Accessibility links

2024 жыл журналистер жұмысына қалай әсер етті?


Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева (сол жақта) журналистер сұрағына жауап беріп тұр. Астана, 2 қыркүйек, 2024 жыл.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева (сол жақта) журналистер сұрағына жауап беріп тұр. Астана, 2 қыркүйек, 2024 жыл.

2024 жыл Қазақстанның баспасөз саласында қандай ерекшелігімен есте қалмақ? Азаттық әртүрлі ақпарат құралында істейтін журналистердің пікірін сұрады.

ДАУМЕН ҚАБЫЛДАНҒАН ЖАҢА ЗАҢ

Factcheck.kz сайтының редакторы, медиасарапшы Думан Смақов биыл БАҚ саласында ешқандай өзгеріс болған жоқ дейді. Сөзінше, көптен күткен "Масс-медиа туралы" заңның өзі үлкен даумен қабылданған. Смақов жаңа заң селективті сипатқа ие және сөз еркіндігін шектейді деп санайды.

– [Заң жобасында] журналистерге беретін құқығынан, мүмкіндігінен қарағанда, журналистердің жұмысын реттейтін, шектеу қоятын, алалауға мүмкіндік беретін баптары, өкінішке қарай, сол күйінде қалды. Бұл баптарды біз мысалы, аккредитация туралы ережені жариялаған кезде көрдік. Яғни, заң жобасы бір жақты жазылған. Арасында сөз еркіндігі имитациясы қолданылған. Бұдан бөлек, тағы бір айта кететін мәселе, цифрлық репрессия белең алғанын көруге болады. Мысалы, Жәмила Маричеваны полиция стадионда жүгіріп жүрген жерінен алып кетті. Қазақстан құқық қорғау органдары бізді цифрлы технологиялар арқылы қайда жүргенімізді аңдуы мүмкін деген күдік бар. Цифрлық репрессияның Асхат Ниязовтың әлеуметтік желідегі аккаунттарына шабуыл жасалуынан, жаппай боттардың шағымданып, аккаунтты өшіртіп тастауынан көріп отырмыз, – деді Думан Смақов.

Үкімет отырысын Астанадағы Қазмедиа ғимаратындағы баспасөз орталығынан көріп отырған журналистер. Азатттық архивіндегі фото.
Үкімет отырысын Астанадағы Қазмедиа ғимаратындағы баспасөз орталығынан көріп отырған журналистер. Азатттық архивіндегі фото.

Биыл маусымда Қазақстанда осыған дейін қолданылып келген "Бұқаралық ақпарат құралдар туралы" және "Телерадио хабарларын тарату туралы" заң күшін жойып, оның орнына "Масс-медиа туралы" заң қабылданды. Жаңа заңға сәйкес, масс-медиаға бұқаралық ақпарат құралдары ғана емес, интернет-ресурстар да жатқызылған. Баспасөз құқығын қорғаушылар бұл заң мемлекеттің БАҚ-қа бақылауын одан сайын күшейтуі мүмкін деп алаңдайтынын айтқан. Ал мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева "Масс-медиа туралы" жаңа заң заман талабына сай құжат болды деп мәлімдеген.

"Айқын" газетінің бас редакторы Амангелді Құрметұлы биыл қатты өзгеріс байқамадым дейді. Сөзінше, елде сөз еркіндігі деңгейі жоғары деп айтуға келмейді. Бірақ құқықтық тұрғыдан ешқандай шектеу жоқ, жеке адамдардың БАҚ-қа ықпал ету тетіктері бар деді ол.

"Айқын" газетінің бас редакторы Амангелді Құрметұлы
"Айқын" газетінің бас редакторы Амангелді Құрметұлы

– 2024 жылы ешқандай да шектеу болған жоқ ашығын айтқанда. Бірақ бас редактор ретінде кейбір мәселелерге өзім шектеу қоюым мүмкін. Біз мемлекетке қатысты медиа болғандықтан мемлекеттің сыртқы саяси векторына немесе басқа бағыттарына біршама ыңғайсыз жағдай қалыптастыруы мүмкін деген позициямен өзім кейбір тақырыптарды "осыны қоя тұрсақ қайтеді" деп айтуым мүмкін. Мысалы, айталық Украина мәселесі. Көп әріптестер мемлекеттік БАҚ, соның ішінде "Айқын" сияқты басылымдар Украина мәселесін жазбай кетті деген айып таққан. Оған келісеміз, біз аз жазып кеттік. Бірақ оған дәл сол тақырыпты жазба деген шектеу болған жоқ. Иә, кейбір тақырыптарға ілесе алмай қалатынымыз рас. Бір тақырыпты қайталап көтере бермейміз. Ақпарат ретінде елдегі резонансты тақырыптардың бірқатары бәрібір сайтта шығып жатады... Бюджет тапшылығынан бастап, заңсыз жер иелену, заңсыз активтерді қайтаруға дейінгі мәселелерді біздің журналистер шама-шарқынша, мейілінше бейтарап позицияда беруге тырысып жатыр. Ресми құжатпен мынаны жазба, мынаны жазба деген шынын айтқанда болған емес, – деді Амангелді Құрметұлы.

ЖУРНАЛИСТЕРДІ ЖАЗАЛАУ

Мамырда Алматы соты елдегі жемқорлықты әшкерелейтін ProTenge жобасының журналисі Жәмила Маричеваны "жалған ақпарат тарату" бабы бойынша кінәлі деп танып, 74 мың теңге айыппұл салған.

Журналист 30 қаңтарда аккредитация алмаған Азаттық тілшілерін қолдап, телеграм арнасында шағын пост жариялаған. Мәдениет және ақпарат министрлігі сол жазбада "көрнеу жалған ақпарат бар" деген тұжырымға келген. Маричева бұны "сөз еркіндігі шектеу" деп бағалаған.

Қазанда АЭС құрылысы туралы референдум қарсаңында Орал соты жергілікті "Уральская неделя" газеті "сайлаумен байланысты қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу ережесін бұзды" деп, басылымға 110 мың теңге айыппұл салды. Газет YouTube-те және Telegram арнасында АЭС құрылысы мен референдум жөнінде блиц-сауал жүргізгені үшін жауапқа тартылған.

Тамызда Қонаев соты "экстремизмді қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйым жұмысына араласты" деп айыпталған You Tube-тегі "Ne Deidi?" арнасының авторы журналист Думан Мұхаммедкәрімді жеті жылға соттады. Іске журналистің оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты себеп болған. Мұхаммедкәрім істің саяси астары барын айтып, өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған.

Qazaq Times қоғамдық-саяси порталының бас редакторы Қойшыбек Мүбарак ешқандай өзгеріс сезбегенін айтты. Ол елде сөз еркіндігінің аясы жыл өткен сайын тарылып барады деп есептейді.

Журналист Қойшыбек Мүбарак (сол жақта) Қаңтар ісі бойынша айыпталғандардың сотынан хабар дайындап жүр. Тараз, 30 қаңтар, 2023 жыл.
Журналист Қойшыбек Мүбарак (сол жақта) Қаңтар ісі бойынша айыпталғандардың сотынан хабар дайындап жүр. Тараз, 30 қаңтар, 2023 жыл.

– Медиа саласы кері кетіп бара жатыр деп санауға болады. Биыл журналист Думан Мұхаммедкәрім сотталды. Әйгерім Тілеужан түрмеде отыр. Қудаланып жатқан белсенділердің соттарын саусақпен санарлық БАҚ көрсетіп, жазып жатыр. Қазір саяси журналистикамен айналысу өте қиын. Оған Думан Мұхаммедкәрімнің жағдайы дәлел. Біз оның сотын басынан аяғына дейін бақыладық. Сөзіне жасалған сараптама қорытындысына дейін көрдік. Біздің елде егер саяси журналистикамен айналысып, сызып берген қызыл сызықтан асып кететін болсаң жағдайың қиын болады. Меніңше, елдегі жағдай "баяғы жартас сол жартас" күйінде. Ешқандай өзгеріс нышаны да байқалмайды, – деді Қойшыбек Мүбарак.

"Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы әзірлейтін баспасөз индексі рейтингінде Қазақстан 180 елдің ішінде 142-орында тұр.

Ал Freedom House ұйымының биылғы "Интернет еркіндігі" есебінде "еркін емес" елдер қатарында қалды.

"Баспасөзде еркіндігі шектеулі" Қазақстан
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:07 0:00

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның халықаралық ұйымдардың бағалауына қарсы өз уәжі бар. Министр Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына барлық жағдай жасалған деп есептейді.

– Рейтингтер әртүрлі болады. Оны бағалау да әртүрлі болады. Қай жерде шектеу бар. Шынайы қарайықшы. Не қаласа соны жазып жатыр. Кейде тіпті асыра сынап кетіп жатыр. Мен мұнда ешқандай шектеу көріп тұрған жоқпын, – деді Аида Балаева қарашада журналистер алдында сөйлеген сөзінде.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG