Татарстанда татар тілі барлық мектептерде оқытуға міндетті тіл болып қала береді, бірақ ол бұрынғы аптасына алты сағаттың орнына енді екі сағаттан оқытылады. Бұл туралы Татарстан президенті Рустам Минниханов мәлімдеді. Оның сөзінше, жаңа ережемен федералдық билік келіскен.
Татар тілін оқу тек бірінші сыныптан тоғызыншы сыныпқа дейінгі оқушыларға міндетті болады. Жоғары сыныптарда ол факультативті пән ретінде оқытылады.
Татарстан конституциясы бойынша, орыс тілі мен татар мемлекеттік тіл саналады. Олар мектептерде міндетті және теңдей түрде оқытылуы тиіс. Федералдық заңдар бойынша, татар тілі ерікті түрде үйретілуі тиіс.
Тамыздың соңында Ресей президенті Владимир Путин аймақтарда ресейліктердің құқықтары қалай сақталып отырғанын тексеруді тапсырған. Прокуратура республикаларда ұлттық тілдерді азаматтардың қалауы бойынша ғана оқытуға болады деп ұйғарған. Бұған дейін орыс тілді балалардың ата-аналары татар тілі орыс тілінен гөрі көбірек оқытылатынына шағымданған. Тіпті оқушылардың бірінің анасы Татарстан басшылығын сотқа беріп, ақшалай өтемақы талап еткен.