбайдолла Төлебаев (54 жаста), Ерболат Омарбеков (45 жаста) және Нұржан Нұрәділов (36 жаста) 405-баптың 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандықтарынан айырылған.

Мұрат Такаумовтың жұбайының айтуынша, ері өткен аптада сотталған сол азаматтарға заңгерлік кеңес беріп отырған.

- Мешітте бәріміз бірге намаз оқып жүргеннен кейін араласып жүрдік. Сонда олар кейде жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар күйеуімнен заңгерлік кеңестер алатын. Олар қамалғаннан кейін арыз-өтініштерді қалай жазу керек деп бір-екі рет бізге жүгінді. Ерім ҰҚК кеңсесіне сотты болғандардың туыстарымен бірге барып жүрді. Бір күні туыстарын шығарып жіберді де, жолдасымды қамауға алып қалды, – дейді кәмелет жасына толмаған төрт баланың анасы Айнұр.

Мұрат Такаумовтың жұбайы, инженер-технолог мамандығы бар Айнұр өздерінің «Таблиғи жамағат» тобына қатысы жоғын» айтады.

Орталық мешіт. Алматы, 14 қазан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Орталық мешіт. Алматы, 14 қазан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Интернетте «Мұрат Такаумов» делінген адамның діни көзқарасы жайлы мәліметті Алматы қаласы Орталық мешітінің Azan.kz сайтынан оқуға болады. Онда «Мурат абу Ибрахим» деген никпен тіркелген қолданушы аты-жөні «Такаумов Мурат Казбекович» екенін жазған. Ақтөбеде туып-өскенін, 2007 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетінің Ақтөбедегі филиалын бітіргенін, қазір Астанада заңгер екенін айтқан азамат: «Абу Ханифа (рахматуЛЛАХи алейхи) мазхабын, ақидада имам әл-Матуруди (рахимахуЛЛАХу Тагала) мазхабын ұстанамын. АльхамдулиЛЛЯХ!» деп жазған.

«БАРЛЫҚ ІС БІР-БІРІНЕН КӨШІРІЛГЕН СИЯҚТЫ»

Мұрат Такаумовтың адвокаты Серік Нұрлыбаев қорғауындағы азаматтың «Таблиғи жамағат» ұйымына қатысты айыппен қамалғанын айтады.

- Қорғауымда «Таблиғи жамағатқа» қатысы бар деген тура осындай айыпқа іліккен басқа адамдар да бар. Барлық іс бір-бірінен көшірілген сияқты. Тергеуші өткен бейсенбіде бұл істі бітіретінін айтқан. Содан бері телефонға жауап бермейді, – дейді Серік Нұрлыбаев.

Азаттық тілшісі Мұрат Такаумовтың жайын білмекке Астана қалалық соты мен прокуратурасына, ҰҚК-нің Астана қаласы бойынша департаментіне хабарласты.

Астана қалалық сотының баспасөз қызметі Мұрат Такаумовтың қамақ мерзімі ұзартылғанын растады, бірақ «іс экстремизмге байланысты болғандықтан, бұдан артық ақпарат бере алмайтынын» айтты.

Астанадағы бас прокуратура ғимараты. Астана, 18 ақпан 2013 жыл.
Астанадағы бас прокуратура ғимараты. Астана, 18 ақпан 2013 жыл.

Астана қаласы прокуратурасы жазбаша жауабында «2015 жылы 18 қарашада ҰҚК-нің Астана қаласы бойынша департаментінің қылмыстық құқық бұзушылық туралы хабарламасы сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне тіркеліп, М.Такаумовқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын» айтады. Қалалық прокуратура дерегінше, Мұрат Такаумовқа қатысты қозғалған қылмыстық іс қылмыстық кодекстің 405-бабының 2-тармағы бойынша сараланған». (Ол тармақтың сипатамасы – «қоғамдық немесе дiни бiрлестiкке немесе өзге де ұйымға қатысты олардың экстремизмдi немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты қызметiне тыйым салу немесе тарату туралы заңды күшiне енген сот шешiмi бола тұра, олардың қызметiне қатысу»).

Ал ҰҚК-нің Астана қаласы бойынша департаментінің Мұрат Такаумовтың ісі бойынша тексеру жүргізіп жатқан тергеушісі бұл іс бойынша ақпарат беруден бас тартты.

Астана соты 2013 жылдың ақпанында «Таблиғи жамағат» діни ұйымын экстремистік деп танып, қызметіне тыйым салған еді. Ел билігі «Таблиғи жамағат» ұйымының басты мақсаты Қазақстан сияқты елдердің бірінің территориясында халифат құру деп санайды.Содан бері елде ондаған адам бұл ұйымға мүше болды деген айыппен сотталды, кейбірінің соты әлі өтіп жатыр.

XS
SM
MD
LG