Accessibility links

«Қаратас ауылындағы оба» көрерменге жетті


Режиссер Әділхан Ержановтың «Қаратас ауылындағы оба» фильмінен көрініс.
Режиссер Әділхан Ержановтың «Қаратас ауылындағы оба» фильмінен көрініс.

Алматыда танымал жас режиссер Әділхан Ержановтың «Қаратас ауылындағы оба» фильмі алғаш рет көрсетілді. Фильм қарапайым қазақ ауылындағы жемқорлық жайын баяндайды. Әділхан Ержановтың алдыңғы туындысын мәдениет және спорт министрі «Қазақстанды масқаралайтын» фильм деп атаған.

Әділхан Ержановтың «Қаратас ауылындағы оба» фильмінің Алматыдағы көрсетілімі кинотанушы Олег Борецкийдің «Цезарь» кинотеатры жанынан ашқан кино әуесқойлары арасында танымал киноклубында өтті. Фильмге жұрттың ықыласы зор болып шықты – залда бос орын болмады. Әлеуметтік желілерде фильм жайлы «Қазақстандағы коррупцияны бір ауыл ауқымында болса да әшкерелеген туынды» деп жазып жатыр.

РЕФОРМАТОР ӘКІМ ЖӘНЕ ЖЕЛГЕ ҰШҚАН АҚША

Қаратас деген ауылға келіншегін ертіп жас жігіт – жаңа әкім көшіп келеді. Оның бұл қызметке тағайындалуына әйелінің осы ауылда бас дәрігер болып жұмыс істейтін нағашысы көмектескен. Жаңа әкім ауылдан оғаш жайттарды байқайды. Әбден тозып кеткен ауылда өндіріс ғимараттары қараусыз қалған. Төңіректегі дүниенің барлығы үнемі қопарылып, құлап жатыр. Аурухананың еденін су басқан. Бетперде киіп алған тұрғындар әлдебір салт-дәстүрлік би билейді. Осының бәріне қарамастан, олар ауылда көрме павильонын салып жатыр.

«Қаратас ауылындағы оба» фильмінен көрініс.
«Қаратас ауылындағы оба» фильмінен көрініс.

Көп ұзамай ауыл тұрғындарын дерт меңдегені, ал ауыл бюджетінің 90 пайызы вакцина сатып алуға кетіп жатқаны анықталады. Бас дәрігер мен бұрынғы әкім «бұл – тұмау» деп сендіруге тырысады. Жаңа әкім бұл кеселдің оба екенін, жұртты тұмау емес, обадан емдеу керегін айтады. Жағдайды өзгертуге тырысқан ол қажеті жоқ вакцинаны сатып алатын қағаздарға қол қойғысы келмей, жұрттың бәрімен, тіпті келіншегімен де жанжалдасады. Ең соңында жағдайды өзгертуге тырысқан жас әкімнің әрекетінен ештеңе шықпай, көң-қоқырдың ортасында оның жалғыз қалпағы ғана қалады.

«Қаратас ауылындағы оба» – сюрреалистік фильм. Онда сюрреализм режиссердің Қазақстандағы әлеуметтік проблеманы сынаған алдыңғы фильміндегіден («Қожайындар») де көп тәрізді болып көрінеді. 80 минутқа жуық созылған фильмдегі көріністер күндізгі жарықтан жұрдай. Фильмдегі оқиғалар алаудың, далада жағылған оттың, шырақ жарығында өтеді. Яғни фильмдегі түнек – Қазақстан қоғамындағы ахуалдың метафоралық теңеуі.

Киноклубында фильм көрсетілімі өткен кинотанушы Олег Борецкий оны тәмсіл деп сипаттайды. Бірақ ол тәмсілден өзгешелікті – фильмде 2017 жылы Астанада өтетін ЭКСПО халықаралық көрмесі сияқты нақты өмірді тұспалдайтын тұстарды байқағанын айтады. Фильмді талқылауға қатысқан Әділхан Ержанов ойындағыны былай түсіндірді:

– Мен өзіміз жайлы қазіргі заман ертегісін түсірдім, ал бірақ әкім, бюджет сияқты әлдебір нақты дүниелерді қозғамау мүмкін емес, өйткені ақиқаттан, нақты өмірді көрсетуден қашсам, оным сатқындық болар еді.

Фильм аяқталған соң режиссер Әділхан Ержанов (оң жақта) оны көрермендермен бірге талқылады. Сол жақта – кинотанушы Олег Борецкий. Алматы, 21 сәуір 2016 жыл.
Фильм аяқталған соң режиссер Әділхан Ержанов (оң жақта) оны көрермендермен бірге талқылады. Сол жақта – кинотанушы Олег Борецкий. Алматы, 21 сәуір 2016 жыл.

Фильм атауындағы «оба» сөзі астарын коррупция деп тұспалдауға болады. Бірақ режиссердің өзі фильм астарындағы обаны кеңірек түсінеді. Оның пікірінше, коррупция – баршамыздың дүниетаным, менталитет және моральдық құндылықтар жүйеміздің салдары. Фильмде реформа жүргізу ниеті сәтсіздікке ұшыраған жас әкім де шамамен осылай дейді:

– Сіздердің қанша уақыттан бері сырқат екендеріңізді білмеймін, мүмкін 75 жыл, мүмкін екі мың жыл шығар. Бірақ бұл – әбден меңдеп алған кесел. Ол – жазылмайтын дерт. Сіздерге кесел кеткендей көрінгенімен, ол оқтын-оқтын меңдейді.

Фильм авторы жас әкім мен Қаратас ауылы қақтығысы астарынан логос пен миф тартысын көреді.

– Мифологиялық негіз біртіндеп логосты жояды. Біздің елде мифологиялық негіз басым, - дейді ол.

«ПАРТИЗАНДЫҚ КИНО» ФОРМАТЫ

«Қаратас ауылындағы оба» фильмі осыдан екі жылдай бұрын бірнеше қазақстандық режиссер қабылдаған «партизандық кино» манифестінде айтылғандай шығарманы бюджетсіз түсіру, әлеуметтік кино түсіру және өзіндік кино тілін іздеу сияқты үш тұғырға сүйенген идеяға сәйкес түсірілген. Әділхан Ержанов – «партизандық кино» қозғалысы негізін қалаушылардың бірі.

Бірақ фильмді мүлде бюджетсіз түсіру мүмкін емес. Бұл фильмді Сорос қоры бөлген небәрі алты мың доллар грант қаржысына түсірген. Әділхан Ержановтың айтуынша, кино түсіруге 10, 20, 30 мың доллар ұсынған жеке тұлғалар да болған.

«Қаратас ауылындағы оба» фильміндегі қаңыраған елді мекен көрінісі.
«Қаратас ауылындағы оба» фильміндегі қаңыраған елді мекен көрінісі.

– Бірақ олардың бәрі әкімді, бас дәрігерді алып таста деген талап қойды. Алты мың доллар – Астанадағы шенеуніктердің балалары бір кеште жұмсап жоқ қылатын ақша. Бірақ олар әкелерін немесе өздерін биліктен айыратын фильмді түсіруге тіпті 100 теңге де бермейді. Сондықтан біздің елде әділ кино түсірудің жалғыз амалы – үлкен ақшадан бас тартып, бюджеті шағын кино түсіру, - дейді Әділхан Ержанов.

Көрермендердің бірі «Ақшаны белгілі «қаржы алаяғы» Джордж Соростан алдыңыз» деп айыптай бастады.

– Мені «Госдеп (АҚШ мемлекеттік департаменті – ред.) агенті» деуге қалай аузыңыз барады? Ал сіз Жаңаөзенде жұмысшыларға оқ атқан мемлекеттен ақша алар ма едіңіз? – деп сұрақ қойды оған Әділхан Ержанов. – Бұл таза өз бастамам. Сорос қоры маған оңайлықпен ешқашан ақша беріп көрген емес. Олар Қазақстанды жамандап кино түсір демейді. Керісінше, Қазақстан туралы әділ, шынайы кино түсіргім келеді деп оларға өзім ұсыныс жасаймын. Ал олар болса: түсіргенің халыққа ұнайтындай болсын, кей тұстарын жұмсартсаңшы дейді.

«Қаратас ауылындағы оба» фильмін көруге Олег Борецкий киноклубына жиналғандар. Алматы, 21 сәуір 2016 жыл.
«Қаратас ауылындағы оба» фильмін көруге Олег Борецкий киноклубына жиналғандар. Алматы, 21 сәуір 2016 жыл.

Премьерадан кейінгі талқылау барысында «Мәдениет және спорт министрлігі бұл фильмді қазақстандық прокатқа шығаруға лицензия берер ме екен?» деген де сұрақ қойылды. Режиссер лицензия беру министрдің «ой-өрісінің кеңдігіне» байланысты деген болжам айтты. Жиналғандардың көбі Қазақстандағы коррупция, полиция бөлімшесіндегі азаптау, мектептердегі әлімжеттік пен зорлап ақша жинату сияқты әлеуметтік құбылыстарды әшкерелеген Әділхан Ержановтың «Қожайындар» фильмі мен Әмір Байғазиннің «Үндестік сабақтары» көркем шығармасы жайлы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының бұған дейін айтқан пікірімен таныс болғандықтан, Әділхан Ержановтың бұл сөзіне залдағы жұрт ду күлді. Кезінде Арыстанбаек Мұхамедиұлы бұл фильмдер «Қазақстанды масқаралайды» деп мәлімдеген болатын.

«Қаратас ауылындағы оба» фильмі биыл 31 қаңтарда Роттердам халықаралық кинофестивалінде «Азиялық ең үздік фильм» деп танылған.

XS
SM
MD
LG