Қаңтардың 19-ы күні Астана қаласындағы "Турист" қонақ үйінде "Жер жеке меншікке сатылмасын, шетелдіктерге жалға берілмесін" деген атпен дөңгелек үстел өтті. Оған бір топ қоғам белсенділері, мәжіліс депутаттары, министрліктер өкілдері мен журналистер қатысты.
Жиын барысында экономист Мұхтар Тайжан мен азаматтық белсенді Айдын Егеубаев арасындағы ашық пікір талас өтіп, жер кодексіне енгізілген өзгерістер талқыланды.
Мұхтар Тайжан өзінің бұған дейін айтып келе жатқан "жер туралы заңға мораторий енгізудің дұрыстығы" мен "ел арасында таралып кеткен "қытай агрессиясы" туралы пікірлердің орынсыздығы" туралы көзқарасынан айныған жоқ.
Көре отырыңыз: Мұхтар Тайжан: "жер кадастрын ашық ету маңызды"
Оған қарсы пікір білдірген Айдын Егеубаев пен оның жақтастары экономистің бұл пікірін мүлде құптамады. Олардың айтуынша, "мораторий деген ұғымды мүлде ұмыту керек және жер сатылмауы, шетелдіктерге берілмеуі тиіс әрі оны талқылаудың қажеттілігі жоқ".
Жиынға келген өзге қатысушылар ел назарын аударып отырған жер мәселесінің ашық пікір таласқа тақырып болуы орынды деген ой айтты.
Оқи отырыңыз: Қоғамда дау туғызған заңдар
Желтоқсанның 28-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" кодекске де қол қойды.
2016 жылы елдегі жер туралы наразылық акцияларына негіз болған заң жобасына кейбір белсенділердің көңілі толмады. Олардың пікірінше, заңды қабылдар кезде дау тудырған ең негізгі нәрселер: ауыл шаруашылық жерлерін сату және жалға беруге қатысты баптар заңда бұлыңғыр жазылған.
Оқи отырыңыз: Егеубаевқа қозғалған екінші іс тоқтатылды
Ауыл шаруашылығы министрлігі таныстырған жобада шекара сызығында орналасқан жерлердің ешкімге берілмейтіні көрсетілген.
Қазақстанның жер туралы заңына 2015 жылы күзде ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен енгізілген өзгерістер 2016 жылы көктемде Қазақстан қоғамында резонанс тудырған "жер митингілеріне" түрткі болған еді. Алғашқы "жер митингісі" 2016 жылы сәуірдің 24-і күні Атыраудағы Исатай-Махамбет алаңында өтті. Акцияға қатысушылар заңдағы шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жерін жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзарту және құрамында шетелдіктер бар серіктестіктерге сату туралы баптарға қарсылық білдіріп Назарбаевқа үндеу жолдаған. Бұдан соң бірнеше қалада "жер дауына" қатысты наразылық акциялары өтті. Осыдан кейін президент Назарбаев әлгі заңның даулы баптарына бес жылға мораторий жариялап, заңды талқылау үшін қоғамдық жер комиссиясын құрған.