11 наурыз күні Алматыда Әділхан Ержановтың «Қазақ киносы тарихы: «Қазақфильм» жертөлесі» деректі фильмінің қазақстандық премьерасы болды. Фильм Пусан қаласында (Оңтүстік Корея) жыл сайын өтетін Азия кинофестивалі тапсырысы бойынша түсірілген. Фестиваль 2015 жылы 20 жылдығын атап өткен, сондықтан ұйымдастырушылар Азияның 10 елінің (Оңтүстік Азия, Жапония, Қытай, Үндістан, Сингапур және өзге елдер) танымал кинорежиссерлерінен өз елінің кинематографы тарихын баяндап беруді сұраған сияқты.
Қазақстандық режиссерлер ішінен таңдау Қазақстан қоғамындағы әлеуметтік құбылыстарды сынаған «Үкілі кәмшат» («Қожайындар») фильмі арқылы танылған Әділхан Ержановқа түскен.
КИНОСТУДИЯ «ҚАПАСЫНДА»
«Қазақ киносының тарихы: «Қазақфильм» жертөлесі» фильмінде сыртқа шығатын есік іздеп, мемлекеттік киностудия дәліздерін аралап жүретін басты екі кейіпкер бар. Бірақ есіктерге сурет салынған немесе ешбір кілт дәл келмейтін құлыппен бекітілген (құлыпты апта сайын ауыстырады). Кейіпкердің бірі есік іздеп жүріп қазақ, Қазақстан киносы тарихына ой жүгіртеді.
Екеуіне жол-жөнекей елес сияқты адамдар кезігіп, олар да қазақ киносы жайлы ой қозғайды. Олар – қазақстандық танымал кинорежиссерлер (Сатыбалды Нарымбетов, Дәрежан Өмірбаев, Рашид Нұғыманов), кинотанушылар (Олег Борецкий, Гүлнәр Әбіқаева). Кейіпкерлердің кейбірі (оларды кино тақырыбына жазатын жергілікті журналистер ойнайды) тоғышар жандар немесе тіпті кинематограф саласы шенеуніктерінің ойлары мен идеяларын айтады.
Нәтижесінде қазақ киносының өткені, қазіргісі мен келешегін ойын түрінде баяндайтын бір сағаттық киноэссе шыққан. Фильм кейіпкерлері метафора жағдайында ойнайды.
Еркіндікке (ауыспалы мағынада – шығармашылық еркіндігі) шығар есік іздеген қос кейіпкердің бірі – деректі фильм авторы Әділхан Ержановтың өзі.
РЕЖИССЕР МЕН ТОҒЫШАРЛАР ТАЛАСЫ
Фильмге түскен Әділхан Ержанов және өзгелер көбінесе кино тілі, режиссердің өз ойын айту деңгейі жайлы ой қозғайды. Автордың кадр сыртындағы мәтінінен үзінді келтірейік:
– Біздің кино туралы айтқан кезде нақты тарихынан гөрі киномыздың тілі жайлы көбірек айтқан жөн шығар. Өйткені кино тарихы дегеніміз – режиссерлердің тарихы, олардың стильдері мен әдіс-тәсілдерінің тарихы. Осы жайлы айту анағұрлым қызығырақ. Меніңше, кино тілі – кадр арқылы жеткізілетін философия. Қарапайым режиссерлердің ойы да біркелкі болып келеді. Олар түсірген кадрлардың өз заманында жасалған кадрлардан еш айырмасы жоқ.
Өзге кейіпкерлер де экраннан осы жайлы ойларымен бөліседі. Мысалы, кинотанушы Олег Борецкий «Қазақстан киносының өзіндік тілі бар ма?» деген сұраққа жауап беру оңай емес деп санайды. Ол қазақилық тән фильмдер қатарына совет заманында түсірілген «Қыз Жібек» пен «Көксерек» фильмдерін жатқызады.
Әділхан Ержанов кей кейіпкерлерге (сценарий бойынша – киностудия күзетшілері) киноға қатысты тоғышар көзқарасты айтқызады. Мұндай көзқарас мәдениет саласындағы шенеуніктердің сөздерінен де байқалады.
Фильмде бұл кейіпкерлер сыртқа шығар жол іздеп жүргендермен диалог құрып, кейде «ең бастысы, халыққа ұнаса болды» деген көзқарасты агрессиялық формада таңуға тырысады. Бірақ ең үздік фильмдердің мысалы ретінде «Тақиялы періште», «Оның заманы туады», «Біздің сүйікті дәрігер», «Атаманның ақыры», «Қызғылт қоян туралы хикая», «Жаужүрек мың бала», «Рэкетир», «Шал» тәрізді фильмдерді атайды.
Кейіпкер-режиссер тапсырыспен түсірілген фильмдерді ұнатпайтынын тоғышарларға именген кейіпте білдіреді.
ӨТКЕННІҢ ТҮНЕГІНЕН ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА
Фильмде қазақстандық кинематограф коммунистік идеялар салтанат құрып, үстемдік еткен әрі режиссерлер қатал цензура шеңберінен аса алмаған заманда қалыптасты деген ой бірнеше рет айтылады. Бірақ Әділхан Ержановтың пікірінше, автордың өз ойын айтуына мүмкіндік берген картиналар тіпті сол кездің өзінде пайда болған.
Ол мұндай картиналар қатарына Мәжит Бегалиннің прокатқа шығаруға тыйым салынған «Тұлпардың ізі» фильмі мен Шәкен Аймановтың «Атамекен» фильмдерін жатқызады.
– Мен кинематограф «Тұлпардың ізі» немесе «Атамекен» фильмдерінен басталды деп есептеймін. Автор пайда болғанын солар көрсетті, - дейді ол.
Әділхан Ержанов әр замандағы киноның ахуалын типтік кейіпкер арқылы қарастырған. Мысалы, әуелгі кейіпкер революционер («Амангелді» фильмі) болды. 1960 жылдары түсірілген кинодағы бас кейіпкер бала кейде баланың ойына сай емес мәселелерді көтерді. Ауыз әдебиетіндегі Алдар көсе де кейіпкерге айналған заман болған. 1990 жылдары экран бетінде әлеуметтік ортаға жат кейіпкерлер көбейді. Әділхан Ержановтың пікірінше, мұндай кейіпкерді алғаш рет Жанна Исабаева «Қарой» фильмінде көрсеткен.
Әділхан Ержановтың айтуынша, 2000 жылдары Қазақстан киносы тоқырау заманына кері оралған.
– Кино тапсырыспен түсірілетін болды. Режиссерлер көбінесе коммерциялық киноны немес президент туралы киноны таңдайды. Қазіргі кино кейіпкерінің кім екені түсініксіз. Ол коммерциялық кино мен тапсырыс-киноның ортасында сенделіп жүрген біреуге айналып барады, - дейді ол.
Дәрежан Өмірбаев қазіргі кино жыл өткен сайын реалистік сипат алып бара жатқанын айтып, бұл – қазіргі заман кинематографындағы негізгі проблемалардың бірі деп санайды.
– Өкінішке қарай, экранда неореализм үстемдік құрып тұр. Бұл құбылыспен күресу керек. Нағыз кинорежиссер не түсіруді емес, қалай түсіруді ойлауы тиіс, - дейді ол.
«Қазақ киносы тарихы: «Қазақфильм» жертөлесі» деректі фильмінің премьерасы 2015 жылдың қазанында Пусан қаласында өтті.