Accessibility links

АҚШ Сириядағы химиялық қару жайлы хабарға алаңдаушылық танытты


АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Хизер Нойерт
АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Хизер Нойерт

АҚШ Сирияда үкімет күштері химиялық қару қолданған болуы мүмкін екені жайлы "аса үрейлі" хабарларды мұқият қадағалап отыр және ақпарат расталса, бұл үшін Ресей жауапты болады деп мәлімдеді. АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Хизер Нойерттің сенбі күні таратқан мәлімдемесінде "Асад режимі бұған дейін өз халқына қарсы химиялық қару қолданып келгенін ешкім жоққа шығара алмайды" делінген.

"Асад режимін табандылықпен қолдап отырған Ресей сайып келгенде, сансыз сириялықтарға қарсы химиялық қарумен жасалған қатыгез шабуылдарға жауапкершілікті көтереді... Одақтасы Сирияны қорғаштауымен Ресей Сириядағы химиялық қару жөніндегі жасалған шектелмелі келісімнің кепілі ретінде БҰҰ алдында алған міндеметтесін бұзды", - деп мәлімдеген Нойерт.


Мемлекеттік департамент өкілі "АҚШ Ресейді [Сирия билігін] сөзсіз қолдауды дереу доғарып, химиялық қаруды жабайылықпен қолданудың алдын алу үшін халықаралық қауымдастықпен бірге жұмыс істеуге" шақыратынын айтқан.

Хизер Нойерт бұл мәлімдемесін сириялық көтерілісшілер мен халықаралық жәрдем беруші топтар сәуірдің 7-і күні Дамаскінің түбіндегі Шығыс Ғутаның бір бөлігінде қоршауда қалған адамдарға қарсы "химиялық улы заттардан жасалған бомба тастады" деп Асад режимі күштерін айыптағаннан кейін жасады. Мұндай ақпаратты Сирияның америкалық медицина қоғамы (Syrian American Medical Society - SAMS) мен медициналық жәрдем тобы да растап, "Думадағы ауруханаға түскен хлор бомбасынан алты адам қаза тапты және екінші шабуылда қолданылған жүйкені жансыздандыратын заттар, соның ішінде улы газ басқа ғимаратқа түсті" деп хабарлаған.

АҚШ-та жүрген SAMS вице-президенті Базель Терманинидің Reuters агенттігіне айтуынша, химиялық шабуылдардан кемінде 35 адам мерт болған.

"Біз БҰҰ-мен, АҚШ және Еуропа елдерінің үкіметтерімен байланысып жатырмыз", - деген ол.

Сириядағы "Ақ дулыға" атты азаматтық қорғаныс тобы да химиялық шабуыл жасалғаны туралы мәлімдеген. Reuters бұл алынған ақпаратты тәуелсіз дереккөздер арқылы растау мүмкін болмай отырғанын хабарлаған.

Жексенбі күні Ресей қорғаныс министрлігі Сириядағы Шығыс Ғута аймағында химиялық қару қолданылған деген ақпаратты "үзілді-кесілді жоққа шығаратыны" турады мәлімдеген.

"Бұл ақпаратты үзілді-кесілді жоққа шығарамыз. Мұндай мәлімдемелердің жалғандығына көз жеткізу үшін Дума қаласын азат еткеннен кейін ол жерге айғақ-дерек жинау үшін ресейлік радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс мамандарын дереу жіберуге әзір екенімізді мәлімдейміз", - деген Сириядағы қарсылас тараптарды татуластыру жөніндегі ресейлік орталықтың басшысы генерал-майор Юрий Евтушенко.

XS
SM
MD
LG