"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы төрт күн ереуілдеген кеншілерді қылмыстық және әкімшілік жауапқа тартпайтынын мәлімдеді. Компания мәліметінше, жалақысын екі есеге көбейтуді талап етіп, наразылық танытқан барлық кенші сот "ереуілді тоқтату туралы" ұйғарым шығарған соң 15 желтоқсанға қараған түні шахтадан шыққан.
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы рұқсат берілмеген ереуілге шыққан көмір департаментінің қызметкерлерін қылмыстық жауапқа және жұмыстан шығару түріндегі әкімшілік жауапқа тартпайтын болды. Шахта кеншілерінің үстінен берілген талап-арыз таяу уақытта - 15 желтоқсанда қайтарылып алынады" деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Бұған дейін Қарағанды облыстық әкімдігі ресми сайтында шахтадан шыққан кеншілерге "заңсыз ереуілге қатысқаны үшін қылмыстық қудалауға ұшырамайтынына кепілдік берілетінін"хабарлаған.
Дегенмен, "АрселорМиттал Теміртау" Қарағанды облыстық әкімдігі таратқан "жұмыс беруші кеншілердің жалақысын 30 пайызға көбейтуді ұсынды" деген ақпаратқа қатысты әзірге комментарий бермеді.
Облыс әкімдігі 15 желтоқсан күні таңертең "Жұмыс беруші кеншілерге мынадай ұсыныс жасады: компания шахтада жұмыс істейтін барлық кеншінің жалақысын 30 пайызға көбейтеді, көмір кәсіпорнында шахта сыртында жұмыс істейтіндердің жалақысын қанша пайызға өсіруді алдағы келіссөзде Келісім комиссиясы анықтайды. Көмір департаментінің барлық жұмысшысына бір айлық жалақы көлемінде бір реттік сыйақы төленеді" деп хабарлаған болатын.
ОҚЫҢЫЗ: АМТ кенші ереуілін "заңсыз" деп тануды сұрады
Компания шахтадан шыққан кеншілер бүгін тынығып, жұмысқа ертең кірісетінін айтады.
Кеншілер 11 желтоқсаннан бастап төрт күн бойы шахтадан шығудан бас тартып, ереуіл өткізген. Олар басшылықтан жалақыларын екі есе өсіруді, зейнетақыға 50 жаста шығаруды, сырқат кездерінде өтемақыны толық төлеуді, еңбек жағдайын жақсартуды және жеңілдіктер жасауды талап етеді.