Алматының Медеу аудандық соты тәуелсіз журналист, "Трибуна. Саяси қалам" газеті бас редакторының міндетін атқарушы Жанболат Мамайды қамау мерзімін 10 шілдеге дейін ұзартты.
Осы іс бойынша өткен сотқа адвокат Жанар Балғабаева, Жанболат Мамайдың сот басталғанша ешқайда кетпейтініне кепілдік берушілер Əміржан Қосанов, Маржан Аспандиярова, Розлана Таукина мен Рысбек Сəрсенбай қатыстырылды. Жанболат Мамайға қолдау көрсетуге келген белсенділер мен БАҚ өкілдерін сотқа кіргізген жоқ. Белсенділер сот залына таяу тұстағы терезе маңында "Жанболатқа бостандық" деген ұранмен шағын акция өткізді. Сот шешімі сот отырысы аяқталғаннан кейін бірнеше сағаттан кейін ғана жарияланды.
Оппозициялық "Трибуна. Саяси қалам" газетінің редакторы міндетін атқарушы Жанболат Мамай 2017 жылы 10 ақпанда сот шешімімен екі айға қамалған. Тергеу тарабы "2009 жылдан бері Еуропада жүрген бұрынғы банкир және оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов БТА банкінен ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін Мамай басқаратын "Трибуна. Саяси қалам" газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған" деп күдіктенеді. Журналист бұл айыпты мойындамайды. Ал Мұхтар Әблязов бұл айыптауды "абсурд" деп атап, Мамаймен ешқашан кездеспегенін мәлімдеген.
Сот бұған дейін 27 сәуірде Мамайды қамау мерзімін 10 маусымға дейін ұзартқан. Таяуда сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюросының тергеу тобы тергеу амалдарының аяқталмағанына байланысты Жанболат Мамайды қамау уақытын тағы да ұзарту туралы сотқа өтініш берген.
Жанболат Мамай абақтыда өзін соққыға жыққаны туралы хабарлаған соң оны қорғау комитеті құрылған.
КӨРІҢІЗ: Мамайға шыққан үкім жайлы AzatNEWS хабарында