Санкт-Петербург маңында Еуразия экономика одағының (ЕАЭО) бас органы – жоғарғы Еуразия экономика кеңесінің отырысы өтті. Оған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты. Ақорда кеңес отырысына қатысушы елдердің басшыларының суретке түсіп жатқан сәтінен және отырысқа қатысқан жерінен сурет пен видео жариялады. Онда аз ақпарат берілген.
"Жиында Еуразия экономика одағы аясындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары мен негізгі міндеттері талқыланды. Сонымен қатар саммит қатысушылары ұйым қызметінің өзекті мәселелері және жекелеген аспектілері жөнінде пікір алмасты" деп жазылған Ақорда хабарламасында.
Ақорданың жазуынша, кеңейтілген құрамдағы отырыста "Еуразия экономика одағының қызметі мен интеграциялық үрдістерді одан әрі дамытудың өзекті мәселелері талқыланған". Бірақ нақты қандай мәселе екені ашып көрсетілмеген. Отырыс соңында басшылар бірқатар құжатқа қол қойған.
Бұған дейін Ресейдің мемлекеттік ақпарат агенттіктері отырыс кезінде Еуразия экономика одағының қызметіне қатысты бірқатар мәселелер талқыланатынын жазған еді. Олардың арасында "газ, мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыру мен бірыңғай қызмет көрсету нарығының жұмысы" мәселесі де көрсетілген. Жоғарғы Еуразия экономика кеңесінің сайтында талқыланатын және қол қойылатын құжаттар да көрсетілген.
Былтыр Қазақстан сауда министрлігі бұл құжаттың ЕАЭО-ға мүше елдердің үшінші елдермен газ саудасына қатысы жоғын, сонымен бірге құжат нормалары ішкі нарықты реттеуге қатысты мәселелерді қамтымайтынын айтқан.
Ресейдің мемлекеттік ақпарат агенттіктері көрсеткен жиында Армения премьер-министрі Никол Пашинянның жиынға видеобайланыспен қосылғаны көрінеді. Жиын барысында Беларусьтың авторитар басшысы Александр Лукашенко кейінгі кездері ҰҚШҰ-ның жиындарына да қатыспай келе жатқан Армения жетекшісі Никол Пашинянның жиынға онлайн қатысуын "сынаған". Видеоны Беларусь жетекшісінің телеграм-арнасы жариялады.
Бір күн бұрын Тоқаев "ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуіне" де қатысқан еді. Ақорда ол жиынның мазмұны төңірегінде де өте жұтаң ақпарат берді.
"Кездесу барысында ТМД аясындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективасы және ұйым қызметінің басым бағыттары талқыланды" деп жазылған хабарламада.
ЕАЭО ұйымына Ресей, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Армения мүше. Өзбекстанда оған бақылаушы ел статусы бар.
Кей сарапшылар "ЕАЭО экономикалық емес, саяси ұйым және негізінен ол Ресейге пайдалы" деген пікір ұстанады. Бұл пікірге келіспейтіндер де бар.
ЕАЭО ұйымының келісіміне сәйкес, жоғарғы Еуразия экономика кеңесі одақтың қызметіне қатысты "принципті мәселелерді қарастырып, стратегиясын анықтайды, одақтың мақсатына қатысты шешімдерді қабылдайды".
Бұған қоса, жоғарғы Еуразия экономика кеңесі ЕАЭО атынан шешімдер қабылдап, халықаралық келісімдер жасау немесе одан шығу бойынша да шешімдер қабылдайды. Аталған кеңес одақтың бюджетін бекітіп, оған мүше мемлекеттер төлеуі тиіс жарна көлемін де анықтайды.
ПІКІРЛЕР