Accessibility links

Мораторий жарияланған баптар өзгеріссіз қалды


Үкіметтің жер реформасына қарсылық шеруінде тұрған азаматтар. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл
Үкіметтің жер реформасына қарсылық шеруінде тұрған азаматтар. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл

Ақпанның 21-інде Қазақстан парламентінің мәжілісі "Жер туралы" заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Екі жыл бұрынғы әлеуметтік толқудан кейін мораторий салынған "шетелдіктерге жер беру туралы" баптар өзгеріссіз қалды. Үкімет өкілдері мен депутаттар бұл мәселенің әлі талқыланатынын айтады.

Сәрсенбіде өткен мәжіліс отырысында жер реформасын көздейтін заң жобасының қорытындысын оқыған депутат Берік Оспанов пен ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдеріне ешкім сұрақ қоймады. Сөйтіп елдің "Кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы екінші оқылымда мақұлданып кетті.

Заңнамаға 400-ден астам өзгеріс енгізетін жоба негізінен Қазақстан азаматтарына ауылшаруашылық жерлерді жалға беру тәртібін реттейді. Жоба жерді түгендеу, топырақ зерттеу, жайылымдық жер жағдайын анықтау, елді мекендердің шекарасын сызу мен мемлекет қажетіне жерді қайтарып алу жұмысын да қарастырады.

Көшкентал ауылы жанында жер жыртып жүрген техника. Ақсу ауданы, Алматы облысы, 8 мамыр 2016 жыл
Көшкентал ауылы жанында жер жыртып жүрген техника. Ақсу ауданы, Алматы облысы, 8 мамыр 2016 жыл

Заң авторларының айтуынша, жерді жалға беру конкурстарын өткізетін жер комиссиясының құрамына мемлекеттік органдардың өкілдерінен бөлек, үкіметтік емес ұйым өкілдері де кірмек. Сонымен қоса, жекелеген адамдар мен тұлғаларға жалға берілетін жер мөлшері шектелген. Жоба бойынша "шекараға жақын" аймақтардағы жер шетелдіктерге, шетелдік үлесі бар компаниялар мен шетелдік азаматпен некелескен Қазақстан тұрғындарына жалға берілмейді. Бірақ бұл баптың шекарадан алыс аумақтарға қатысы жоқ.

МОРАТОРИЙ БІТКЕН СОҢ НЕ БОЛАДЫ?

Мәжілістің аграрлық комитетінің төрағасы, депутат Берік Оспановтың айтуынша, "шетелдіктерге жер беруге тыйым салатын" бес жылдық мораторий мерзімі беткенге дейін жерге қатысты заң тағы өзгермек.

Парламент мәжілісінің депутаты Берік Оспанов. Астана, 21 ақпан 2018 жыл
Парламент мәжілісінің депутаты Берік Оспанов. Астана, 21 ақпан 2018 жыл

- Елбасының (президент Назарбаевтың – ред.) тапсырмасы мен үкімет жоспарына сәйкес ауыл шаруашылық министрлігі және үкімет тарапынан комиссия құрылып, олар осы заң жобасын әрі қарай жетілдірудің, нақтылаудың жұмысын бастап кетті. Ол жұмыс тобы 2019 жылы жұмысын аяқтау керек деп мәлімделген болатын. Жер мәселесіне нүкте қою үшін жұмыс атқарылып келе жатыр, - деді Берік Оспанов.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев депутат сөзін жоққа шығарған жоқ. Ол "шешім қабылдарда қоғам пікірі ескеріледі" дейді.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев

- Мораторий біткенше [жерді шетелдіктерге беру мәселесіне байланысты] қоғаммен бірлесе отырып шешім қабылданады. Қалай түсінбейсіздер?! Оған дейін елдегі ауылшаруашылық жерлер өлшеніп, шекара сызықтарын айқындау жұмыстары, мониторинг өткізіледі, - деді Ерлан Нысанбаев.

Ауыл шаруашылығы вице-министрінің сөзінше, мораторий Жер кодексінің "жерді меншікке сатуға, шетелдіктерге жер беруге" қатысты 24, 27, 34, 97, 101-баптары мен жекелеген нормаларына тоқтау салады.

НАРАЗЫЛЫҚ НЕДЕН ТУЫП ЕДІ?

2016 жылғы көктемде басталған жаппай халық наразылығынан кейін мамырдың 6-ында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы баптарға мораторий жариялаған.

Президент жарлығы бойынша құрылған Жер мәселесі жөніндегі комиссия ұсынысымен тыйым тағы бес жылға, 2021 жылғы желтоқсанның 31-не дейін созылған еді.

Азаматтық белсенді Макс Боқаев "жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы" митингте сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл
Азаматтық белсенді Макс Боқаев "жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы" митингте сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл

2016 жылы Парламент сенаты "шетелдіктермен бірлескен отандық компанияларға ауыл шаруашылық мақсатта жерлерді жалға беру мүмкіндігін 10 жылдан 25 жылға ұзарту" баптары бар Жер кодексіне өзгерістерді қарап жатқанда сәуірдің 24-інде Атыраудағы жұрт бұған қарсылық білдірген. Наразылар жерді ешкімге сатпауды, "шетелдіктерге бермеуді" талап еткен. Осыдан кейін Семей, Ақтөбеде, Алматы және тағы басқа қалаларда жүздеген адам қатысқан митингілер өткен.

Қарай отырыңыз: 2016 жылғы жер дауы

Жаңаөзен мен Қызылорда сияқты қалаларда полиция наразыларға жиын өткізуге кедергі келтіріп, таратып жіберген. Жер-жерде жиынға қатысқандар мен наразылық білдіруге шақырғандар айыппұлмен жазаланып, біразы 10-15 тәулікке қамалған.

Ең алғашқы жер митингісінде көзге түскен атыраулық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян "әлеуметтік араздық тудырды" деген айыппен бес жылға сотталған.

Оқи отырыңыз: Қазақтар не үшін шеруге шықты?

Билік наразылық тудырған жер реформасын елдегі ауыл шаруашылық жерлердің "тиімділігін арттырып", "инвесторларды тарту" мақсатында жасағанын мәлімдеген.

Мамырдың 14-інде сол кездегі Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев 75 мүшесі бар жер комиссиясының отырыстарын өткізе бастаған. Комиссия 2016 жылдың тамызында 10 пункті бар қорытынды жариялаған. Комиссия шешімін ескергенін айтқан Ауыл шаруашылығы министрлігі былтыр қарашада жер реформасын жалғастыру үшін осы заң жобасын ұсынған еді.

XS
SM
MD
LG