Алматы соты азаматтық белсенді, өткен айда "терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру" ісін тергеу аясында ұсталған Алмат Жұмағұловтың өзін қамауға алу туралы аудандық сот шешіміне берген шағымын қанағаттандырудан бас тартты. Белсенді шағымында бұлтартпау шарасын бас еркіндігінен айырудан басқа шараға ауыстыруды және қорғаушы тағайындауды сұраған. Қалалық сот шешімі 14 желтоқсан күні кешке қарай шықты.
Алмат Жұмағұловтың адвокаты Жанар Балғабаева Азаттыққа сот күдікті "еркіндікте жүріп, тергеу мен соттан жасырынуы немесе тергеуге кедергі келтіруі мүмкін" деген себеппен шағымды қанағаттандырмағанын айтты. Адвокаттың сөзінше, сот сонымен қатар белсендінің әйелін оған қорғаушы қылып тағайындаудан да бас тартты.
Алмалы аудандық соты 28 қарашада Алмат Жұмағұловты екі айға қамау туралы шешім шығарған. Келесі күні Жұмағұлов тергеу абақтысында қылмыстық қудалау органының іс-әрекетіне қарсылық ретінде аштық жариялаған. Адвокат белсенді аштығын әлі ұстап отырғанын айтады.
Белсенді Алмат Жұмағұловқа Қылмыстық кодекстің 256-бабының 2-бөлімі, яғни, терроризмді насихаттау және террорлық актіге жария түрде шақыру бабы бойынша айып тағылып отыр. Күдікті өзін кінәсіз екенін айтып, айыпты өзінің қоғамдық-саяси белсенділігімен байланыстырады. Құқық қорғаушылар Жұмағұлов қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының бағдарламасын қолдағандықтан қамалып отыр деп санайды.
Алматы қалалық ішкі істер департаменті (ІІД) қарашаның соңында "қоғамдық тәртіпті бұзатын" акция ұйымдастырмақ болды деген күдікті топтың ұсталғанын мәлімдеген. ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек "Терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру" бабы бойынша тергеу басталғанын хабарлаған.