Ресейде президент сайлауына дауыс беру аяқталды. Мәскеу уақытымен сағат 21:00-де елдің ең батысындағы Калининград облысында сайлау учаскелері жабылды.
Кремьге жақын ВЦИОМ мәліметінше, сайлаушылардың 73 пайыздан астамы Владимир Путинге қолдау білдірген. Одан кейінгі орындарда Павел Грудинин (11,2 пайыз), Владимир Жириновский (6,7 пайыз), Ксения Собчак (2,5 пайыз) тұр.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, президент сайлауына дауыс беруге сайлаушылардың шамамен 60 пайызы қатысқан. Оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды жақтайтын бақылаушылар шынайы көрсеткіш бұдан төмен – 55 пайыз дейді. Ресми дерек бойынша, өткен 2012 жылы президентті сайлауға дауыс беру құқығына ие ресейліктердің 65 пайызы қатысқан.
Жексенбі күні сайлау учаскелеріндегі жағдайды бақылаған белсенділер дауыс беретін жерге сайлаушыларды ұйымдастырған түрде жаппай әкелу, сайлау жәшіктеріне бюллетеньдерді топтап тастау тәрізді заң ережесін бұзу жайттарын тіркеген. Сонымен бірге бақылаушыларға күш қолданылған бірнеше оқиға туралы хабарланған.
Орталық сайлау комиссиясы дауыс беру барысында елеулі бұрмалаушылықтар тіркелмеген деп хабарлаған. Путиннің сайлауы штабы кемшіліктер туралы "бірен-саран" арыз-өтініш болғанын айтқан.
2018 жылғы Ресей президенті сайлауына қазір осы қызметте отырған Владимир Путинмен бірге Сергей Бабурин ("Российский общенародный союз" партиясынан), Павел Грудинин (Ресей Федерациясы коммунистік партиясынан), Владимир Жириновский (Ресей либерал-демократиялық партиясынан), Ксения Собчак ("Гражданская инициатива" партиясынан), Максим Сурайкин ("Коммунисты России" партиясынан), Борис Титов ("Партия роста" саяси ұйымынан) және Григорий Явлинский ("Яблоко" партиясынан) түскен.