Қазақстанға Ресейден әкелінген Кейкі батырдың бас сүйегі арнайы зерттеу жүргізуге Астанадан Алматыдағы орталық мемлекеттік музейге жеткізілді.
Орталық музей директоры Нұрсан Әлімбай бас сүйекке енді Венгрия мамандары антропологиялық зерттеу жүргізеді деп хабарлады Азаттыққа.
Кейкі батыр (Нұрмағанбет) Көкембайұлы - 1916 жылы Торғай өңіріндегі қазақтардың Ресей империясына қарсы ұлт-азаттық көтерілісіне және кейін совет билігіне қарсы қозғалысқа қатысушылардың бірі. Совет өкіметі Кейкіні 1923 жылы ұстап, басын шауып өлтірген. Кейін Ресейге жөнелтілген Кейкі батырдың бас сүйегі осы кезге дейін Санкт-Петербургтегі антропология және этнография музейінде сақталып келген.
Биыл жазда сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімов Ресей үкіметінен сұрағаннан кейін Ресей осы аптада Қазақстанға Кейкі батырдың бас сүйегін қайтарған.