Accessibility links

«Өтпейтін кетпенмен шапқаны бас сүйектен көрініп тұр»


Арқалық қаласындағы Кейкі батырдың ескерткіші. (Көрнекі сурет)
Арқалық қаласындағы Кейкі батырдың ескерткіші. (Көрнекі сурет)

Кейкі батырдың басын Ресейдің Санкт-Петербург қаласынан алып келуге барған ғалым Нұрсан Әлімбай бас сүйектегі қанды оқиғаның іздері туралы әңгімелеп берді. Ал тарихшы Қайдар Алдажұманов «Ресей қоймаларында қазақтың талай құндылықтары жатқанын» айтады.

Кейкі - 1916 жылы Торғай өңірінде болған қазақтардың Ресей империясына қарсы ұлт-азаттық көтерілісі батырларының бірі. Кей деректерге қарағанда, 1919 жылы көтеріліс басшысы Амангелді Иманов өлтірілгеннен кейін совет билігі Кейкіні қуғындай бастаған. Қазақ даласында бой тасалап жүрген батыр 1923 жылы ұсталады. Батырдың шабылған басы Ресейге жөнелтілген.

Батырдың басын «өтпейтін кетпенмен шапқан»
please wait

No media source currently available

0:00 0:09:42 0:00
Жүктеп алу

«КЕТПЕНМЕН ШАПҚАН»

Кейкі батырдың бас сүйегін Санкт-Петербург қаласынан алып келген топтың ішінде болған Алматыдағы орталық мемлекеттік музей директоры Нұрсан Әлімбай қазанның 6-сы Азаттық тілшісіне «сағат түнгі үште Астанаға ұшақпен әкелдік. Бас сүйектің барлық бөліктері бар, қалпына келтіруге болады» деді. Ғалымның айтуынша, «Кейкі батырдың бас сүйегінде 1923 жылғы қанды оқиға іздері анық көрініп жатыр».

Алматыдағы орталық мемлекеттік музей директоры Нұрсан Әлімбай.
Алматыдағы орталық мемлекеттік музей директоры Нұрсан Әлімбай.

- Кез келген музей түскен бұйымның паспортын жасайды. Қайдан келгені, кімдікі екені, қалай келгені, пошымы, мөлшері жазылады. Бастың өзінде жазылған сұмдық қанды оқиғаның ізі де көрініп тұр. Тізерлетіп қойып, кетпенмен мойнынан шапқан. Оң жақ бетін шауып түсірген. Өтпейтін кетпенмен бірнеше рет шабу деген сұмдық қой. Енді оны айта алмаймын, қарау да өте ауыр. Кетпен ізі бірнеше жерде бар, - дейді Нұрсан Әлімбай.

Ғалымның сөзіне қарағанда, совет солдаттары Кейкі батырдың «ішінде баласы бар әйелін және кішкене баласын да өлтірген». Нұрсан Әлімбай «батырдың басын, бір деректе бір жыл, бір деректерде - алты, бір деректерде үш ай» Арқалық қаласының қақ ортасында үлкен бақанға іліп қойғанын айтады. Бірақ бас сүйектің қашан, қалай әкетілгені белгісіз.

БАТЫРДЫҢ БАСЫН ҚАЙТАРУ МАШАҚАТЫ

Кейкі батырдың басы кейіннен Санкт-Петербургтегі Петр атындағы антропология және этнография музейінен (кунсткамера), антропология қорынан табылған.

- Аспирант кезімде (1970-80 жылдар) бір көріп едім. Содан кейін зерттеуге, алып қайтуға деген құлшыныс пайда болды. Совет дәуірінде ол мүмкін емес еді, кейін мәдениет министрлігі басшылары, үкімет басшылары бірігіп жұмыс істедік, нәтижесін көріп отырсыздар - дейді Нұрсан Әлімбай.

Ал тарихшы Қайдар Алдажұманов Кейкі батырдың басын қайтару мәселесінің 20 жыл бұрынғы тарихын айтты. Оның сөзінше, 1996 жылы тарих және этнология институты басшысы Манаш Қозыбаевқа Торғай облысы әкімінің орынбасары Рысты Сариева келіп жолығып, Кейкі батырдың басын қайтару жөнінде «торғайлықтар мәселе көтеріп отырғанын» әңгімелеп, «соған жәрдем етіңіз» деген өтініш айтқан.

ВИДЕО: Тарихшы Қайдар Алдажұмановпен сұхбат

"Кейкі - ұлт мүддесі үшін күрескен тұлға"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:37 0:00

- Академик Қозыбаев үкіметке хат жазып, Ресей сыртқы істер министрлігіне сұрау салдырды. 1996 жылғы көктем еді. «Кейкінің басы бар, тікелей ұрпақтары өтініш жолдауы керек» деген жауап келді. Туыстарынан қайта өтініш жазылды. Кейін берілмейтін болды. Мәселе Кейкі сияқты тұлғалардың бас сүйегін қайтарса, ұлттық аймақтар - кавказдықтар да сондайды талап етеді, арты саясатқа, дауға айналады деп Ресей тоқтатып тастады. Сәті биыл түсті, - дейді Қайдар Алдажұманов.

«ЕНДІ ДНҚ САРАПТАМАСЫН ЖАСАУ КЕРЕК»

Тарихшы Нұрсан Әлімбай музейдегі паспортына қарап алып келгендерімен «бас сүйектің Кейкінікі екенін ДНҚ зерттеумен дәлелдеу керек» екенін айтады.

- Енді Венгрия антропологтары көмегімен Кейкінің бас сүйегі екенін ДНҚ деңгейінде дәлелдеуіміз керек. Жұмыс жедел басталады деп ойлаймын, - дейді ғалым.

Нұрсан Әлімбайдың сөзінше, «антрополог ғалымдар бірнеше бағытта жұмыс істейді». Соның ішінде бас сүйек тінін батырдың өз денесінің және кезінде бірге өлтірілген баласының ДНҚ-сымен салыстыруға мүмкіндік бар.

Арқалық қаласындағы дала өлкесі мұражайының алдында тұрған Кейкі батырдың ескерткіші. Арқалық, 31 желтоқсан 2012 жыл.
Арқалық қаласындағы дала өлкесі мұражайының алдында тұрған Кейкі батырдың ескерткіші. Арқалық, 31 желтоқсан 2012 жыл.

- Кезінде ол кісінің ішінде баласы бар әйелін, сосын кішкентай баласын бірге өлтірген. Ол денелер табылған, батырдың денесі де бар. Олар Торғай жерінде жатыр, - дейді тарихшы.

Ал Қайдар Алдажұманов «Кейкі батырдың денесін чекистер айдалада тастап кетуіне байланысты табылмауы мүмкін» деген күдігін айтты.

ЖЕРЛЕУГЕ ҚАТЫСТЫ ПІКІРЛЕР

Нұрсан Әлімбай Кейкі батырдың мәйіті ДНҚ сараптамасы аяқталғаннан кейін қайта жерленетінін айтады.

- Қайда жерленетінін туыстары шешетін шығар. Музейге қойылмайды, ол біздің салтымызға қайшы. Жерленуге тиіс, - дейді ол.

Ал Қайдар Алдажұмановтың пікірінше, Кейкі батырдың бас сүйегін Астана маңындағы ұлттық пантеонға жерлеген жөн.

- Мұны кеңірек ойласақ, қоғам үшін қажет десек, әрине пантеонға жерлеген дұрыс. Халық тағзым етеді. Егер туған жеріне жерлесе, онда ол жаққа халық бара алмайды. Ресей қоймаларында қазақтың талай дәстүрлі құндылықтары жатыр. Кенесарыға байланысты әңгіме де толастамай тұр. Ол толастамайынша, халықта саябыр болмайды. Бұл адамдар - қазақ халқының ұлттық мүддесі үшін құрбан болған тұлғалар , - дейді ол.

Батырдың басын әкелу мәселелеріне араласып жүрген белсенді Берік Әбдіғалиев жерлеу мәселесін арнайы комиссия қарастыратынын, туыстарының кейбірі Астанадағы пантеонға жерлесе, екіншілері батырдың аруағына арналып Торғай жерінде салынған бос кесенеге қойса деп, екіойлы болып тұрғандарын бұған дейін айтқан еді.

ВИДЕО: Кейкінің басын күткен жұрт

Кейкінің басын күткен жұрт
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:36 0:00

Биыл тамызда сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімов Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведевпен кездесуінде 19-ғасырдағы қазақ билеушісі Кенесары хан мен Кейкі батырдың бас сүйектерін қайтаруды сұраған.

Оқи отырыңыз: Кунсткамера ғалымдары Кенесарының басы жоқ екенін айтады

Бұдан кейін Санкт-Петербургтегі Петр атындағы этнография және антропология музейі немесе Кунсткамера өкілдері Азаттықтың Орыс редакциясына Кейкі батырдың басын қайтаруға болатынын айтқан еді. Мамандар «Кенесары ханның басы Кунсткамерада жоқ және оның осы мұражайда сақталғаны туралы сөз аңыз ғана» деген болатын.

Мақаланы әзірлеуге Асылхан Мамашұлы қатысты.

  • 16x9 Image

    Рахат МАМЫРБЕК

    Рахат 2010 жылдан бері Азаттықтың Алматы бюросында редактор және жүргізуші болып қызмет атқарып келеді. ҚазҰПУ-ді саясаттанушы мамандығы бойынша бітірген. "Қазақстан", "31-арна", КТК және "Алматы" телеарналарында жүргізуші, редактор болып тәжірибе жинаған. Жергілікті телеаудиторияға кең танылған "Күлтөбе" телехабарының авторы әрі модераторы болған.

XS
SM
MD
LG