Accessibility links

Ақтауда митингіге шықпақ болғандар "жауапталды"


Ынтымақ алаңы маңында жүрген полиция өкілдері. Ақтау, 28 сәуір 2016 жыл.
Ынтымақ алаңы маңында жүрген полиция өкілдері. Ақтау, 28 сәуір 2016 жыл.

Сәуірдің 28-і күні жер мәселесіне қатысты жиын өткізбек болған бір топ ақтаулық өздерін полиция жауаптап жатқанын хабарлады.

Бейсенбі күні Ақтаудағы орталық Ынтымақ алаңына жер мәселесіне қатысты наразылық білдіруге ондаған адам келді. Алаңды айнала қоршаған полицейлер жиналғандардың пікір айтуына мүмкіндік бермей тарқатып жіберді.

Рұқсат етілмеген митинг болады деп белгіленген уақытта түске қарай облыс әкімдігіне қарама қарсы орналасқан Ынтымақ алаңында әлдебір спорттық шаралар өтіп жатты. Оған қатысып жатқан жасөспірімдер "1 мамырға қатысты дайындық" екенін айтты. Алаңды қоршаған полицейлер Азаттыққа өздерінің "1 мамыр мерекесіне орай өтіп жатқан дайындықтың қауіпсіздігін бақылап тұрғандарын" айтты. Бірақ ешқайсысы аты-жөндерін айтып, түсініктеме берген жоқ. Алаң шетіне қойылған орындықта бейбіт шеруге адамдардың жиналуын күтіп отырғандардан полиция өкілдері отырмауды, кетуді өтініп жатты.

Сәлден соң алаңдағы "Ынтымақ" сауда орнының алдына адамдар топтала бастады. Жиынға келіп тұрған әжей бейбіт шеруге жиналғанымен, алаңның ортасына полицейлердің шығармай тұрғанын айтты.

- Біз жеке басымызға ештеме сұрап отырғанымыз жоқ. Жердің мәселесін айтуға келіп отырмыз. Біз әкімдіктің, депутаттардың пікірін естігіміз келеді. Неге сегіз баласы бар әйел он сотық жер ала алмайды. Шетелден келген адамға миллион гектар берледі, оны қалай түсінуге болады? - деді егделеу тартқан бір ер адам.

Наразы тұрғындардың билікке қояр талаптары тек жер мәселесімен бітпейтіні де байқалып тұрды.

- Халық айтпаса, тұншығып отыра берсе, не болады? Сөйлеуге де қорқасың, айтуға да қорқасың. Жастардың жағдайы нашар. Жұмыс жоқ, кілең несие. Тек жоғарыдағылар байып жатыр, - деді аты-жөнін айтпаған әжей.

Шынар Қиянова есімді Ақтау тұрғыны: - Мен сіздерді жерімізге күн туды деп шақырамын. Неге біздің жерімізді сатады, жалға береді? - деп сұрады.

Жиналғандар мұндай сөздерге қол шапалақтап, "Қазақстан! Қазақстан!" деп айқайлап тұрды. Көп кешікпей оларды айнала қоршаған ондаған полиция қызметкері жиналғандарды таратып жіберді. Алаңнан кеткісі келмеген тұрғындар: "Мұндай жиын Атырауда өтті, Семейде өтті, Ақтөбеде өтті. Заңсыз не істеп отырмыз? Естиік елдің әңгімесін" деп өтінді. Бір полицей: "Кешке "Хабардан" жаңалықтан тыңдайсыздар" деді. Бұған жауап ретінде бір тұрғын: "Қазақстанды өтірік жайлап кетті" деп айқай салса, екіншісі "Хабарды" көре-көре өтіріктен шаршағанын" айтып жатты. Сол кезде полиция өкілдері наразы топқа "егер тарқамаса, автобуспен алып кететіндерін" ескертті. Жұрт тарқағаннан кейін де алаңды полиция қоршап, жүргіншілердің өтуіне тыйым салып тұрды. Алаң шетінен полиция көліктерімен бірнеше автобус көзге түсті.

Бұл оқиғадан соң іле-шала Азаттықа хабарласқан жергілікті белсенділер алаңға жиналмақ болған бірнеше адамды полицияның "жауаптауға алып кетіп жатқанын" хабарлады.

Солардың бірі Жәнібек Өмірзақтың айтуынша, алаңға келгендерді полиция Ақтау қалалық ішкі істер басқармасына алып келген.

- Бізді полиция басқармасында жауаптап, түсініктеме алып жатыр, - деп хабарлады ол.

Наразы тұрғындарды таратып жүрген полицейлер. Ақтау, 28 сәуір 2016 жыл
Наразы тұрғындарды таратып жүрген полицейлер. Ақтау, 28 сәуір 2016 жыл

Ақтау қалалық полиция басқармасындағылар ұсталғандарға қатысты түсініктеме алу мүмкін болмады. Басқарма бастығы хатшысының сөзінше, «Ақтау қалалық ІІБ бастығы Болатбек Ақшауов - демалыста, орынбасары Жәнібек Сәрсенбаев жиналыс өткізіп жатыр, қолы бос емес».

Ондаған ақтаулықтың бүгін өткізбекші болған бейбіт жиынын полиция кедергі жасап, таратып жіберген. Белсенділер үкіметтің жуырда жариялаған ауылшаруашылық жерлерін жалға беру және сату жоспарына қарсы. Мұндай наразылық шарасы 24 сәуірде Атырауда өтіп, оған мыңдаған адам қатысқан. 27 сәуірде Ақтөбе мен Семейде де жүздеген адам биліктен жер сату жоспарын тоқтатуды талап еткен.

Қазақстанның ұлттық экономика Ерболат Досаев наурыздың 30-ы күні кейбір ауылшаруашылық жерлерін ел тұрғындары мен шетелдіктерге аукцион арқылы сату және жалға беру жоспарын жария еткен еді. Жерді пайдалануға қатысты мұндай ерекшеліктер 2015 жылғы қарашада "Жер кодексіне" енгізілген өзгертулер мен толықтырулар арқылы бекітілген болатын. Досаевтың мәлімдемесінен соң Қазақстанда жер мәселесіне қатысты жаңа наразылық толқыны туды. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен үкімет мүшелері "Жер кодексіне" сәйкес ауылшаруашылық жерлерінің "шетелдіктерге мүлдем сатылмайтыны" туралы бірнеше мәрте ескерткен. Бірақ соңғы аптадағы наразылық шараларында белсенділер "ауылшаруашылық жерлерін шетелдіктерге жалға да бермеуді" талап етіп жатыр.

Ақтаудағы жерге байланысты жиын
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:26 0:00

XS
SM
MD
LG