Ақтауда бүгін "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясына қызмет көрсететін Techno Trading LTD компаниясының жүзге тарта жұмысшысы бүгін түс кезінде наразылық жиынын өткізді.
Жұмысшылар өздеріне "2015 жылдан бері берілмеген сыйақыны төлеуді және компания басшысы Ниязовтың қызметтен кетуін талап етті. Жұмысшылардың айтуынша, Ниязов компанияға басшы болып келгелі бері өздерінің "жағдайлары нашарлап", "былтырдан бері сыйақы төлеу тоқтатылған". "Жұмыс уақыты қысқарып, алты ауысымға өзгертіліп, жалақымыз азайтылды" дейді. Наразы жұмысшылар жиынды жұмыс уақытынан тыс, түскі асқа берілген уақытта өткізіп отырғанын айтады.
Компания заңгері Раушан Ахметова "мұндай мәселелердің компанияның өз ішінде талқыланып, шешілгені жөн екенін" айтты. Ол компания комиссия құрып, жұмысшылардың талаптарын жеке-жеке талқылайтынын айтты.
Жұмысшы Абай Қалиев жұмысшылар бұл мәселелерді компанияның ішінде шешуге тырысқанын, бірақ ол мүмкін болмағанын айтты.
- Мәселені компания ішінде шешуге мүмкін болмағандықтан осындай наразылық акциясына шығып тұрмыз, ешқандай заң бұзған жоқпыз. Біз өзіміздің түскі асқа берілген уақытты пайдаланып отырмыз, - деді Қалиев.
Жұмысшылар бір апта ішінде талаптары орындалмаса аштық акциясын бастайтынын ескертті.
Наразылыққа келген компания экономисі Александр Ким компанияда "табыс жоқ болғандықтан" сыйақы төленбей жатқанын айтты.
Азаттық тілшісі жұмысшылардың компания басшысының атына айтқандарына қатысты түсінік алмақ болып компания кеңсесіне барған. Кеңсе күзетшілері өздеріне журналисті кіргізбеу туралы тапсырма берілгенін айтып, Азаттық тілшісін ішке кіргізуден бас тартты.
Бүгін сонымен қатар Techno Trading LTD компаниясының Жетібайдағы бөлімшесінде де жұмысшылары да жоғарыдағыдай талаптармен наразылық танытқан.
2015 жылы мамырда Techno Trading-тің 300-ге тарта жұмысшысы жалақыны көбейтуді, әлеуметтік төлемдерді төлеуді талап етіп наразылық білдірген. Кейін компания бірнеше жұмысшыны "себепсіз жұмыста болмады" деп жұмыстан шығарған.