Грузияның бұрынғы прездиенті, Одесса облысының бұрынғы губернаторы, таяуда ғана Украина азаматтығынан айырылған Михаил Саакашвили Украинаға қайта оралу ниеті барын мәлімдеді. 1 тамызда Киевте оппозициялық "Жаңа күштердің қозғалысы" партиясы ұйымдастырған баспасөз конференциясында АҚШ-тан бейне байланыс арқылы сөйлеген Саакашвили шілдеде Украина президенті Петр Порошенконың өзін азаматтықтан айырғанын "заңсыз әрі Украинадағы демократияны қорлайды" деп атады.
Саакашвили Порошенко мен Украина билігін өзінің Украинаға қайтып барып, сотта азаматтықтан заңсыз айырылғанын дәлелдеуге мүмкіндік беруге шақырды. "Бұл әрекеттің мақсаты біреу ғана - ол маңызды ойыншыны Украинаның саяси сахнасынан жою" деді Саакашвили. Оның пікірінше, бұл қадам "Украинаны қазіргі жауы - Путин басқаратын Ресеймен күресте әлсіретті".
Саакашвили сонымен қатар бұрын достық байланыста болған Порошенконы қатаң сынады. Саакашвилиге Украина азаматтығын Порошенконың өзі беріп, оны Одесса облысының губернаторы етіп тағайындаған еді. "Порошенконың әрекеті Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы - қорқақ екенін айғақтайды" деді Саакашвили.