Accessibility links

Текебаевтың ісі мен қызметінен кеткен судьялар


Қырғыздың оппозициялық "Ата Мекен" партиясының жетекшісі Омурбек Текебаевтың ісі бойынша сот процесінен түсірілген суреттер
Қырғыздың оппозициялық "Ата Мекен" партиясының жетекшісі Омурбек Текебаевтың ісі бойынша сот процесінен түсірілген суреттер

Сарапшылар Қырғызстан қоғамында резонанс тудырған сот процестері жаңадан ашылған жайттарға байланысты қайта қаралуы мүмкін деп болжайды.

Қырғызстандық бір топ саяси және қоғам қайраткері "Ата Мекен" партиясының жетекшісі, оппозициялық саясаткер Омурбек Текебаевтың денсаулық жағдайы мен оның ісі қаралған сот процесі кезіндегі заң бұзушылықтарға назар аударуды сұрап ел президенті Сооронбай Жээнбеков пен өзге де тұлғалардың атына өтініш жолдады.

Бұдан сәл бұрын азаматтық қоғам өкілдері құрастырған "қара тізімдегі" судьялар қатарына енгізілген Гульчехра Оморова Бішкек қаласы Октябрь аудандық судьясы өкілеттігінен мерзімінен ерте айырылған болатын.

"ТЕКЕБАЕВ КЛАНДЫҚ БАСҚАРУҒА ҚАРСЫ ШЫҚҚАН"

Абдыганы Эркебаев, Темір Сариев және Феликс Кулов бастаған қырғызстандық бір топ саяси және қоғам қайраткері "Ата Мекен" партиясының қамаудағы жетекшісі Омурбек Текебаевтың денсаулық жағдайына байланысты президент Сооронбай Жээнбеков, премьер-министр Сапар Исаков, Жогорку Кеңеш спикері Дастан Жұмабеков, парламенттегі фракция жетекшілері, комитет басшылары, мемлекеттік жазаны атқару қызметі мен омбудсменге жүгінді.

Хатта қамауға алынғанға дейін де денсаулығында кінәрат болған әрі арнайы медициналық тексеруден өтіп жүрген Текебаевтың денсаулығына алаңдауға негіз бар деп жазылған.

№47 түзеу колониясы басшылығы тұтқын Омурбек Текебаевқа сапалы медициналық қызмет көрсетуге жағдай жасамағаны, ал кейінгі екі апта бойы оны таза ауада серуендеуге шығармай қойғаны туралы жазған хат авторлары билік орындарынан аталған колониядағы заң бұзушылықтарды анықтап, жою мақсатында комиссия құруды сұраған.

Бұрынғы премьер-министр Темір Сариев Азаттықтың Қырғыз қызметіне "сот процестері кезінде заң нормалары бұзылған оқиғаларға назар аудару" қажет деп мәлімдеді.

Темір Сариев
Темір Сариев

- Қазір Текебаевтың денсаулығы алаңдатып отыр. Екіншіден, сот процесі кезінде, әрине, кемшіліктер болып, заң бұзылған. Бұған да назар аудару керек. 2010 жылғы сәуірдің 7-і күнгі оқиғаларға, жалпы авторитарлы билікпен, отбасылық-кландық басқару жүйесімен күреске ең көп үлесті оппозицияның сол кездегі жетекшілерінің бірі болған Омурбек Текебаев қосқан. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды, - дейді Сариев.

Бұған дейін саясаткердің жұбайы Айгүл Текебаева Азаттыққа түрмедегі жұбайының денсаулығына алаңдайтыны тураы айтқан.

- Онымен бір жарым айда бір рет қана жолығуға рұқсат береді. Соңғы рет барғанымда жағдайы онша емес болатын. Қазір де жақсы емес, - дейді ол.

Оппозициялық "Ата Мекен" партиясы лидері Омурбек Текебаев пен Қырғызстанның Оңтүстік Кореядағы экс-елшісі Дүйшенкул Чотонов "Мегаком" компаниясы акцияларын сатып алуға көмектескені үшін 2010 жылы Ресей азаматы Леонид Малевскийден бір миллион доллар алған" деген күдікпен өткен жылы ақпанда ұсталған. Екеуінің ісін қараған сот әрқайсысын сегіз жылға бас еркіндігінен айырып, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге және дүние-мүлкін тәркілеуге үкім еткен. Сотталғандар мұны өздерінің оппозициялық қызметі үшін "саяси қудалау"деп санайтыны туралы мәлімдеген.

Қырғызстанның мемлекеттік жазаны атқару қызметі тұтқын Омурбек Текебаевтың жағдайын дәрігерлер бақылауында ұстап отыр деп мәлімдеп келеді.

Бұған дейін Қырғызстан Жоғарғы соты Бішкек қалалық сотының оппозициялық саясаткерлер Омурбек Текебаев пен Аида Салянованың адвокаты Чинара Жақыпбековаға қатысты шығарған жеке сипаттағы екі ұйғарымының күшін жойған. Судья шығарған жеке сипаттағы ұйғарымдар адвокатты кәсіби қызметімен айналысу лицензиясынан айыруы мүмкін.

Іле-шала президент Сооронбай Жээнбеков бас прокурордың бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевтың ар-намысы мен абыройын қорғау жөніндегі талап-арызын қараған Октябрь аудандық соты судьясы Гульчехра Оморованың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлыққа қойған.

Мемлекет басшысы аппаратының ақпараттық саясат бөлімі өкілдерінің түсіндіруінше, бұл жарлық судьялар кеңесі жанындағы тәртіптік комиссияның Оморованы мерзімінен бұрын босату түріндегі жаза қолдану туралы ұсынысы негізінде шыққан.

Судьялар кеңесі неліктен мұндай ұсыныс жасағанын жариялаған жоқ. Жұмыстан босату себептері де ресми түрде хабарланбады. Кей ақпарат құралдары бұған Гульчехра Оморованың өзге сот процесі кезінде айыптаушы тарап өкілі – прокурормен өз кабинетінде бір сағаттай сөйлесіп, ал кейін айыптаушы тараптың пайдасына шешім шығарғаны себеп болуы мүмкін деп хабарлаған. Бұған қоса, судья Оморова - Жогорку Кеңеш депутаты Дастан Бекешевтің азаматтық белсенді Мавлян Асқарбековке қатысты талап-арызын қарап, 2016 жылғы қаңтарда айыптау үкімін шығарған судья екені мәлім.

Азаттық тілшілерінің Гульчехра Оморованың өзінен комментарий алмақ болған талпынысы нәтиже бермеді.

Бұған дейін адвокаттар мен азаматтық белсенділер "коррупциялық былыққа батқан, сот әділеттілігін сақтаймайды және заңсыз шешім шығармайды" деп күдік келтірген судьялардың "қара тізімін" түзген болатын. Әлгі тізімге судья Гульчехра Оморова да іліккен.

Тізімді түзгендер ондағы 23 судьяны қызметінен босатуды президент Жээнбековтен талап еткен. Қоғам өкілдері тарапынан дәл әлгіндей сынға қалған Бішкек қаласы Первомай аудандық сотының судьясы Мидин Жолдошалиев өткен айда өз еркімен қызметінен кеткен болатын.

"ЖҮЙЕНІҢ АТЫ ЖҮЙЕ..."

Азаттық Конституциялық палатаның бұрынғы судьясы Клара Сооронкулованың бұрынғы әріптестерінің жұмыстан босатуға қатысты пікірін сұрады.

Клара Сооронкулова
Клара Сооронкулова

- Гульчехра Оморова – судьялар "династиясынан" шыққан, анасы Бішкектің Ленин аудандық сотының төрайымы болған. Ол кісі қызметінен кеткенде өз орнына қызын орналастырып кеткен. Қызының атына да көптеген наразы сөздер айтылған. Қазір бұл орган (судьялар кеңесі – ред.) саяси органға айналып кетті. Егер құрамының үштен бірін президент, үштен бірін парламент тағайындаса, олар өздігінен қалай жұмыс істейді? Меніңше, жоғарыдан бәрібір нұсқаулар түседі. Оморова да сондай нұсқаумен босатылды. Бір жағынан, соттар тазара бастады деген үміт оянды, өйткені президент бірнеше судьяны мұның алдында да тағайындаудан бас тартқан. Бірақ, екінші жағынан, жүйенің аты жүйе, сондықтан олар өз адамдары үшін орын босатып жатқан жоқ па деген ой келеді, - дейді Клара Сооронкулова.

Осы жайттардан кейін қоғамда шуға ұласқан істер мен саяси реңкі бар қылмыстық істер қайтадан қаралуы мүмкін деген әңгімелер айтыла бастады. Саясаткер Темір Сариев бұрындары аяқталған шулы процестер қайта қаралуы тиіс деп санайды.

- Арнайы комиссия құрып, саяси реңкі бар істерді, әсіресе саясаткерлер, журналистер, құқық қорғаушылар мен қоғам қайраткерлерінің қоғам бақылап отырған істерін құқық қорғау органдары, бас прокуратура тағы бір рет дұрыстап тексерсе, жақсы болар еді. Сол кезде халықтың сенімі де артар еді, - дейді ол.

Бұған дейін Қырғызстан қауіпсіздік кеңесі жиынында президент Сооронбай Жээнбеков заңды өрескел бұзуға жол берген судьялар міндетті түрде жауапқа тартылуы тиіс деп мәлімдеген.

Бірер күн бұрын Жогорку Кеңеш депутаты Жанар Ақаев түзеу колониясында отырған "Ата Мекен" партиясының жетекшісі Омурбек Текебаевпен жолыққанын, тұтқынның денсаулық жағдайы нашарлап кетуіне байланысты емделуге мүмкіндік жасау туралы айтқан өтінішін орындауға Мемлекеттік жазаны атқару қызметі келіспей отыр деп мәлімдеген. Бірақ, оның сөзінше, жаңадан ашылған жайттарға байланысты қоғамда шу болған істерді қайта қарау президенттің ерік-жігеріне байланысты.

Жанар Ақаев
Жанар Ақаев

- Меніңше, жаңадан ашылған жайттар бойынша қайта қарау үшін материалдар жетіп-артылады. Бұл судьялар үшін де жақсы сабақ болар еді. Енді бәрі президенттің ерік-жігеріне байланысты болмақ. Ол кісі бұл қадамға бара ма, жоқ па – белгісіз, күтуіміз керек. Ал қазір судьяларға қысым көрсетіп, қорқытатын "Ақ үйдегі" кей шенеуніктердің есімдері аталып жатыр. Судьялар әуелі құдайдан, сосын әлгі екі-үш адамнан қорқады. Меніңше, президент әлгі тұлғалар қызметіне лайықты ма, жоқ па деген мәселені де қарауы тиіс, - дейді ол.

Бұған дейін Қырғызстан Жоғарғы сотының судьясы қызметіне 46 адам өтініш бергені хабарланған. Олардың ішінде азаматтық қоғам өкілдері құрған "қара тізімге" іліккендер де бар. Наурыздың 1-і күні судьялар кеңесі алты кандидаттың аты-жөнін президентке жолдаған.

Мемлекет басшысы қарағаннан кейін әлгі тізім Жогорку Кеңештің бекітуіне ұсынылады. Бірақ президенттің қашан шешім шығаратыны әзірше белгісіз.

(Азаттықтың Қырғыз қызметі тілшісі Қанымгүл Элкееваның мақаласынан аударылды.)

XS
SM
MD
LG