Accessibility links

Боқаев пен Аянның соты басталды


Боқаев пен Аянның соты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:50 0:00

ВИДЕО: Макс Боқаев пен Талғат Аянның соты.

Атыраудағы қылмыстық істер бойынша 2-сотта азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның үстінен қозғалған "әлеуметтік араздық тудыру" ісі бойынша соттың алдын ала тыңдауы басталды.

Сотқа облыс тұрғындары мен өзге аймақтардан келген құқық қорғаушылар да қатысты. Сот мәжілісінің шағын залына жұрттың біразы сыймай қалды. Олардың арасында Атырау облысының алыс аудандарынан келген адамдар да болды. Солардың бірі зейнеткер Шынар Омарова қызымен бірге Атыраудан 300 километр жердегі Құлсары қаласынан белсенділерді қолдауға келген.

Боқаев пен Аянның соты
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:15 0:00
Жүктеп алу

– 24 сәуірде болған «шетелдіктерге жерімізді сатуға болмайды» деген митинг бейбіт түрде өте мәдениетті өтті деп санаймын. Біз сотты болған Макс пен Талғатты танымаймыз, өз жүрек қалауымызбен келдік. Олар бізді митингіге шақырған жоқ, өзіміз бардық. Біз өзіміздің жерімізде ұрпағымызды емін-еркін тәрбиелеп жүргіміз келеді. Соттан әділдік сұраймыз, – дейді ол.

Сотқа судья Гүлнәр Дәулешова төрағалық етіп отыр. Бақылау күшейтілген сот ғимаратына келген БАҚ өкілдеріне залдан фото және бейне жазба түсіруіне бес минутқа ғана рұқсат беріліп, одан соң бөлек бөлмеге шығарып жіберді.

Судья Гүлнәр Дәулешова. Атырау, 12 қазан 2016 жыл.
Судья Гүлнәр Дәулешова. Атырау, 12 қазан 2016 жыл.

Сот басталғанда Боқаев пен Аянның адвокаты Төлепқали Аянов судья Гүлнәр Дәулешованы істен шеттету туралы өтініш жасады. Төлепқали Аянов сот тергеуінің айыптау актісі 30 қыркүйекте дайын болғанымен, 3 қазанда жарияланғанын, ал іс материалдары 73 томнан тұратындықтан осы аралықта соттың онымен танысып шығуы мүмкін болмағанын айтты.

- Судья айыптау актісі шыққан соң оны бірден реестрге енгізуі тиіс еді, бірақ оны уақытында енгізбеген. Бұл сот ісін фальсификациялау деп саналатындықтан судьяны істен шеттетуді сұраймын, - деді адвокат.

Бұдан соң судья өтінішке қатысты шешім қабылдау үшін бес минуттық үзіліс жариялады. Үзілістен соң сотқа өзін Дүйсебалиева деп таныстырған судья келіп, адвокаттың өтініші қанағаттандырылмайтынын айтып, сот залынан шығып кетті. Осы кезде Макс Боқаев "Ешнәрсе естілген жоқ, судья дұрыс оқымады" деп наразылығын білдірді.

Бұл оқиғаға Макс Боқаевтың қорғаушысы Жанар Балғабаева да наразы болды.

– Судья сот залына жүгіріп кіріп, түсініксіз әлденені оқи бастады. Өзін таныстырмастан, тараптардың пікірін тыңдамастан қаулыны оқып шықты. Бұл осылай жасамау керектігі туралы үлгі болса керек. Біз соттардың өкілеттілігі туралы мәселе көтереміз, – деді ол.

Бұл судья ақырын сөйлегендіктен не айтқаны сот барысын өзге бөлмеде монитор арқылы бақылап отырған журналистерге дұрыс естілмеді. Бұдан соң сотта үзіліс жарияланды.

Атыраудағы қылмыстық істер бойынша 2-сот.
Атыраудағы қылмыстық істер бойынша 2-сот.

Макс Боқаев пен Талғат Аян 24 сәуір күні Атырау қаласында жер реформасына қарсылық ретінде өткен жаппай митингтен соң қамауға алынған. Макс Боқаев пен Талғат Аянға бірқатар қылмыстық баптар (соның ішінде "алауыздық тудыру", "заңсыз митинг ұйымдастыру") бойынша айыптары тағылған. Азаматтық белсенділер бұл айыптардың ешқайсысын мойындаған жоқ. Қамаудағы Макс Боқаевтың туыстары оның денсаулығына алаңдайды.

10 қазанда Human Rights Watch халықаралық ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша өкілі "Макс Боқаев пен Талғат Аян қарсылық білдіру құқығын пайдаланғаны үшін де, өзгелерді қарсылық білдіруге шақырғаны үшін де қамалмауы тиіс. Үкімет саясатына қарсылығын білдіру - қылмыс емес" деп мәлімдеген.

Азаттық тілшісі Сәния Тойкеннің хабары негізінде жазылды.

XS
SM
MD
LG